Өңірімізде 1 ақпаннан бері Covid-19-ға қарсы вакцинациялау шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі. Өткен екі тәулік ішінде 777 тұрғын екпе алды. Алғашқы күні егу кабинеттеріне жүгінген 235 адамның басым бөлігі – медицина саласының қызметкерлері. Олардың қатарында полиция өкілдері мен аудан әкімдері де бар. Бұдан кейінгі екпе жұмыстары алдын ала жасалған жоспар бойынша жүргізіледі.
31 қаңтарда өңірімізге ресейлік Sputnik-V вакциналары жеткізілген. Препарат екі компонентті, ол адамға үш апта ішінде екі рет қойылады. Вакцинациялау өңіріміздің 17 емдеу мекемесінде жүргізіліп жатыр. Екпе алған адамдар егу шараларынан кейін 30 минут ішінде физикалық ара-қашықтық талаптарына сәйкес дәрігердің бақылауында болуы керек.
2 ақпанда өңірімізде коронавирустық инфекциясын жұқтырудың 76 фактісі тіркелді. Оның ішінде ауру белгілері бар – 46 және ауру белгілері жоқ 30 науқас есепке алынды. Осы күні Есіл және Айыртау аудандары мен Петропавл қаласы көш бастап тұр. Бүгінде КВИ-мен ауырғандар саны 11109-ға жетті.
ПТР әдісімен зертханалық талдаулар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 66 және профилактикалық мақсатта – 1 және эпидқадағалау шеңберінде 9 азаматтан алынды. Бүгінде облыста ПТР зерттеулер жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Пандемия кезеңінен бастап облыс бойынша КВИ-ға – 249903 зерттеу жасалды.