«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚАСІРЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жер мен көкті қуырған жаздың аптап ыстығы. Домбыраның қос шегіндей созылған бір көшелік Жекекөл ауылы балаларының күн шығысы мен күн батысы аралығындағы ермегі ауыл шетіндегі үйден, біз қоныстанған, таяқ тастам жерде шалқыған көл айдынында үйректей жүзіп, шомылу болатын. Қызыққа батқан балаларды арқанмен байлап тартсаң да, судан шығару мүмкін емес еді…

Бұл Никита Сергеевич Хрущев патшалық еткен заман болатын. 1954 жылы басталған “Тың өлкесі” науқанының нағыз шарықтау шы­ңына жеткен кезі. Яғни, 12 баптық коммунизм құрылысшысы ғибра­ты кодексін басшылыққа алып, коммунизмнің тура да жарқын жолына түскен, ал шындығында кеңес өкіметі тарихындағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт өмір кезіндегі елді үлкен аштық жайлап, оның нағыз бой алған тұсы. Соның белгісі – ақ бөлке нан кәртішке арқылы, ал жартылай ақ нан таңғы сағат 7-ден кезекте тұрып, бір қолға бір бөлкесі ғана тиетін кез. “Бір ұлт”, “бір халық” идеологиясы үстем алып, “ұлы орыс тілінің” салтанат құрған кезі!..
Қазақ мектептері жаппай жа­былып, жүздеген жылдар бойы өзінің үрім бұтағы, зәу заты қоныс тепкен қазақ ауылдарының халқы поселкелерге көшіріліп, ірілен­діріліп, елді мекен аттары жаппай орысшаланды. Мысалы: Влади­мировка, Андреевка, Николаевка, Покровка, Петровка, Соколовка, Смирново, Поляковка, Явленка, Боголюбово, Пресновка, Кор­неев­ка, Афанасьевка, Обуховка, Ольгинка, Ильинка… деген сияқ­ты. Орыс тілі іс жүзінде негізгі мем­лекеттік тілге айналып, барлық құжаттар осы тілде жазылды, жүргізілді. Шынайы қазақ тарихы қара түске боялып, ұлттық мәде­ниетіміз бен әдебиетіміздегі руха­ни құндылықтарымыз феода­лизм­нің кері тартпа қалдығы деп танылды, осы тұрпатта уағыз­далды. Қазақ халқы атамекенінде жат жұртқа айналды немесе аборигендер кейпіне түсірілді. Халық арасына арақ, шарап, темекі, орыс тіліндегі былапыт сөздер қанатын жая енді. Келім­сек, тыңды игерушілер құқығы дә­ріптеліп, жергілікті халықтың саны азшылыққа түсті.
Хан Абылайдың ставкасы – қа­сиетті Ақ үйі орналасқан Қызыл­жар қаласында оқып жатқан біздер, жастар, дана бабамыздың өзі, ұлы істері жайында мүлдем мақұрым болып өстік. Алаштың кемеңгер ақыны Мағжан туралы да осындай күйде болдық. Пе­дагогикалық училищедегі қазақ бөлімінің есігі бізден кейінгі бір топтан соң бірнеше жылдарға берік жабылды.
Әлі есімде, училищедегі орыс әдебиетінің ең бірінші сабағы “Слово о полку Игореве” поэма­сы­на арналды. Ондағы князь Игорьге жанымыздың қатты ашы­ға­ны соншалық, қыпшақтар (по­ловцы) ханы Кончакқа лағнет айта жиренішпен қарап, оны ата жа­уымыз деп қабылдадық. Біздің қандасымыз, қасиетті бабамыз екенін қайдан білейік?! Міне, кеңестің қуатты насихат аппараты балғын ойымыз бен бойымызды осылай астаң-кестеңін шығарып бұзды, улады. Бұл бізді мәңгүрт етудің айқын көрінісі еді. Жұбан ақынның “Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген…” деген жыр жолы осыны меңзесе керек.
Тағы бір есімде қалған уақиға – қамысты, нулы, мөлдір сулы, балығы тайдай тулаған, Қызылжар өңірінің інжу маржаны, аққулар мекені Алуа көлінің улануы. Дәлірек айтсақ, оны егін зиянкестеріне қолданатын ДДТ ұнтағымен қасақана улау.
1956 жылы құрылған Амангел­ді совхозына қарайтын (қазіргі Есіл ауданы) Алуа көлінің айна­ласына шыққан бітік егінді орған диқан-механизаторлар “екпінді еңбек” етудің орнына, көл балы­ғын жабайылықпен аулап, оның майлы еті мен сорпасына арақты одақтастырып, кекіре, сылқия тойып, соның салдарынан “қазақ­стан миллиардына” қосар үлесте­рін тым бәсеңдетіп алады. Тіпті, комбайн руліндегі қатты масайған механизатор өзін жүзгіш кеме штурвалында отырғандай сезініп, жарықтық Алуа көлін қақ жарып өтемін деп осынау қымбат тех­никасын суға терең батырып, өзі өлім аузынан зорға құтылыпты. Осыған шамданып ерегіскен тыңгер-кеңшар директоры көл ер­кесі Алуаға ондаған тонна улы ДДТ-ны тастатады. Сондағы өл­ген балық пен құстың, жәндіктер­дің денелерінен су беті көрінбей, көл беті жер сияқты болды. Оның қолқа жарып шіріген иісі 15-20 шақырымдай кеңістікте көптеген жылдар бойы ауада тұрды.
Сәбең жырлаған, Қызылжар жерінің еркесі – Алуа көлі осын­дай оңалмас экологиялық апатқа ұшырады. Міне, осы оқиғадан жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұрынғы балығы тайдай тула­ған, аққуы саңқылдаған, қазы қаң­қылдаған, айдын шалқар көл, өзінің бұрынғы көркіне келе ал­мады. Демек, біздер болашақ ұр­паққа еліміздің інжу маржаны – Алуа көлін жеткізе алмадық.
Ал оның шығыс бетіндегі дө­ңін­де, алып денелі қайыңдар құ­шағында көлемді көне қорған бар. Мұны жергілікті халық елін, жерін қалмақ-жоңғарлардан қор­ғап, қанды шайқаста шейіт болған қазақтың батыр қызы Алуаның моласы деген аңызды айтады (ерлері түгел қырылып біткенде, белін буып, қол бастаған екен қасиетті анамыз).
1956 жылдың мамыр айының орта кезі. Жоңышқаның, піскен жи­дектің иісі аңқыған, дала бозтор­ғайы стоп-кадрдағыдай аспанға қадала ілініп қалған, қалтылдап-жалтылдап ұшқан түрлі түсті көбе­лектер, шөп нәріне тойынған бақытты шегірткелер шырылы – бәрі-бәрі мәңгілік тыныштыққа балқыған, қаймағы бұзылмаған солтүстік табиғаты.
Ит тұмсығы өтпейтін, ақ бал­тырлы қайыңдар орманында қо­ныс тепкен біздің Мереке ауылы­ның жанында, жаңадан ашылған Амангелді кеңшарының тыңгер-директоры салтанатты жиын өткі­зуде. Бұл шара ғасырлар бойы “иге­рілмей, ессіз” жатқан Жер-Ананың кеудесіне тұңғыш түрен түсіру рәсіміне арналмақшы. Жерге алғашқы борозда салуды жақында ғана әскери борышын өтеп келген, біздің ауылдың тұң­ғыш тракторшысы, Мереке есімді, қыз алыспайтын жақын туыс­қа­ныма берілді. Ол ДТ тракторының жіппен оралған оталғыш дискісін ептілікпен құлаштап соза тартып қалғанда трактор бірден “мен, дайын” дегендей тарсылдап, без­гегі ұстағандай зіркілдеп қоя бер­ді. Тіркемелі соқаның тілдерін жерге түсіріп, ағам тракторға газ беріп, алға жүремін дегенде, ол бырқ-бырқ етті де сөніп қалды. Кабинадан жерге тазыдай қарғып түскен Мереке тракторды от ал­дыру үшін бастапқы қимылдарын тағы қайталады. Бұл жолы да түрендері жерге ендеп кірген соқаны бірден әкете алмай, ДТ бір жұлқынды да тұншығып, үні өшті.
