«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ағайынның ақылшысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отбасының береке-бірлігін келтіріп, өмірдің биік белесіне адал еңбегімен, адами қасиеттерімен, кісілік келбетімен, жай­дары мінезімен жеткен, көңілі ашық-жарқын, жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандар зор құрметке лайық. Сондай жанымызда жүрген жақсылардың қатарынан ойып тұрып орын алатын Болат Рақышевтың өмірі – көптеген отбасыларға үлгі-өнеге.

Ол – Тайынша ауданына қарасты Кирово ауылының тумасы. Ата-анасынан ерте айырылып, бала кезінен жетімдіктің ащы зарын татты. Жастайынан еңбекке араласып, маңдай термен келетін нанның дәмді болатынын ұғынды. Сөйтіп, еңбекпен есейген Болат Томайұлы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, зор талпынысымен көзге ілікті. Аз уақыттың ішінде бір­неше жоғары марапатқа ие болды. Солардың қатарындағы “Еңбек Қызыл Ту” ордені мен үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” ордені нағыз адал еңбектің куәсіндей бүгінгі күні зейнеткердің кеудесінде жарқырап тұр.
Болат Рақышев еңбек еткен жылдары бұрынғы Кирово кеңшарының 5 мыңдай тұрғыны бол­ған екен. “Ол кезде ауылда қайнаған қызу еңбек. Өзге ұлт өкілдері бізбен бірге мол астық алуға белсене кірісіп, кеңшарымыздың өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысты. Қуантқаны, біздің жерді паналаған ағайындар салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге құрметпен қарап, шын дос болуға тырысты. Құрбан айт, Наурыз мейрамы мен басқа да төл мерекелерде жергілікті халықпен бірге қуанып, достықтың нағыз үлгісін көрсетті. Ана тілімізде таза сөйлеп, балаларын қазақ мектептеріне бергендері қаншама?!” – деп кейіпкеріміз өткен күндерді тебіреніспен еске алды.
Жерлесіміз өмірлік жарын таңдауда да қателеспепті. Тағдыр қосқан қосағы, отбасының ұйтқысы Айтжан Ережепқызымен бір мектепте оқып, балалық дәурен мен жастық шақты да бірге өткізген. Қос ғашық үйленіп, шаңы­рақ құруға серттескенде екі жақта да салт-дәстүрімізге сай той жасалған. Болат ағамыздың туыстары құда түсіп, қалыңдықтың ата-анасының ақ батасын алған соң ерлі-зайыптылар қол ұстасып, үлкен өмірге аяқ басыпты. 52 жыл отасқан жұп 2 ұл мен 2 қыз өсіріп, оларды халқымыздың “еңбек етсең емерсің” деген нақылына сай тәрбиеледі. Бүгінгі таңда сол балаларынан он немере сүйіп отырған біздің кейіпкерлеріміз өткен күндері мен өмір белестерін ерекше тебіреніспен еске алады.
Айтжан Ережепқызы да бала тәрбиесімен, үй шаруасымен ғана айналыспай, қажет кезде жұ­байына қолдау көрсетіп, еңбектен қол үзген жоқ. Ол да өмірдің бар қызығы, адамның адамгершілігі еңбекпен ұштасатынына иланды. “Бізді әкеміз солай тәрбиеледі. Таңалакеуімнен кеш қарайғанға дейін тынбайтын едік”, – дейді Айтжан әжей. Оның әкесі екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанып, аман-есен елге оралған. Жасынан еңбекпен шыныққан, қазақтың қара сөзіне, салт-дәстүріне ерекше көңіл бөлген жан. Ақ жаулықты ананың айтуынша, қарт тіпті өзінің 90 жасында да шөп шауып, шаруадан қол үзбепті. Ақыл мен парасаттың иесі, көрегендігі мол, өзінікі түгіл, өзгенің де сырын ұға алатын, қолынан келген көмегін аямайтын иманжүзді, сабырлы адам қызы мен күйеу баласына да бар білгенін айтып, ақтық демі қалғанша ақылшы болған.
Туған-туыс, құрбы-құрдастары бұл отбасын ерекше құрметтейді. Ағайын-туыстың қуанышы мен қайғысы бұл екі қарияның қатысуынсыз өтпейді. Олардың кейінгі жастарға да айтары көп. “Отбасында жақсы ахуал орнауы үшін, ең алдымен, ерлі-зайыптылар арасында бір-біріне деген сенім мен құрмет болуы тиіс. Бірлік, сыйластық, сабырлық, адалдық пен татулық жүрген жерде қарым-қатынастың да беки түсетіні сөзсіз. Сондықтан жастар алдымен осы қасиеттерге мән берсе екен деймін”, – дейді Айтжан Ережепқызы.
Қасиетті қарашаңырақтың түтінін түтетіп, ұрпақ өсіріп отырған осынау қарапайым жандарға, шынымен де, қызыға қарайсың. Өткен өмір белестерінен сыр шерткен екі адамның ұзақ әңгімесінен көп ғибрат алуға болады. Отағасының ақырын айтқан сөзіне ақ жаулықты ананың өзінің баяу, сабырлы да салмақты даусымен жауап беріп, күлімсіреген көздерімен ұғынғаны қандай жарасымды?!

Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.

СУРЕТТЕ: ерлі-зайыпты Рақышевтар.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp