Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы “ZOOM” платформасы арқылы өтті. Кеңес Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данияр Жолдасбаевқа қатысты тәртіптік істі қараудан басталды.
Былтыр 17 желтоқсанда мас күйінде автокөлік жүргізген ол сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан жеті жылға айырылып, он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Кеңес мүшелері бөлім басшысының бұл қылығы Әдеп кодексін және “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңды бұзу болып табылатындығын айтып, оны қызметінен босату туралы ұсыныс жасады.
Бұдан кейін кеңесте Қызылжар аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайсар Әміринге және Лесной ауылдық округінің әкімі Абылай Жақыповқа қатысты тәртіптік істер қаралды. Бұлардың мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені анықталды. Атап айтқанда, олар техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін, сондай-ақ, келісімшартта белгіленген мерзімде жүргізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылған жұмысты қабылдаған. Осылайша, округ әкімі мен бөлім басшысы заңды белден басып, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде тауар жеткізушіге басымдық берген. Ал “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңға сәйкес ауылдық округ әкімі келісімшарт талаптарын бұзу фактісі туралы білген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тауар жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуі тиіс еді. Тәртіптік істі қарау нәтижесінде кеңес мүшелері аталған азаматтарға қызметіне толық сай еместігі түрінде ескерту берумен шектелді.
Отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың әріптестеріне айтқан орынсыз сөздері де назардан тыс қалмады. Кеңес мүшелері оған сөгіс немесе ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Бірақ дауыс беру нәтижесінде кеңес мүшелерінің көпшілігінің ұсынысымен мемлекеттік қызметші ескерту алумен құтылатын болды. Одан бөлек, кеңес мүшелері әдеп нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің әріптестеріне әр кез сыпайылық танытулары керектігін тағы бір мәрте айтып өтті.
Жиын барысында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Сейілхан Серікбаевтың өткен жылы атқарған қызметі жайында баяндамасы тыңдалды. Ол есепті кезеңде 185 жеке қабылдау өткізгенін, оның ішінде 37-сі өңір аудандарында болғанын жеткізді. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 254 мемлекеттік қызметші мен азаматқа консультативтік көмек берген.
Сонымен қатар жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру шаралары туралы айтылды. Ал Петропавл қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Асқар Хабибулин мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптары мен жұмыс уақытын сақтау үнемі айтылатынын тілге тиек етті. Бұдан кейін мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы өткен жылы өңіріміздің әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне қатысты 622 тәртіптік жаза қолданылғанын, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға аз екенін жеткізді. Сонымен қатар Әдеп кодексін бұзғаны үшін жаза 22,7 пайызға қысқарған.
Кеңес соңында мемлекеттік органдардың басшыларына, тәртіптік комиссия төрағаларына тиісті ұсынымдар берілді.
Сәлима БАЗАРБЕКОВА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.