Жиынға келген ырымшыл жұрт: “Жердің иесі мен киесі жерді жыртуға рұқсат бермей отыр”, – деп өзара күңкілдесіп сыбыр­ласты. Кеңшар басшыларының қатарында жеңіл қобалжу бай­қалды. Сол сәтте жиналған жұрт­ты баса көктеп, біздің ауылға жа­қында ғана жас әйелімен көшіп келген, түрі орыс ертегілеріндегі батырға ұқсас қапсағай денелі, сары сақалды, тыңгер Андрей Андреев деген күркіреген даусы­мен ақыра сөйлеп: “А ну, рассту­пись! Не можешь – не берись! Лучше займитесь своими бара­нами!” – деді-дағы трактор мото­рын от алдырып, оның ең төменгі жыл­дамдық тетігіне газды молы­нан берді, сол кезде, о, тоба, трак­тор қара қошқыл түтінін қақала шашыратып орнынан ыңырана, өкіре қозғалып жүре берді.
Жүздеген жылдар бойы қазақ­тың алтын бесігі болған қасиетті Жер-Ананың кеудесі қақ айыры­лып, қабырғасы сөгіліп, шек-қарны ақтарылып жатты…
Осы сәтте трактордың гүрілі­нен де күшті, аспан мен жер кеңіс­тігін тітіркенткен, бұрын-соңды ес­ті­меген қатты айқай мен шың­ғырған ащы үн төбемізге шеге қақ­қандай әсер етті. Дауыс шыққан жаққа бастарын жалт бұрған жиын, адамның етбетінен жатып, қол-аяқтарымен, басымен жерді ұрғылап жатқан көрінісін көрді. Ол күнделікті өмірде соншама бай­салды да ұстамды, имандылық жолын ұстап, бес мез­гіл намаз оқитын, елулер шама­сындағы осы ауылдың тумасы Құдай­берген деген үлгі тұтар азамат еді. Оның жақында әйелі, содан соң келіні дүние салып, жалғыз баласымен бірге тұрып жатқан. Адамдарға өзінің тура­шыл, шыншыл, құдайшыл мінезі­мен сыйлы болатын. Осы оқиға­дан соң ол бірте-бірте қуарып, солып, бүгіліп, қыркүйек айында дүние салды.
Саны аз болғанымен, қазақ Еу­разия кеңістігінің мол жерін алып жатқаны – шындық. Жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы орындағы мемлекет. Мұны кейбір жезөкше саясаткерлер: “Бұл әділетке жатпайды, кеңес өкіметі қазаққа басқа елдердің жерін қосып берген”, – деп көсемсіп, тілдерімен орақ орады.
Ақиқатын айтсақ, бұл қазақта басы артық бір шаршы метр жері жоқ, себебі ол оның қанымен суарылып, сол үшін қисапсыз қырғынға ұшыраған. Данагөй ата-бабаларымыз осынау қасиетті кең жерді ұрпағына мәңгі мұра етіп, көзінің қарашығындай сақтасын деп найзасының ұшымен өсиет жазып, аманат етіп кеткен. Бұл – қазақ халқының тума табиғаты, Алла тағала берген тектік (гене­тикалық) ұстанымы, қағидасы!
Осының дәлелі – 1960 жылы күз айында Никита Хрущевтың Қазақстанға келіп, Қазақстан ком­мунистік партиясының бюро­сын­да Ақмола, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын Ресейдің құрамына беру туралы шешімін естірту оқиғасы. Осының алдында осы бес облыс “Тың өлкесі” атанып, олар тікелей Мәскеу қаласына бағынатын болған.
Хрущев бұған дейін Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың және осы облыстардың бірінші хатшыларының бұл шешімді қол­дайтындықтарын айта келіп, атал­ған мәселе бойынша Қазақ­стан министрлер кеңесінің төр­ағасы Жұмабек Ахметұлы Тә­шеновтың пікірін сұрайды.
Ұлы бабалардың елдік, ерлік қасиеттері бойына терең тұнған Жұмабек ағамыз: “Никита Сер­геевич, я не только против такого решения, но считаю, что сам этот вопрос даже на повестку дня ставить нельзя”. Қаны бетіне шапшыған Хрущев: “Слушай, а ты кто такой, чтобы выступать против воли политбюро?! Если уж на то пошло, мы можем принять решение и без твоего согласия. СССР – единая страна, а потому решит Верховный Совет СССР”, – дейді. Текті де кекті ұлт перзенті Жұмабек аға тұлпарына қамшы басып, жауына тура шапты: “Если Верховный Совет начнет само­лично вмешиваться в террито­риальный вопрос каждой респуб­лики, то надо отменить Консти­туцию СССР. Там сказано, что каждая республика обладает правом собственности на свою ис­торически сложившуюся террито­рию. И если этот закон будет нарушен, мы обратимся в ООН!”.
Хрущевтің арамза ойы іске асқанда, бірер жылдар ішінде қазақ жері жаппай талан-таражға түсіп, ендігі кезекте Маңғыстау об­лысы – Түркіменстанға, Оңтүстік Қазақстан облысы – Өзбекстанға, Алматы облысы ұйғыр халқына беріліп, оның автономиялық ор­талығы болар еді…
Бүгінгі күні, яғни тәуелсіз мем­лекет болған кезімізде, қазақ же­ріне көз алартқан шовинистердің сепаратистік пиғылдары күн тәр­тібінен түсті ме? Әрине, жоқ. Біз­дер, қазақтар, жаңа тарихымызда ауызбірлік, туысқандық, отан­шыл­дық, ұлтшылдық, еңбек­қор­лық, заңға бағынушылық, бәсе­келес­тік, білімділік қасиеттерін негізгі рухани құндылықтарымыз етіп алуымыз керек. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығармасақ, күні кеше ғана “туысқан бауырлас рес­публикалар” болған Украи­наның, Арменияның, Әзірбай­жанның, Гру­зияның, Беларусьтің, Қырғыз­стан­ның, Молдованың, Құдай сақта­сын, кебін киеміз. Сонда көзіміз­ден жас емес, қан ағып, бүгінгі еліміздегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман­ды түсі­мізде ғана көретін бола­мыз.
Туған елге барған сапарымды әрдайым, міндетті түрде, Қызыл­жардағы бұрынғы Ленин, қазіргі Қазақстан Конституциясы көше­сінде орналасқан, сол кездегі облыстық партия комитеті, бүгінгі күні облыстық мәслихат орна­лас­қан жерден бастаймын. Өткен ға­сырдың 50-ші жылдарының ая­ғында, 60-шы жылдардың ба­сын­да салынған бұл үлкен ғи­марат көне зираттың үстіне тұр­ғызылған болатын. Оның бар құлпы­­­тас­­тары мен қабірлері бульдозердің шын­жыр таба­ны­ның астына түсіп, тап­талды, жер­мен жексен етілді. Са­лынып жатқан ғимараттың бір жақ қанаты бір-екі мәрте опы­рылып құлағаны да бар.
Құран-дұғаларымды, бірінші осы бабаларымыздың сүйегі жат­қан жерге, одан кейін бұрынғы Ре­волюционная көшесіндегі пе­да­гогикалық училищеде өткен ға­сыр­дың 30-шы жылдары дәріс бер­ген ұлт шамшырағы Мағжан Жұ­ма­баевтың аруағына бағыш­таймын.

Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
композитор. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp