«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨНБЕСЕ ЕКЕН СОЛ СӘУЛЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірде адамзат тарихындағы ұлы ой саңлақтары Гегель мен Канттың ілімдерімен сусындап, Қаныш Сәтпаев, Салық Зиманов, Шафиғ Шокин, Сақтаған Бәйішев сынды ғұламалардан дәріс алып, диалектикалық логика саласында қазақ ғылымының қазығын қаққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Әбділдиннен арайлап атқан азаттық таңының мән-мағынасы туралы сұрағанымда, “Тәуелсіздікті тек атқан таңмен, шыққан күнмен салыстыруға болады”, – деген еді. 

Иә, біз үшін Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Сол Тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін біз аш-жалаңаш жүрсек те, қоғам өміріндегі барлық келеңсіздіктерден арылуға тиіспіз. Десек те, ол оңай соғып жатқан жоқ. Мысал үшін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесін алайық. Оның тамырына балта шабамыз деп білегімізді сыбанып, іске кіріскенімізге де біраз уақыт болып қалды-ау?! Бірақ нәтиже біз күткендей болып отырған жоқ. Ортақ игілігімізге көз алартып, қол сұғушылар, тер төкпей жеңіл жолмен байлыққа кенелгісі келетіндер көбеймесе, азаяр емес. Неге бұлай болып отыр? Тиісті заңнамалық негіз жасалды. Қылмыс жасағандар жазадан да құтылып жатқан жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күресушілердің қармағына бұрындары тек шабақтар ғана іліксе, енді шортандар мен жайындар да құтылмайтын болды. Тағы не істеуіміз керек?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп өткізген шара барысында қатысушылар осы сауалдың жауабын іздеді. Талқылау көрсеткеніндей, бұл ретте біздің назарымыздан тыс қалып келе жатқан мәселелер де бар екен.
Қоғамда кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру үшін парасаттылық идеологиясын ілгерілетуіміз, ең алдымен, адалдықты насихаттауымыз, бір сөзбен айтқанда, бекзат болмысты азамат тәрбиелеп, өсіруіміз керек. Онлайн режімде өткен бас қосуға қатысушылардың – ақын-жазушылардың, білім, мәдениет саласы қызметкерлері мен дін өкілдерінің ортақ ойының түйіні бұл! Иә, біз осы уақытқа дейін ұлы Абайдың “Толық адам” туралы іліміне, “Ел боламын десең – бесігіңді түзе!” деген сөздердің астарына терең бойлай алмадық. “Біреудің ала жібін аттама”, “Ұрлық түбі – қорлық”, “Өлімнен ұят күшті”, “жаман, обал болады” деген ұғымдарды ұмыттық. “Ештен де кеш жақсы” дегендей, енді ес жиып, “тал қармаған” жайымыз бар. Енді бізге шегінетін жер жоқ, жарқабаққа тіреліп тұрмыз. Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін.
Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қайткен күнде де парасаттылық пен саналылықты алға шығаруымыз керек. Бұл іспен осыдан бір ай бұрын елордадағы ұлттық академиялық кітапханада жұмысын бастаған “Парасат жолы” орталығы айналысуда. Қуанарлығы сол, бұдан былай олар жалғыз болмайды: шара барысында осындай орталықтардың Қазақстанның барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында іске қосылатыны айтылды. Қадірлі қауым, ендігі жерде жаңа орталықтарды ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, аға буын мен жастардың сыр-сұхбат құратын алаңына айналдыру – біз бен сіздің міндетіміз. Жастарымызға “Байлық байлық емес, бірлік – байлық”, біздің басты игілігіміз ұлттық құндылықтарымыз екенін, елін сатып асағанның, екі күн ғана жасайтынын түсіндірейік. Жемқорлықпен ел болып күресейік, емін табайық!
Мен өңірімізде өтіп жататын түрлі шараларға жиі қатысамын. Солардың бәрі бірдей жақсы әсерге бөлейді десем, асыра айтқандық болар еді. Ал осы жиыннан біртүрлі қанаттанып шықтым. “Парасат жолы” басқалардың да жан дүниесін жылытып, жүректеріне сәуле түсіргендей көрінді маған. Ендігі жерде сол сәуле сөнбесе екен!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp