Соңғы уақытта Қызылжар өңірінің балуандары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Облыс намысын абыроймен қорғап, ел мерейін асырған спортшылардың бірқатары білікті бапкер әрі төл өнердің жанашыры – Есләмбек Бекмұрзиннің шәкірттері.
Адамның кісілігі оның кішілігінде дейді екен бұрынғылар. Кішілігі деп дене-тұрқын айтпаса керек-ті. Асылында парасат-пайымын менменсу мен жалған даңққа бермеген адамға арналса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өз заманында талай додаларда топ жарса да адамдық қасиетін бәрінен жоғары қойған абзал азамат. Бар тілегі – еліне қызмет ету, ұлт намысын ту етер ұландарды тәрбиелеу. 1953 жылы Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында дүниеге келген Есләмбек Әбділманұлы бала жасынан спортқа жақын болып өскен. Есейе келе еркін және қазақ күресіне ден қойған.
– Қазақтың ең көне спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Бүгінде білегі мықты жастар осы спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Мен де бала кезден спортшы болуды армандадым. Үйде аға-інілеріммен күресетінмін. Ата-анам: “Өскенде кім боласың?” – деп сұрағанда “балуан боламын” дейтінмін. Алланың қалауымен, арманым орындалды, – дейді ардагер спортшы.
Дайындық мектебінде сегізінші сыныпты тамамдаған соң қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқуын жалғастырады. Осында ауылдан жиналған бозбалалар күреседі екен. Бірде ол есімі өңірімізге танымал бапкер Владимир Абрамовтың көзіне түсіп, күреске түпкілікті ден қояды. Небары алты ай жаттыққаннан кейін облыстық біріншілікті жеңіп, оқушылардың республикалық жарысында төртінші орын олжалайды. 1970 жылы облыстың чемпиондығын жеңіп алса, Ақтөбе қаласында өткен республика біріншілігінде тағы да жүлделі орын иеленген. Аз уақытта осындай жетістікке жету қаршадай баланың қайсарлығын аңғартып тұрғандай.
Алдына үлкен мақсат қойған ол мектепті бітірген соң қаладағы педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Сібір әскери округінде Отан алдындағы парызын өтеген жылдары да күрестен қол үзбейді. Араға он жыл салып, яғни 1987 жылы өзі оқыған гимназия-интернатқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Енді өзінің бар білгенін шәкірттерінің бойына дарытуға кіріседі.
– Ол жылдары қазақ күресі енді дами бастаған кез болатын. Сайыстарда қазіргідей татамилер мен арнайы киімдер болған жоқ. Интернат жатақханасының үшінші қабатындағы түпкі бөлмелердің бірін залға айналдырып, кілем төсеттік. Осылайша, білім ордасында алғаш рет қазақ күресі тобы ашылып, мен сол үйірмеге жетекшілік еттім. Тоғызқұмалақты да қолға алып, балаларды ұлттық спорт түрлеріне үйрете бастадық, – деді Есләмбек Әбділманұлы өткен күндерге ойша оралып.
Бапкер үшін бұл жылдар жемісті болғаны сөзсіз. Жас жігіт спортсүйер қауымның арасында білікті маман ретінде таныла бастады. Біліктілігінің арқасында 2004 жылы ол облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры болып тағайындалады. Бұған қоса Есләмбек Бекмұрзин он жыл бойы қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарғанын айтпауға болмас. Өңірде төл өнердің дамуы оның есімімен тығыз байланысты. Спорт мектебінің ауылдарда бөлімшелерін ашқаны неге тұрады?!
Іскер ұйымдастырушы, білікті бапкердің төл өнердің өңірімізде дамуына қосқан үлесін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен, шәкірттерінің жетістіктерін айтпау әбестік болар. Солардың бірі – Айбек Қырықбай спорттың төрт түрі бойынша спорт шебері атағын иеленді. Қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері “Қазақстан барысы” республикалық турниріне бірнеше рет қатысқан. Қарсыластарына қарағанда салмағы біршама төмен жерлесіміздің түйе балуандар сайысында сегізінші орын алғаны көп жайтты аңғартады. Айбек 2012 жылы Алматы қаласында қоян-қолтық жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында қарсыластарын түгел ұтып, өз салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалады. Тағы бір шәкірті – Мақсат Нүсіпов. Ол қазақ күресінен Еуропа чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, ол Мароккода 35 жастан асқан самбо шеберлері арасында өткен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, чемпион атанды. Ғани Ысқақов пен Сәкен Қаражанов ел біріншілігінің қола, ал Руслан Есенбергенов – жастар арасындағы ел чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие болды. Білікті бапкердің шәкірттерінің арасынан облыстық және республикалық сайыстарда топ жарып, үздіктердің қатарынан көріне білген Дәурен Нұрғожинды, Дәурен Есләмовты, Дулат Алпысовты, Исатай Макарамовты ерекше атауға болады.
Есләмбек Бекмұрзин – Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, жоғары санатты жаттықтырушы. Төл өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының арнайы медалімен және “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісімен марапатталған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.