«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕРТТІҢ ДАУАСЫ – ЕКПЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Онлайн брифинг барысында облысымызда соңғы бір аптаның ішінде коронавирус инфекциясына тағы 630 жерлесіміздің шалдыққаны айтылды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,3 есеге төмен. Мамандар жұқпалы індетпен күресте вакцинаға зор үміт артып отыр.

Облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың барлығы 11179 жағдайы тіркелді. 382 нау­қас індетті сырттан жұқтырып әкелсе, өзгелері – жергілікті жағдайлар. 6915 өңір тұрғынында аурудың түрлі белгілері байқалған, 4264-інде вирус анықталғанымен, симптомдары тіркелмепті.
– Ақпанның 3-інде тағы 70 жағдай тіркелді, оның 39-ның ауру белгілері бар және 31 адам дерттің симтомсыз түрімен сырқаттанған. 20 науқас – Петропавл қаласының тұрғыны. Өзге фактілер өңір аудандарына тиесілі. Әсіресе, Қызылжар (13 адам), Есіл аудандарында (11 адам) көрсеткіш жоғары, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
КВИ-мен науқастанғандардың үштен біріне жуығы – 60 жастан асқан жандар, сырқат жұқтырғандардың қатарында жеткіншектер де аз болмай отыр. Мәселен, оқу жылы басталғалы жаман індет 495 оқушыдан анықталған. Олардың 258-і – мектепке барып оқыған балалар. Аурудың белең алуына байланысты қазір Есіл ауданындағы Заградовка орта мектебі, Қызылжар ауданындағы Соколовка және Озерное орта мектептері мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы тағы екі білім беру ошағы оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен.
Дегенмен, өткен аптамен салыстырғанда жағдай оңалып келеді. Қауіпті дертке шалдығу көрсеткіші 762-ден 630-ға дейін төмендеген. Мамандар ел көлемінде жүріп жатқан коронавирусқа қарсы вакцинациялау шарасы дерттің бетін қайтаруға сеп болады деп отыр.
– Ақпан айынан “Гам-КОВИДВак” және “Спутник V” вакцинасын қою басталды. Бірінші кезекте вакцинация медицина қызметкерлерін қамтиды. Өйткені, дәрігерлер науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, олармен қарым-қатынаста болады. 3 күнде 900 ақ халаттыға вакцина салынды. Олар үнемі бақылауда, екпе алғандардың жағдайы қалыпты, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Брифинг барысында спикерлер вакцинациядан өзге шектеу шаралары жағдайды қалыпты ұс­тауға мүкіндік бергенімен, ауруға толықтай бөгет бола алмайтынын айтты. Қазір инфекциялық стационарларда 452 науқас емделіп жатыр. 22 адамға жансақтау бөлімінде тиісті көмек көрсетілуде.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp