«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАСТАУДЫҢ” ТҮЛЕКТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары “Бастау” бағдарламасы бойынша 938 өңір тұрғынын бизнес негіздеріне оқытты. Олардың 744-і мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болып, өз істерін ашқан.

Шағын бизнесін бастағандардың дені ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде. Қызмет көрсету саласын таңдағандар да аз емес. Бағдарлама аясында арнайы курсты тамамдағандардың орташа жасы 30 бен 49дың аралығын құрайды.
– “Еңбек” бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырған “Бастау” жобасы кәсіпкерлік пен микронесиелендіруді дамытуды көздейді. Оның нәтижесін соңғы бірнеше жылда көріп келеміз. “Бастаудың” арқасында жұмыссыз ауыл тұрғындары, тіпті, шалғай елді мекендегілер жеке шаруасын дөңгелету мүмкіндігін иеленді. Ал жас кәсіпкерлер болса, бастаған ісін одан әрі дамыта алады. Осылайша, олар өз жобаларын іске асырып қана қоймай, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жаңа жұмыс орындарын ұсынуда, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.
Бұл жобаға бірінші кезекте еңбекке жарамды мүгедектер, 50-ден асқан бірақ әлі зейнетке шықпаған жандар, жастар, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелері, елімізге келген қандастарымыз бен өзге облыстардан қоныс аударғандар қабылданады. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың зейнет жасына толмаған мүшелері, шаруа және фермерлік қожалық иелері де бизнес негіздерін оқи алады.
Өткен жылы оқу пандемия мен карантиндік шектеулерге байланысты тек онлайн түрде ұйымдастырылды. Ол үшін “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы аз ғана уақыттың ішінде қашықтан онлайн оқытатын “Atameken Academy” платформасын іске қосты. Оқу барысында қатысушыларға бизнес-тренерлер қолдау көрсетті. Бизнес мүмкіндіктерін анықтау үшін нарықтың маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Осылайша, қатысушылар теориялық білім алып, нақты жағдайларға қарап бизнес жоспарын әзірлей алды. Пандемия уақытында қол қусырып отырмай, жеке ісін ашамын дегендерге мемлекет жеңілдетілген несиемен, қайтарымсыз гранттармен қолдау көрсетті.
– “Бастаудың” биылғы 167 түлегі жеңілдетілген несие алды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 481 млн. теңге займына 152 жоба жүзеге асты. Ал аграрлық несиелік корпорациясы арқылы рәсімделген 42,5 млн. теңге несиеге жүзеге асырылған жоба саны – 15. Жалпы, 2020 жылы қаржылай көмек 1424 өңір тұрғынына көрсетілді. Яғни, олардың арасында “Бастау” бағдарламасы бойынша алдыңғы жылдары оқып шыққандар да бар, – деді Арман Оразғұлов.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp