«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫ ҚҰЮҒА НИЕТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Чехияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болды. Екіжақты кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды.

Құмар Іргебайұлы мәртебелі мейманды аққайыңдар өлкесінің әлеуметтік-экономикалық даму жайымен таныстырып, ауыл шаруашылығына кеңінен тоқталды. “Бұл сала бәрімізге жақсы таныс. Сіздерге зығыр, рапс, күнбағыс дақылдарын экспорттаймыз. Біз Чехиядан асылтұқымды мал әкелеміз. 2019 жылы 22 шаруашылық симменталь тұқымды ірі қара сатып алды. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады”, – деген өңір басшысы әріптестік қарым-қатынасты нығайтудың озық үлгісі ретінде генетикалық орталық ашуды ұсынды. Яғни, асылтұқымды сиырлар алыстан жеткізілмей, жергілікті жерлерде өсірілсе, оның тиімділігін, бірінші кезекте инвесторлар сезінер еді. Мұның өзі мал шаруашылығының әлеуетімен қоса өнімділігін де арттыра түсері анық.
Облыста өңдеу саласы да оң үдеріске ие. Тайынша ауданында Еуропаға экспортқа жөнелтілетін биоэтанол өнімі шығарылады. Солтүстік Қазақстанда астықты тереңдете өңдеу тәжірибесі қалыптасқан. Осындағы зауыт әріптестікке де, өнімін ұсынуға да әзір.
Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл жылы ықыласқа толы жүздесу үшін облыс әкіміне алғысын айта келіп, озық технологияларға негізделген инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Чехия да – өңдеу өнеркәсібіне бағдарланған мемлекет. Қазақстаннан бұл елге экспортталатын өнімнің үштен бірін мұнай құрайды.
Тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделілік танытқан қос тарап балық шаруашылығына қатысты пікір алмасты. Қазақстандағы 6 мыңнан асатын көлдің жартысына жуығы Қызылжар өңірінде орналасқан. Экологиялық жағынан таза су айдындарында балықтың бағалы түрлері аз емес.
– Күнделікті тұтынатын тағам құрамында балық өнімдері мол болса, көптік етпейді. Мүмкіндігінше, балықты өзімізде өсірген дұрыс. Себебі, теңіз алшақ орналасқандықтан, тасымал елеулі қиындықтар туғызады. Жергілікті су арналарында өсіре білсек, балық шаруашылығы да – бағалы кәсіп. Өкінішке қарай, бұл салаға бет бұрған кәсіпкерлеріміз санаулы. Сондықтан чехиялық азаматтарды өңірімізге келіп, осы кәсіппен айналысуға шақырамын. Инвесторларға қалыпты жұмыс істеуге барлық мүмкіндік тудырылады, – деді Құмар Ақсақалов өз сөзінде.
Облыс экологиялық таза өнім өндіруге қатысты басқа да жобаларды ұсына алады. Мәселен, табиғи таза сүтке деген сұраныс жоғары. Жұмыртқа өндірісі де қарқын алып келеді.

Дана ЕШКЕНОВА. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp