Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің «Парасат жолы» бірлескен жобасы салтанатты түрде таныстырылды. Бұл шараға онлайн түрде солтүстікқазақстандықтар да қатысты. Кейін С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітіпханада «Парасат жолы» орталығының ашылуы өтті.
Бұл орталық сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің «Adaldyq alańy» жобасы аясында құрылды. Жаңа жобаның таныстырылымына қатысқан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қиыл департаментінің басшысы Ернар Баянғазин оның көпшілік жиі бас сұғатын руханият ордасында ашылуы кездейсоқ емес екенін атап өтті.
«Кітапхана – аға буын мен жастар жиі келетін, қалың оқырмандар білім нәрімен сусындайтын қасиетті шаңырақ. Сондықтан түрлі форматтарда кездесулер, қоғамымыздың көлеңкелі жақтары жайлы ашық сұхбаттар ұйымдастырылады деген сенімдемін. Бағалы ұсыныстар айтылып жатса, бірлесе шешуге әзірміз. Мәселен, «Жұмадағы кездесу» деген атпен әр апта сайын кездесіп, түрлі мәселелерді талқылауға болар еді. Елге белгілі азаматтар өз тәжірибелерін ортаға салса, жастар үшін қандай ғанибет!», – деді өз сөзінде Ернар Ерболұлы.
Екатерина СТАРОСТИНА,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
облыстық департаментінің бас маманы.