«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Президент: Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Almaty 2021» форумына қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің «Facebookә парақшасында жазды.

Аталған шараға ЕАЭО үкіметтерінің басшылары, Еуразиялық комиссия және ТМД атқару комитетінің жетекшілері, сонымен қатар, цифрландыру саласының сарапшылары мен мамандары қатысып жатыр. 
Қазақстан Президенті пандемиядан кейінгі кезеңдегі цифрландыру мәселесі жайындағы ойымен бөлісті. 
«Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде екенін жақсы түсінеміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын және ауқымды деректерді талдауды дамыту туралы айтты. Бұдан бөлек Президент ЕАЭО елдерінің цифрлы ынтымақтастығы бойынша бірқатар өзекті бағытты атап өтті. 
«Сіздерді біздің еліміз үшін аса маңызды шарада көргеніме қуаныштымын. Мәртебелі қонақтардың арасында жеті елдің үкімет басшылары, ТМД Еуразиялық экономикалық комиссиясы атқару комитетінің жетекшілері бар. Бұл форумның маңыздылығын арттыра түседі. Бізде мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Дағдарыс кезінде 6,5 млн адам мемлекеттің қолдауына ие болды. Білім беретін мекемелердің барлығы қашықтан оқу үрдісіне көшті. Елімізде 15 млн-нан астам адам интернетті қолданады. Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде екенін жақсы түсінеміз. Бұл салада бәсекелестік өте жоғары. Сарапшылардың пікірінше 2021 жылы техникалық және технологиялық нарық және бағдарламалық шешімдер жасанды интеллектіге бағатталады. Сымсыз ғаламтор мен сандық жүйелердің үлесі 35 пайызға артып, 12 млрд АҚШ долларына жетеді. 2025 жылға қарай 5G технологиясы кәсіпорындарға өздерінің мәліметтерін 70 пайызға дейін өндеуге мүмкіндік береді. Қазақстан жасанды интелектіні дамытудың жолын белгілеп алды», деді Қазақстан Президенті үндеуінде.
 Форумда өңірлік және және жаһандық деңгейдегі цифрландыру саласы, цифрлық трансформацияның жаңа стратегиялары мен жаңа технологиялар саласындағы трендтерді қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың алдағы қадамдары мен перспективаларын талқылайды.
 Қазақстандық IT-жобаларды қолдау және жаңа нарыққа шығу мүмкіндігі, өңірлік әріптестермен іскерлік қатынастарды ілгерілету және цифрландыру жобаларын танымал ету – форумның негізгі тақырыбы. Осы форумда COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған жаһандық мәселелер де назардан тыс қалмайды.
 Форум барысында цифрлық жобалардың онлайн көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ЕАЭО Премьер-Министрлері мен жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық сессия болады. Форум оффлайн және онлайн форматта өтуде. Айта кетейік, «Digital Almaty» форумы осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.


 https://egemen.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp