«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАРЖАЙДЫ САТУ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Коронавирустық инфекцияға байланысты 9 ай бойы жабық тұрған “Петропавл автовокзалы” ЖШС-і 9 млн. теңге шығынға батқан. Енді нысан иесінің сапаржайды сатудан басқа амалы қалмағанға ұқсайды.

Тығырыққа тірелген кәсіпорынның жанайқайы облыстық кәсіпкерлер палатасын да бейжай қалдырмады. Кезекті отырыста жеке кәсіпкер Александра Сысоеваның хабарламасы тыңдалып, ол пандемия басталғалы кірістен айырылғанын, 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап автовокзалдар мен тасымалдаушылардың жұмысына шектеу қойылғанын, халықаралық, облысаралық жолаушылар тасымалы болмағанын жеткізді.
– Автобустардың қаңтарулы тұрғанына жылға жуықтады десе де болады. Ал жекеменшік көлік иелері тарапынан жолаушыларды заңсыз тасымалдау тыйылар емес. Вокзал алаңынан адамдарды жинап алып кетеді. Олар жеңіл көлікпен ғана емес, шағын автобустармен де жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Автобустар болса жарты жылдан бері жақын қалаларға да шыға алмай отыр, – дейді “Петропавл автовокзалы” ЖШС-інің директоры Александра Сысоева шарасыздықтан алақан жайып.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлердің айтуынша, еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №68 қаулысының №4 қосымшасына сәйкес (2020 жыл, 25 желтоқсан) өңір “сары” және “жасыл” аймақта болса, қалааралық, облысаралық автобустар мен шағын автобустар 300 шақырымға дейін жүре алады делінген. Алайда, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстары коронавирустың таралуы бойынша 2020 жылдың 25 желтоқсанынан 2021 жылдың 9 қаңтарына дейін “сары аймақта” бола тұра, бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сондай-ақ, 2020 жылдың тамызында кәсіпорын “ИнфоҚазақстан” электронды платформасы арқылы санитарлық талаптарға сай келетінін растап, өз жұмысын жалғастыруға рұқсат алған. Бірақ белгісіз себептермен іске кіріспеген. Облыстың бас санитар дәрігерінің №40 қаулысы да қатаң шектеу шаралары енгізілген елді мекендерді қоспағанда, автовокзал, автостансалардың жұмысына, қалааралық, облысаралық тасымалмен айналысуға рұқсат береді.
Кәсіпкерлер палатасының отырысында автовокзалдың өкілдері рұқсат етілген арақашықтықты 500 шақырымға дейін ұзартуды сұрады. Олар әр 2-2,5 сағат сайын жолаушылардың маскаларын ауыстыруға дайын екендіктерін де мәлімдеді. Сонымен бірге автокөлікті санитарлық өңдеу талаптарын да қайта қарап, тәулігіне екеуге дейін қысқарту қажеттігін өтінді. Мұндай өзгерістер Қостанай облысына ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласына да рейстерді қайта жандандыруға мүмкіндік бермек.
Нақты шешім коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралатын болды. Ал автовокзал иелері жағдайдың түзелуін күтпей-ақ нысанды саудаға шығаруды ниет етіп отырғанға ұқсайды. Тіпті сатылым бағасын 400 млн. теңге деп бел-гілеп қойыпты.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы. 

 

Сурет: https://petropavlmaps.ru/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp