«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУ ЗОР, ҚАЙТАРЫМ ТӨМЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиевтың есептік кездесуіне онлайн-режімде қатысып, бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан диқандары былтыр 185 мың гектар алқаптан 261 мың тонна ырыс дәнін жинаған. Машина-трактор паркі 130-дан астам жаңа техникамен толыққан. Ирландиядан 264 млн. теңгеге 300 бас, отандық шаруашылықтардан 52 млн. теңгеге 100 бас ірі қара сатып алынған. 815 шақырым автомобиль жолының 61 шақырымы қалпына келтірілген. 10 елді мекен таза ауызсумен қамтылған. Білім беру саласына 3 млрд. теңге бөлінген. Орталық аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарып, енді оған ауданаралық мәртебе беру жайы қарастырылмақ. Мәселе оң шешімін тапса, емдеу мекемесі Уәлиханов ауданының тұрғындарына да медициналық қызмет көрсететін болады. Биыл екі тауарлы-сүт тфермасының құрылысы басталмақ.
Дегенмен, безбенге салып таразыласа, жеткен жетістіктермен қатар кемшіліктер де жоқ емес. Оны Құмар Іргебайұлы атап көрсетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақжар ауданы 11-ші орында. Кәсіпорындар өндіріс көлемін 200 млн. теңгеге дейін құлдыратып жіберген. 260 шаруашылықтың 148-і ғана мал ұстайды. 28 шаруашылықта 104771 гектар жер телімінің пайдаланылмай, бос жатқаны анықталған. Астық шығымдылығы да ала-құла. Мысалы, “Ұялы Астық”, “Жарқын ЛТД” серіктестіктері гектарынан 32-27 центнерден айналдырса, “Алқатерек Агро”, “Данил” шаруашылықтары 5 центнерден ғана өнім алған.
– Алдағы бес жылда жүзеге асуы тиіс ірі жобаларды белгілеп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын дамытуға, инвестиция тартуға басымдық беру қажет. Ауданда бір ғана сүт кешені бар, ол “Бекет” фермерлік шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы жұмыстарды жеделдету керек. Бірқатар аудандар сүт өндіруде көшбасшы болып отыр. Солардан үлгі алу керек, – деген өңір басшысы жерді тиімсіз пайдаланған диқандарға заң жүзінде шаралар қолданылып, қайтарып алу талаптары күшейтілетінін ескертті.
Аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға облыстық қазынадан 6 млрд. теңге қарастырылғанымен, нәтижесі байқалмайды. Орта және шағын бизнесті өркендетуге арналған бағдарламалардың орындалуы да көңіл көншітпейді. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 10 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінгенімен, бірде-біреуі пайдалануға берілмеген. Жаңа өндіріс орындары ашылмаған.
Облыс әкімі осы салаға да баса назар аударып, орын алған олқылықтарды реттеуді міндеттеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp