Облыста бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген 270 адам анықталды. Олардың 123-інің үш айдан артық төленбеген берешегі бар. Ал 147 адам мүлдем алимент төлемеуде. Баласын несібесінен айырып жүрген бұл әкелердің ортақ қарызы 65 млн. теңгеден асып кетті. Араларында баласына 4 млн. теңгеге дейін берешегі барлар кездеседі. Былтыр жеке сот орындаушыларының ұсынуымен алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты 79 қылмыстық іс қозғалды. Олардың тек біреуі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
20 желтоқсан күні Қызылжар аудандық соты алимент төлемеген борышкердің 1 жыл бас бостандығын шектеу түрінде үкім шығарды. Оған қатысты пробациялық бақылау шарасы қолға алынып, жазаны өтеудің барлық кезеңіне мәжбүрлі түрде еңбекке тартылды. Алимент төлеуден жалтару үшін борышкер ресми жұмысқа орналаспаған, кездейсоқ табыс тауып күн көрген оның берешегі 3 млн. теңгеден асқан.
42 адам көлік құралын басқару құқығынан уақытша айырылды. 100 іс бойынша борышкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 67-сіне әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылды. Былтыр алимент төлеуден 2 жыл бойы қашып жүрген борышкер полицейлермен бірге ұйымдастырылған арнайы рейд барысында ұсталды. Жеке сот орындаушысының ұсынысымен оның көлік жүргізу құқығы уақытша шектелген. Ер адам соған қарамастан рөлге отырған. Оның көлігі айып тұрағына қойылып, өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Борышкердің балаларына қарызы 1 млн. 600 мың теңгеден асып кеткен.
– Қазір жеке сот орындаушыларының қолында алиментті өндіріп алу жөнінде 6168 іс бар. Олардың 28-і әйел адам. Жалпы 3 айдан артық алимент төленбесе, сот орындаушысы қарыз мөлшерін анықтап, шара қолдануға міндетті. Борышкердің шоттарына, мүлкіне тыйым салынады. Мүлкі қарызды жабу үшін сатылып, көлік жүргізу құқығынан айырылады. Әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – дейді облыстық әділет департаменті сот актілерін орындау бөлімінің жетекшісі Жұлдыз Баймашева.
Жақында әділет департаменті мен аумақтық жеке сот орындаушылар палатасы және медиатор мамандар өзара меморандумға қол қойды. Жұлдыз Баймашеваның айтуынша, меморандумға қол қою арқылы алиментті өндіріп алуға және баламен қарым-қатынас жасауға қатысты істерді біршама қысқартуға мүмкіндік бар.
– Әлемдік тәжірибені ескерсек, медиаторлар көп жағдайда тараптарды екі жаққа да тиімді жолмен келістіреді. Өтінім берушілер өзара татуласқаннан соң, жеке сот орындаушылар бұл істі әрі қарай жалғастырмайды. Заңның 47-бабы 1-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу тараптары дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса, атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады.
Егер екі тараптың біреуі өз уәдесінде тұрмаса, сотқа арызданып, 3 күннің ішінде істі қайтадан жандандыруға болады. Мәселен, былтыр 15 отбасы медиациялық келісім арқылы өзара татуласып, сот ісін тоқтатты, – дейді бөлім басшысы.
Жеке сот орындаушылары борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында облыстың жұмыспен қамту бөлімдерімен және прокуратурамен бірлесіп бос орындар жәрмеңкесін де өткізеді. Осы шараның нәтижесінде жұмыссыз жүрген 92 борышкер есепке қойылды, оның 9-ы жұмысқа орналастырылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.
Сурет: https://kaztag.kz/