«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕРЕКЕДЕ” ҚОНЫСТОЙЛАР КӨБЕЙЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары облыс орталығында құрылыс жұмыстарының қарқыны артып, түрлі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салынуда. Шаһар шетіндегі “Береке” шағынауданында жыл соңына дейін көпқабатты 5 баспана пайдалануға берілмек. Жалгерлік-коммуналдық тұрғын үйлер қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі жергілікті БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, жаңа нысандармен таныстырды.

Баспасөз турына қатысушылар ал­дымен бесқабатты үш тұрғын үйді көрді. Бұл баспаналарды салу өткен жылдың маусым айында басталған. Әрқайсысында 100 пәтерден. Мердігер – “Лира” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген. Компания директоры Андрей Радченконың айтуынша, жұмыста іркіліс жоқ.
– Біз салып жатқан баспананың орнында бұған дейін бес жер үй бол­ды. Оның төртеуі сырылып, біреуі қалды. Сондықтан ғимараттың келесі блогын тұрғызуды қоя тұрып, жоғары қабаттарды көтерудеміз. Ауа райының суытқанына қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ. Бүгінде құрылыс алаңында 40 адам жүр. Орташа айлық жалақы 200 мың теңгені құрайды, – деді серіктестік басшысы.
Мердігер көктем шыға ғимарат­тың ішкі әрлеу жұмыстарына және айналаны абаттандыруға кіріспек. Бір атап өтерлігі, үйдің құрылысына, негізінен, отандық материалдар пайдаланылуда. Кірпіш Көкшетау қаласынан жеткізілсе, темір-бетон өнімдері – жергілікті “Единство” ЖШС-нікі. Нысан шілде айының соңында пайдалануға берілмек.
Журналистер бас сұққан келесі нысан –128 пәтерлік екі тұрғын үй. Құ­рылысқа “Зерттеу СҚ” ЖШС-і жауапты. Бетон панельдерден салынып жатқан баспаналар алдағы айда қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының айтуынша, жыл соңына дейін “Береке” шағынауданында 500-ден ас­­там отбасы қоныстойын атап өтпек.
– Қазіргі уақытта тағы екі ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сәуір айында тиісті құжаттар дайын болған соң осы маңдағы жер үйлер сырылып, иелеріне өтемақы немесе пәтер беріледі. Бұл жерде салынатын үйлер “Отбасы банкі” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы үлестіріледі, – деді бөлім басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрболат Мужикенов.
Өткен жылы өңірде 306 мың шаршы метр немесе 3300-ден астам пәтер пайдалануға берілген. Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 15,6 млрд. теңге бөлініп, 340 мың шаршы метр немесе 3700 пәтер салу жоспарланған.

Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp