Жер мен көкті қуырған жаздың аптап ыстығы. Домбыраның қос шегіндей созылған бір көшелік Жекекөл ауылы балаларының күн шығысы мен күн батысы аралығындағы ермегі ауыл шетіндегі үйден, біз қоныстанған, таяқ тастам жерде шалқыған көл айдынында үйректей жүзіп, шомылу болатын. Қызыққа батқан балаларды арқанмен байлап тартсаң да, судан шығару мүмкін емес еді…
Бұл Никита Сергеевич Хрущев патшалық еткен заман болатын. 1954 жылы басталған “Тың өлкесі” науқанының нағыз шарықтау шыңына жеткен кезі. Яғни, 12 баптық коммунизм құрылысшысы ғибраты кодексін басшылыққа алып, коммунизмнің тура да жарқын жолына түскен, ал шындығында кеңес өкіметі тарихындағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт өмір кезіндегі елді үлкен аштық жайлап, оның нағыз бой алған тұсы. Соның белгісі – ақ бөлке нан кәртішке арқылы, ал жартылай ақ нан таңғы сағат 7-ден кезекте тұрып, бір қолға бір бөлкесі ғана тиетін кез. “Бір ұлт”, “бір халық” идеологиясы үстем алып, “ұлы орыс тілінің” салтанат құрған кезі!..
Қазақ мектептері жаппай жабылып, жүздеген жылдар бойы өзінің үрім бұтағы, зәу заты қоныс тепкен қазақ ауылдарының халқы поселкелерге көшіріліп, ірілендіріліп, елді мекен аттары жаппай орысшаланды. Мысалы: Владимировка, Андреевка, Николаевка, Покровка, Петровка, Соколовка, Смирново, Поляковка, Явленка, Боголюбово, Пресновка, Корнеевка, Афанасьевка, Обуховка, Ольгинка, Ильинка… деген сияқты. Орыс тілі іс жүзінде негізгі мемлекеттік тілге айналып, барлық құжаттар осы тілде жазылды, жүргізілді. Шынайы қазақ тарихы қара түске боялып, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміздегі рухани құндылықтарымыз феодализмнің кері тартпа қалдығы деп танылды, осы тұрпатта уағыздалды. Қазақ халқы атамекенінде жат жұртқа айналды немесе аборигендер кейпіне түсірілді. Халық арасына арақ, шарап, темекі, орыс тіліндегі былапыт сөздер қанатын жая енді. Келімсек, тыңды игерушілер құқығы дәріптеліп, жергілікті халықтың саны азшылыққа түсті.
Хан Абылайдың ставкасы – қасиетті Ақ үйі орналасқан Қызылжар қаласында оқып жатқан біздер, жастар, дана бабамыздың өзі, ұлы істері жайында мүлдем мақұрым болып өстік. Алаштың кемеңгер ақыны Мағжан туралы да осындай күйде болдық. Педагогикалық училищедегі қазақ бөлімінің есігі бізден кейінгі бір топтан соң бірнеше жылдарға берік жабылды.
Әлі есімде, училищедегі орыс әдебиетінің ең бірінші сабағы “Слово о полку Игореве” поэмасына арналды. Ондағы князь Игорьге жанымыздың қатты ашығаны соншалық, қыпшақтар (половцы) ханы Кончакқа лағнет айта жиренішпен қарап, оны ата жауымыз деп қабылдадық. Біздің қандасымыз, қасиетті бабамыз екенін қайдан білейік?! Міне, кеңестің қуатты насихат аппараты балғын ойымыз бен бойымызды осылай астаң-кестеңін шығарып бұзды, улады. Бұл бізді мәңгүрт етудің айқын көрінісі еді. Жұбан ақынның “Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген…” деген жыр жолы осыны меңзесе керек.
Тағы бір есімде қалған уақиға – қамысты, нулы, мөлдір сулы, балығы тайдай тулаған, Қызылжар өңірінің інжу маржаны, аққулар мекені Алуа көлінің улануы. Дәлірек айтсақ, оны егін зиянкестеріне қолданатын ДДТ ұнтағымен қасақана улау.
1956 жылы құрылған Амангелді совхозына қарайтын (қазіргі Есіл ауданы) Алуа көлінің айналасына шыққан бітік егінді орған диқан-механизаторлар “екпінді еңбек” етудің орнына, көл балығын жабайылықпен аулап, оның майлы еті мен сорпасына арақты одақтастырып, кекіре, сылқия тойып, соның салдарынан “қазақстан миллиардына” қосар үлестерін тым бәсеңдетіп алады. Тіпті, комбайн руліндегі қатты масайған механизатор өзін жүзгіш кеме штурвалында отырғандай сезініп, жарықтық Алуа көлін қақ жарып өтемін деп осынау қымбат техникасын суға терең батырып, өзі өлім аузынан зорға құтылыпты. Осыған шамданып ерегіскен тыңгер-кеңшар директоры көл еркесі Алуаға ондаған тонна улы ДДТ-ны тастатады. Сондағы өлген балық пен құстың, жәндіктердің денелерінен су беті көрінбей, көл беті жер сияқты болды. Оның қолқа жарып шіріген иісі 15-20 шақырымдай кеңістікте көптеген жылдар бойы ауада тұрды.
