Шашын бояп, құлағына сырға тағатын қызтеке ұлдар мен ерлерше киініп, шарт-шұрт түкіретін еркекшора қыздарды көрсем налимын. Бір өкініштісі, солардың теріс әрекеттерін мінеп, түзу жолға бастайтын аға-апаларымыз үнсіз.
Меніңше, бар мәселе еліктеуде болып тұр. Өйткені, бүгінгі таңда теледидарымыз бен интернетіміз жат елдің сериалдарына толы. Соларға үңілген оқушы қыздарымыздың кәріс әртістеріне ғашық болып, соларға тұрмысқа шыққысы келетіндерін байқадым. Бұл ұят емес пе?! Кәріс бойжеткендері сияқты қысқа көйлек киюге де айналған. Яғни, “Етегіңді жауып жүр” деген дана халқымыздың ақылын елейтін қыздар азайып бара жатыр. Ал ер-азаматқа тән қасиеттерден жұрдай жігіттерді көргеніңде, ашуға булығасың. Мәселен, бүгінде кей жастар “Ninety One” тобының әншілерін үлгі санайды. Бет-шашын бояп, құлақтарына сырға тағып, тыртиған шалбар киген бұл “өнерпаздарға” еліктеуге бола ма?! Ділі біздің қазақы дәстүрімізге жат халықтың киносын көріп, әнін тыңдағанда тұрған ештеңе жоқ делік, алайда, өз ұлттық құндылықтарыңды жоғалтып, жылтырағанға еру – шалыс басқандық.
Жігіттер “майдаланып барады” дегенді жиі құлағымыз шалатын болды. Расымен, қазір кейбір ұлдарды бұрынғы қазақтың батырларымен салыстыруға әсте келмейді. Олар жайлы сөз қозғағанда, тепсе темір үзер, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, нар тұлғалы деген тіркестерді қолдана алмайсың. Көпке топырақ шашқаным емес, аға ұрпақтың ісін жалғап, тектілігін сақтаған қазақ жігіттері де баршылық. Алайда, қазақ қоғамында шетелдің шым-шытырық дүниелеріне еліктейтіндердің болғаны өкінішті. Сонымен қатар сөзі бітімсіз, өзі намыссыз, елдің қамы түгіл, өз ертеңін болжап біле алмайтын ұлдардан көңіл суынары хақ. “Заманы басқаның адамы басқа” екен деп, жігіттер қыздардың сызыла күліп, майыса жүргенін қайталаса, намысын ұмытып, өзімшілдікпен күн көрсе, ұлттың ендігі күйі қандай болмақ?!
Атам заманнан қазақ отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. “Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле” деген даналыққа толы нақыл арқылы халқымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты мән бергенін түсінеміз. Ежелден қазақ баласы “Әкең келе жатыр” деген бір-ақ сөзбен тәрбиеленді. Ал балаға дастарқан басына әкесі келмей тамаққа қол созбауды, “әкеңе айтам” деп баланы тәртіпке шақыруды аналары үйрететін. Еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, шыншылдыққа баулыған. Бойжеткен, ару қыздарын сырт көзден сақтаған. Қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарамаған. Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді “еркектерден қай жерің кем?” деп елірте беру емес. Бұлай ұғыну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл, әрине, біздің қазаққа жат қылық. Қыздардың инабатты, ибалы, ұлдардың намысшыл, қайсар болғандығы жөн деп есептеймін.
Сайып келгенде, өз елін сүйетін, қорғайтын, салт-дәстүрін құрметтеп, тарихын, тілін терең білетін, мәдениетті жастар – елдің ертеңі, болашағы.
Рабиға ЕРАЛЫ.