Елімізде мал шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, мемлекет тарапынан асылтұқымды мал өсіруге қолдау бар. «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламалары бойынша өрісін төрт түлікке толтырамын дегендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мал шаруашылығын қолдаудың тиімді тетіктері туралы айтты. Мал басын асылдандыруға басымдық берілу қажеттігін ескертіп, ет өнімдерін әзірлеуде кенжелеп қалған тұсымыз көп екенін назарға салды. Бұрын шаруалар тек мал басын арттырумен ғана шектелсе, қазір оны асылдандыруға күш салуда. Мұның барлығы – мемлекеттік бағдарламалардың тікелей жемісі. Мәселен, бір Ақжар ауданының өзінде мал басын асылдандырсақ деген талпыныс ерекше. Нәтижесінде төрт түліктің өсімі артты. Бұл бағытта біздің “Бекет” шаруашылығы да құр алақан емес. Басшымыз Марат Шәпенов ірі қарадан бөлек жылқы мен қойдың да санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Бүгіндері қорада 2420 бас ірі қара мен 1125 жылқы бар.
Осыдан үш жыл бұрын сүт өндіруге бет бұрған болатынбыз. Дәуіт ауылының маңында иесіз жатқан жерді кәдеге жаратып, мал шаруашылығы кешенін тұрғыздық. Былтыр заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, желіні жер иіскеген 600 бас симменталь сиыры сатып алынды. Ал биылғы қаңтар айының соңында қорадағы мал басы тағы 102 ірі қарамен толықты.
Симменталь тұқымы етті-сүтті бағытқа жатады. Фермерлер арасында бұрыннан сұранысқа ие бұл ірі қара етінің сапасы өте жоғары болғанымен, негізінен, сүт өндіру мақсатында өсіріледі. Көптеген елдерде сұранысқа ие. Бұл тұқымның бір ерекшелігі – дұрыс күтім көрген жағдайда бұзаулары тәулігіне бір килограмға дейін салмақ қосады.
Әрбіреуі бір миллион теңге тұратын асылтұқымды малды қыс ортасында Австриядан жеткізу оңай боған жоқ. Жүк көліктері бір апта бойы жолда жүргеніне қарамастан, мал шығынына жол бермедік. Ендігі басты мақсатымыз – сол сиырларды жерсіндіріп, кейін санын көбейту. Бірінші кезекте шетелден келе жатқан мал орналасатын жайлы қора-қопсы салу мәселесіне жіті көңіл бөлінді. Заманауи құрал-жабдықтары бар арнайы қора тұрғызылды. Онда өнімділігі жоғары малға барлық жағдай жасалған. Шетелдік сиырлар ветеринарлық талапқа сай 21 күн бойы карантинде болады.
Бір атап өтерлігі, шаруашылықтағы жұмыстың көбі автоматтандырылған. Жемазық миксердің көмегімен өңделсе, кейін ол арнайы құрылғымен малдың оттығына жеткізіледі. Соңғы жылдары қожалық басшылығы гидропонды жасыл жем өндіру жобасын қолға алуда. Былтыр қажетті гидропонды жасыл жем өндіретін құрал-жабдықтар сатып алынып, жылыжайлар салынды. Онда мал азығына қоспа ретінде пайдаланылатын арпа өсіріледі. Қысқа мерзімде өсірілетін дақыл дәрумендер мен макромикроэлементтерге бай. Оны жемге қосу арқылы сиырлардың сүттілігін арттыруға және тез семіртуге болады. Бір-екі жыл бұрын біз мұндай технологияны игереміз деп ойлаған да жоқпыз.
Дегенмен, ешқандай техника өз ісін жетік білетін мамандарды алмастыра алмасы анық. Осы орайда Зеңгі баба тұқымының қыр-сырын жақсы білетін К.Қойшыбаев, Б.Мұхамеджаров, Т.Әбілтай, Х.Кәрімов және С.Жақсылықов бастаған жұмысшыларды ерекше атап айтуға болады. Шетелдік сиырлар осы мамандарға сеніп тапсырылған.
Шаруашылық басшылығы 2019 жылы ауыл маңында 900 басқа шақталған бордақылау алаңын салған болатын. Осылайша, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, елді мекеннің әлеуетін көтеру бойынша нақты қадамдар жасалуда. Тіпті, оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмысқа алып, оларға баспана тұрғызылуда. Бүгінгі таңда сырттан келіп, маусымдық жұмыс істейтіндердің уақыты өтті. Сондықтан біздің серіктестік ауыл шаруашылығы мамандығын игерген жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға тырысады. Туған ауылының дамуына өзіндік үлесін қосуға ниетті азаматтарға жұмыс қашан да бар.
Ауыл еңсесінің көтерілуі, әлеуметтік-экономикалық жағынан гүлденуі де – шаруа қожалығы басшысының назарында. Елді мекен тұрғындары кәсіпкердің қамқорлығын көріп, алғыстарын айтуда.
Берік МҰХАМЕДИЯРОВ,
“Бекет” шаруа қожалығының басқарушысы.
Ақжар ауданы.