Сәбең жырлаған, Қызылжар жерінің еркесі – Алуа көлі осындай оңалмас экологиялық апатқа ұшырады. Міне, осы оқиғадан жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұрынғы балығы тайдай тулаған, аққуы саңқылдаған, қазы қаңқылдаған, айдын шалқар көл, өзінің бұрынғы көркіне келе алмады. Демек, біздер болашақ ұрпаққа еліміздің інжу маржаны – Алуа көлін жеткізе алмадық.
Ал оның шығыс бетіндегі дөңінде, алып денелі қайыңдар құшағында көлемді көне қорған бар. Мұны жергілікті халық елін, жерін қалмақ-жоңғарлардан қорғап, қанды шайқаста шейіт болған қазақтың батыр қызы Алуаның моласы деген аңызды айтады (ерлері түгел қырылып біткенде, белін буып, қол бастаған екен қасиетті анамыз).
1956 жылдың мамыр айының орта кезі. Жоңышқаның, піскен жидектің иісі аңқыған, дала бозторғайы стоп-кадрдағыдай аспанға қадала ілініп қалған, қалтылдап-жалтылдап ұшқан түрлі түсті көбелектер, шөп нәріне тойынған бақытты шегірткелер шырылы – бәрі-бәрі мәңгілік тыныштыққа балқыған, қаймағы бұзылмаған солтүстік табиғаты.
Ит тұмсығы өтпейтін, ақ балтырлы қайыңдар орманында қоныс тепкен біздің Мереке ауылының жанында, жаңадан ашылған Амангелді кеңшарының тыңгер-директоры салтанатты жиын өткізуде. Бұл шара ғасырлар бойы “игерілмей, ессіз” жатқан Жер-Ананың кеудесіне тұңғыш түрен түсіру рәсіміне арналмақшы. Жерге алғашқы борозда салуды жақында ғана әскери борышын өтеп келген, біздің ауылдың тұңғыш тракторшысы, Мереке есімді, қыз алыспайтын жақын туысқаныма берілді. Ол ДТ тракторының жіппен оралған оталғыш дискісін ептілікпен құлаштап соза тартып қалғанда трактор бірден “мен, дайын” дегендей тарсылдап, безгегі ұстағандай зіркілдеп қоя берді. Тіркемелі соқаның тілдерін жерге түсіріп, ағам тракторға газ беріп, алға жүремін дегенде, ол бырқ-бырқ етті де сөніп қалды. Кабинадан жерге тазыдай қарғып түскен Мереке тракторды от алдыру үшін бастапқы қимылдарын тағы қайталады. Бұл жолы да түрендері жерге ендеп кірген соқаны бірден әкете алмай, ДТ бір жұлқынды да тұншығып, үні өшті.
Жиынға келген ырымшыл жұрт: “Жердің иесі мен киесі жерді жыртуға рұқсат бермей отыр”, – деп өзара күңкілдесіп сыбырласты. Кеңшар басшыларының қатарында жеңіл қобалжу байқалды. Сол сәтте жиналған жұртты баса көктеп, біздің ауылға жақында ғана жас әйелімен көшіп келген, түрі орыс ертегілеріндегі батырға ұқсас қапсағай денелі, сары сақалды, тыңгер Андрей Андреев деген күркіреген даусымен ақыра сөйлеп: “А ну, расступись! Не можешь – не берись! Лучше займитесь своими баранами!” – деді-дағы трактор моторын от алдырып, оның ең төменгі жылдамдық тетігіне газды молынан берді, сол кезде, о, тоба, трактор қара қошқыл түтінін қақала шашыратып орнынан ыңырана, өкіре қозғалып жүре берді.
Жүздеген жылдар бойы қазақтың алтын бесігі болған қасиетті Жер-Ананың кеудесі қақ айырылып, қабырғасы сөгіліп, шек-қарны ақтарылып жатты…
Осы сәтте трактордың гүрілінен де күшті, аспан мен жер кеңістігін тітіркенткен, бұрын-соңды естімеген қатты айқай мен шыңғырған ащы үн төбемізге шеге қаққандай әсер етті. Дауыс шыққан жаққа бастарын жалт бұрған жиын, адамның етбетінен жатып, қол-аяқтарымен, басымен жерді ұрғылап жатқан көрінісін көрді. Ол күнделікті өмірде соншама байсалды да ұстамды, имандылық жолын ұстап, бес мезгіл намаз оқитын, елулер шамасындағы осы ауылдың тумасы Құдайберген деген үлгі тұтар азамат еді. Оның жақында әйелі, содан соң келіні дүние салып, жалғыз баласымен бірге тұрып жатқан. Адамдарға өзінің турашыл, шыншыл, құдайшыл мінезімен сыйлы болатын. Осы оқиғадан соң ол бірте-бірте қуарып, солып, бүгіліп, қыркүйек айында дүние салды.
