«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Сырымбет” – махаббаттың әнұраны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуін ба­сынан кешірген қазақ халқының өткен өмірін суреттейтін деректер молынан. Бүгін әңгіме еткелі отырғанымыз – күнделікті күйбің өмірді де, көңілдің жайын да баяндайтын ән жайлы болмақ. Бұл – бір жатқан тарих. Шежіреге бойлаған адам оның ішінен талай мағлұматты табады. Өйткені, ән қазақ халқымен бірге жасасып, мұра боп ауыздан-ауызға көшіп келеді.

Әсіресе, халық мұрасына Сарыарқа өлкесі бай. Алты Алашқа аты шыққан ақындарымыздың бірталайы сол маңайда туып-өскен. Кең сабаның қорындай Бертағының баласы Орынбай, екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді Шөже, Шал ақын, Тойлыбай бидің баласы Арыстанбай, Серәлі, Құлтума, үні зарлы Атығай Тоғжан, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері Сарыарқаның төсінде дүниеге келген.
Ендігі әңгіме Ақан жайлы болмақ. Ол 1843 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Қоскөл ауылында туған. Кейін оның әулеті “Боқан өзегі” атанған жерге қоныстанған. Қоскөлдің қасындағы Қаратал ауылы “Ақан туған” ауыл атанды. Ақан – әке-шешесінің еркелетіп қойған аты, ал шын есімі – Ақжігіт.
Ақан серінің халыққа кең тараған әндерінің бірі – “Сырымбет”. Бұл туынды серінің Жамалға ғашықтығынан туған. Ақан серілік құрып жүріп Жүсіп төренің қызына ғашық болып қалады да сұлулығын жырға қосады.
“Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.
Сексен қыз серуенге шықсадағы,
Ішінде сіз қоңырқаз қаңқылдаған.

Сармойын аққуымсың көлге тартқан,
Жүйрік ат көлденеңнен жемге тартқан.
Мінезін перуай қыздың мен айтайын.
Күмістей ширатылар сымға тартқан”, – деп “Желдірме” әнімен айтады.
Сол күнде Қарауылдың ішінде аты ауыздан түспейтін үш ару болатын. Бірі – Шөбектің немересі Ұрқия, екіншісі – аға сұлтан Шыңғыстың немере қарындасы, ал үшіншісі Абылай тұқымынан тараған Жүсіп төренің қызы Жамал екен. Үш аруға Ақан “Үш тоты” деп ат қойып, өлең шығарады. Ақанның ықыласы үш арудың бірі – Жамалға ауады. Ақан оны: “Он алты жаста-ақ, жібек желден жаралғандай ару, Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан”, – деп сипаттайды. “Үш тотының ішінен қалқа бала”, – деп те сүйгенін бөліп жарады. Ақан Жамалға көп ән арнайды. Өзін қанша тыюға тырысқанымен, махаббаттың күшімен сезімін білдіреді.
“Бұраң бел, жазық маңдай,
сүмбілден шаш,
Тартылған бойың сымдай, қиылған қас.
Ақ жүзің түстік жерден көрінеді,
Секілді жарқылдайсың бриллиант тас.
Сипатың жұмақтағы Хорлығайын,
Көрген жан Жамалыңа болады мас.
Сайраған қапастағы тотықұссың,
Білмейді қадіріңді бұл күнгі жас.
Айтуға тура түйреп жасың кіші,
Сыртыңнан иемденейін ей қарындас.
Тау-тасты шабыт қылған ақиықпын
Болмайды сені ойласам ішкенім ас.
Жорытқан түс секілді жіберейін,
Бұл сөздің пайымын біл де түндігін аш.
Алдыңа далбай тастап шырғаладым,
Шабытқа келе алмасаң, қылғаның қас”, – деп жазады. Бір емес бірнеше рет. Бұл өрт болып жанған жүректен шыққан жалынды өлеңдер еді.
Бірақ Жамал Ақанның махаббатына жа­уап қайтармайды. Мүмкін, жұрттың сөзін аттап өтіп, елуден асқан адаммен қосыла алмағаннан болар. Ақыры жас Жамалдың ұзатылар шағы жетеді. Тойы болып, атастырған жеріне аттандыруға дайындап, ертең кетеді деген түні Ақан сері Сырымбеттің баурайындағы ауылдың сыртында түні бойы зарланып отырады.
“Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?
Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,
Асып туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық деген қалқам
Бөктергінің кез болдың қармағына.
Алтын қайық жарасар күймесімен,
Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен,
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,
Бешпетіңді беріп кет түймесімен!..” – деп аяғында “Енді есен бол” деп даланы басына көтереді. Жамалдың күйеуінің жаман, жасық екенін, малға сатылып кете барғанын, өзінің бұдан басқа қайраны болмаған соң өлеңнің, музыканың тілімен ішіндегі шерін сыртқа шығарады.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
(Жалғасы бар). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp