«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ КҮРЕСТІҢ ЖАНАШЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы уақытта Қызылжар өңірінің балуандары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Облыс намысын абыроймен қорғап, ел мерейін асырған спортшылардың бірқатары білікті бапкер әрі төл өнердің жанашыры – Есләмбек Бекмұрзиннің шәкірттері.

Адамның кісілігі оның кіші­лі­гінде дейді екен бұрынғылар. Кі­шілігі деп дене-тұрқын айтпаса ке­рек-ті. Асылында парасат-пайы­мын менменсу мен жалған даңққа бермеген адамға арналса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өз за­манында талай додаларда топ жарса да адамдық қасиетін бәрі­нен жоғары қойған абзал азамат. Бар тілегі – еліне қызмет ету, ұлт намысын ту етер ұландарды тәр­биелеу. 1953 жылы Аққайың ау­данындағы Дайындық ауылында дүниеге келген Есләмбек Әбділ­манұлы бала жасынан спортқа жа­қын болып өскен. Есейе келе ер­кін және қазақ күресіне ден қой­ған.
– Қазақтың ең көне спорт түр­лерінің бірі – қазақ күресі. Бүгінде білегі мықты жастар осы спорт тү­рін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Мен де бала кезден спортшы болуды армандадым. Үйде аға-інілеріммен күресетін­мін. Ата-анам: “Өскенде кім бола­сың?” – деп сұрағанда “балуан бо­ламын” дейтінмін. Алланың қа­лауымен, арманым орындалды, – дейді ардагер спортшы.
Дайындық мектебінде сегізін­ші сыныпты тамамдаған соң қа­зіргі Әбу Досмұхамбетов атында­ғы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқуын жалғастырады. Осында ауылдан жиналған боз­ба­лалар күреседі екен. Бірде ол есімі өңірімізге танымал бапкер Вла­димир Абрамовтың көзіне тү­сіп, күреске түпкілікті ден қояды. Небары алты ай жаттыққаннан кейін облыстық біріншілікті жеңіп, оқушылардың республикалық жарысында төртінші орын олжа­лайды. 1970 жылы облыстың чем­пиондығын жеңіп алса, Ақтөбе қаласында өткен республика бі­ріншілігінде тағы да жүлделі орын иеленген. Аз уақытта осындай жетістікке жету қаршадай бала­ның қайсарлығын аңғартып тұрғандай.
Алдына үлкен мақсат қойған ол мектепті бітірген соң қаладағы педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Сібір әскери округінде Отан алдындағы парызын өтеген жылдары да күрестен қол үзбей­ді. Араға он жыл салып, яғни 1987 жылы өзі оқыған гимназия-интер­натқа дене шынықтыру пәнінің мұ­ғалімі болып қызметке орналаса­ды. Енді өзінің бар білгенін шә­кірттерінің бойына дарытуға кірі­седі.
– Ол жылдары қазақ күресі ен­ді дами бастаған кез болатын. Сайыстарда қазіргідей татамилер мен арнайы киімдер болған жоқ. Интернат жа­тақханасының үшін­ші қабатын­дағы түпкі бөлме­лердің бірін зал­ға айналдырып, кілем төсеттік. Осылайша, білім ордасында ал­ғаш рет қазақ күресі тобы ашы­лып, мен сол үйірмеге жетекшілік еттім. Тоғызқұмалақты да қолға алып, балаларды ұлттық спорт түрлеріне үйрете бастадық, – деді Есләмбек Әбділманұлы өткен күндерге ойша оралып.
Бапкер үшін бұл жылдар же­місті болғаны сөзсіз. Жас жігіт спортсүйер қауымның арасында білікті маман ретінде таныла бас­тады. Біліктілігінің арқасында 2004 жылы ол облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры болып тағайында­ла­ды. Бұған қоса Есләмбек Бекмұр­зин он жыл бойы қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарғанын айт­пауға болмас. Өңірде төл өнердің дамуы оның есімімен тығыз бай­ланысты. Спорт мектебінің ауыл­дарда бөлімшелерін ашқаны неге тұрады?!
Іскер ұйымдастырушы, білікті бапкердің төл өнердің өңірімізде дамуына қосқан үлесін бір мақа­лаға сыйдыру мүмкін емес. Деген­мен, шәкірттерінің жетістіктерін айтпау әбестік болар. Солардың бірі – Айбек Қырықбай спорттың төрт түрі бойынша спорт шебері ата­ғын иеленді. Қоян-қолтық ұрыс­тан халықаралық дәрежедегі спорт шебері “Қазақстан барысы” республикалық турниріне бір­не­ше рет қатысқан. Қарсылас­та­рына қарағанда салмағы біршама төмен жерлесіміздің түйе ба­луандар сайысында сегізінші орын алғаны көп жайтты аңғар­тады. Айбек 2012 жылы Алматы қаласында қоян-қолтық жекпе-жектен өткен әлем чемпио­на­тында қарсыластарын түгел ұтып, өз салмақ дәрежесінде бас жүл­дені олжалады. Тағы бір шәкірті – Мақсат Нүсіпов. Ол қазақ күре­сінен Еуропа чемпионы, Азия чем­пионатының жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы. Сон­дай-ақ, ол Мароккода 35 жастан асқан самбо шеберлері арасында өткен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, чемпион атанды. Ғани Ысқақов пен Сәкен Қара­жанов ел біріншілігінің қола, ал Руслан Есенбергенов – жастар арасындағы ел чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие бол­ды. Білікті бапкердің шәкірт­терінің ара­сынан облыстық және рес­пуб­ликалық сайыстарда топ жарып, үздіктердің қатарынан кө­ріне біл­ген Дәурен Нұрғожинды, Дәурен Есләмовты, Дулат Алпы­совты, Исатай Макарамовты ерек­ше атауға болады.
Есләмбек Бекмұрзин – Қазақ­стан Республикасы білім беру ісі­нің үздігі, жоғары санатты жат­тық­тырушы. Төл өнерді дамытуға қос­қан үлесі үшін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының арнайы медалімен және “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісімен мара­патталған.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp