Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған “Тәуелсіздік: Мәңгілік елдің берік тұғыры” атты республикалық онлайн конференция өтті.
Конференцияға модераторлық еткен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова өз сөзінде биыл еліміздің басты мейрамы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтілетінін, осыған орай кешенді іс-шаралар ұйымдастырылатынын хабарлады.
– Тәуелсіздік – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың нығая түскенін паш ететін маңызды белес. “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру туралы кемел ойларымен бөлісті, пандемия кезеңінде маңызды мәселелердің оңтайлы шешілу жолдарын ортаға салды, – деді Сәуле Зейноллақызы. Президент мақаласының ең негізгі бөлімі ел тарихы мен оның терең зерттелуіне арналған.
Осы тұрғыдан алғанда тарихшы-ғалымдардың, архив қызметкерлерінің алдында басым міндеттер тұр. Олар: тарихи тақырыптарға мақалалар жазу; Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бай мұрасын дәйекті зерттеу; 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа байланысты тиісті тарихи құжаттарды егжей-тегжейлі зерделеп, талдап, осы қасіретке объективті баға беру; Желтоқсан батырларының ерлігі мен батырлығын жан-жақты бағалап, дәріптеу; Семей ядролық полигонына арналған арнайы іс-шара өткізу және тағы басқа. “Архив тарихтың ажырамас бөлігі болып табылатыны және тарихи оқиғаларға байланысты барлық құжаттар осында сақталатыны баршамызға мәлім. Тарихшыларға, зерттеушілерге, өлкетанушыларға Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін қандай да бір құжаттарды табуға көмектесетін дереккөз базасы болып табылады. Біз құжаттарды іздеуге және бағдарламалық мақаланың міндеттерін бірлесіп жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз”, – деді мұрағат басшысы.
Онлайн-форматта өткен жиында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Зарқын Тайшыбай “1921 жылғы “Есіл көтерілісін” Қазақстанның Тәуелсіздігі аясында тарихи тұрғыда бағалау мәселелері”, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Жангуттин “Мағжан Жұмабаевтың ғұмырнамасы”, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер “Алаш және тәуелсіздік: тарихи сабақтастық пен елдік мұрат бірлігі”, осы жолдардың авторы “1986 жылғы желтоқсан оқиғалары – Тәуелсіздік үшін күрестің беташары” деген тақырыптар бойынша баяндама жасады.
Жиында Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, 1920-1930 жылдардағы ашаршылыққа, түрлі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар мен отбасыларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу, мәліметтерді жинақтап, бірізділендіру, өңірдегі бірегей киелі орындарға тарихи экспедициялар ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.