Саны аз болғанымен, қазақ Еуразия кеңістігінің мол жерін алып жатқаны – шындық. Жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы орындағы мемлекет. Мұны кейбір жезөкше саясаткерлер: “Бұл әділетке жатпайды, кеңес өкіметі қазаққа басқа елдердің жерін қосып берген”, – деп көсемсіп, тілдерімен орақ орады.
Ақиқатын айтсақ, бұл қазақта басы артық бір шаршы метр жері жоқ, себебі ол оның қанымен суарылып, сол үшін қисапсыз қырғынға ұшыраған. Данагөй ата-бабаларымыз осынау қасиетті кең жерді ұрпағына мәңгі мұра етіп, көзінің қарашығындай сақтасын деп найзасының ұшымен өсиет жазып, аманат етіп кеткен. Бұл – қазақ халқының тума табиғаты, Алла тағала берген тектік (генетикалық) ұстанымы, қағидасы!
Осының дәлелі – 1960 жылы күз айында Никита Хрущевтың Қазақстанға келіп, Қазақстан коммунистік партиясының бюросында Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын Ресейдің құрамына беру туралы шешімін естірту оқиғасы. Осының алдында осы бес облыс “Тың өлкесі” атанып, олар тікелей Мәскеу қаласына бағынатын болған.
Хрущев бұған дейін Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың және осы облыстардың бірінші хатшыларының бұл шешімді қолдайтындықтарын айта келіп, аталған мәселе бойынша Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың пікірін сұрайды.
Ұлы бабалардың елдік, ерлік қасиеттері бойына терең тұнған Жұмабек ағамыз: “Никита Сергеевич, я не только против такого решения, но считаю, что сам этот вопрос даже на повестку дня ставить нельзя”. Қаны бетіне шапшыған Хрущев: “Слушай, а ты кто такой, чтобы выступать против воли политбюро?! Если уж на то пошло, мы можем принять решение и без твоего согласия. СССР – единая страна, а потому решит Верховный Совет СССР”, – дейді. Текті де кекті ұлт перзенті Жұмабек аға тұлпарына қамшы басып, жауына тура шапты: “Если Верховный Совет начнет самолично вмешиваться в территориальный вопрос каждой республики, то надо отменить Конституцию СССР. Там сказано, что каждая республика обладает правом собственности на свою исторически сложившуюся территорию. И если этот закон будет нарушен, мы обратимся в ООН!”.
Хрущевтің арамза ойы іске асқанда, бірер жылдар ішінде қазақ жері жаппай талан-таражға түсіп, ендігі кезекте Маңғыстау облысы – Түркіменстанға, Оңтүстік Қазақстан облысы – Өзбекстанға, Алматы облысы ұйғыр халқына беріліп, оның автономиялық орталығы болар еді…
Бүгінгі күні, яғни тәуелсіз мемлекет болған кезімізде, қазақ жеріне көз алартқан шовинистердің сепаратистік пиғылдары күн тәртібінен түсті ме? Әрине, жоқ. Біздер, қазақтар, жаңа тарихымызда ауызбірлік, туысқандық, отаншылдық, ұлтшылдық, еңбекқорлық, заңға бағынушылық, бәсекелестік, білімділік қасиеттерін негізгі рухани құндылықтарымыз етіп алуымыз керек. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығармасақ, күні кеше ғана “туысқан бауырлас республикалар” болған Украинаның, Арменияның, Әзірбайжанның, Грузияның, Беларусьтің, Қырғызстанның, Молдованың, Құдай сақтасын, кебін киеміз. Сонда көзімізден жас емес, қан ағып, бүгінгі еліміздегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды түсімізде ғана көретін боламыз.
Туған елге барған сапарымды әрдайым, міндетті түрде, Қызылжардағы бұрынғы Ленин, қазіргі Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан, сол кездегі облыстық партия комитеті, бүгінгі күні облыстық мәслихат орналасқан жерден бастаймын. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында, 60-шы жылдардың басында салынған бұл үлкен ғимарат көне зираттың үстіне тұрғызылған болатын. Оның бар құлпытастары мен қабірлері бульдозердің шынжыр табанының астына түсіп, тапталды, жермен жексен етілді. Салынып жатқан ғимараттың бір жақ қанаты бір-екі мәрте опырылып құлағаны да бар.
Құран-дұғаларымды, бірінші осы бабаларымыздың сүйегі жатқан жерге, одан кейін бұрынғы Революционная көшесіндегі педагогикалық училищеде өткен ғасырдың 30-шы жылдары дәріс берген ұлт шамшырағы Мағжан Жұмабаевтың аруағына бағыштаймын.
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
композитор.