Бала құқықтары туралы конвенцияда: “отбасы қоғамның және оның барлық мүшелерінің, әсіресе, балалардың өсуі мен қалыптасуындағы ең маңызды ортасы болып табылады” делінген. Сәби жеке тұлға ретінде толық және үйлесімді дамуы үшін отбасылық ортада, бақыт, сүйіспеншілік және түсіністік жағдайында өсуі қажет. Алайда, түрлі өмірлік жағдайларға байланысты олардың бірқатары ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленуде. Бүгінгі күні облыс орталығында орналасқан осындай ұйымдар тағдыр тәлкегіне ұшыраған балғындардың толыққанды азамат болып өсуіне жағдай жасауға тырысуда. Балаға өз үйіндегідей орта қалыптастыруға, үлкен өмірге дайын болуға үйретеді.
Біздің елде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасында тәрбиелеудің бірнеше нысаны бар: асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), баланы қабылдайтын отбасы және патронаттық қамқорлық. Бала асырап алуға мүдделі отбасыларға мағлұмат беруге арналған бұл мақалада біз бұл істің қандай жолдар арқылы жүзеге асатынын түсіндіріп өтуді жөн көрдік.
Бала асырап алу сот шешімімен жүзеге асырылады. Осыдан кейін бала мен асырап алушының арасындағы құқықтар мен міндеттер кәдімгі отбасындағыдай қалыптасады. Ата-аналар баласының тегін, есімін және әкесінің атын, туған күнін өзгерту құқығына ие. Құқықтар толық ресімделген соң ата-ана бала күтімі бойынша тиісті демалысқа шыға алады және 75 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі бір реттік жәрдемақыға ие болады.
Біздің елде баланы қабылдайтын ата-аналарға жалақы төлеу де заңмен реттелген. Қамқоршы болуға ниет білдіріп, баланы отбасына қабылдаған ата-ана оның толыққанды заңды өкілі атанып, күтіп-бағу үшін ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алу құқығына ие. Сондай-ақ, бүлдіршіннің денсаулығына, мүлкінің сақталуына жауапты. Бұл орайда баланың ата-әжесі немесе туыстары да балаға қамқоршы болып, тәрбиесімен айналысуға құқылы екенін атап өткен жөн.
Қорғаншы және қамқоршы органдар белгілі бір кезеңге дейін жаңа отбасына барған сәбидің немесе жеткіншектің жағдайын бақылап, оның денсаулығына, білім алуына және тәрбиесіне қадағалау жүргізе алады. Ал қорғаншылықта (қамқоршылықта) бола алмайтын балалар патронаттық тәрбиеге беріледі. Мұндай әдіс ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қамқоршы органдар мен патронат тәрбиешілер арасындағы келісім негізінде белгіленеді. Бір отбасына патронаттық тәрбиеге берілген балғындардың жалпы саны үш баладан аспауы тиіс. Бұл міндетті өз мойнына алған ерлі-зайыпты облыс аумағынан көшуге құқығы жоқ, керісінше болған жағдайда келісімшарт бұзылады. Патронат тәрбиеші де бұл міндеті үшін 10 АЕК көлемінде еңбекақы алады. сондықтан қорғаншы және қамқоршы органдар баланы қабылдайтын және патронаттық отбасылардағы баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және оқыту жағдайларын, сондай-ақ, қаражаттың жұмсалуын үнемі қадағалап отырады.
Патронаттық тәрбиеге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған бала кез келген жағдайда өзінің тегі, есімі, әкесінің аты, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу, алименттерді, жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді сақтау құқығына ие. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилерді асырап алу туралы шешім қабылдаған азаматтар міндетті түрде психологиялық дайындық туралы куәлік алуы қажет. Мұндай құжатты балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді. Былтыр облысымызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 103 бала өз отбасын тапты. Соның ішінде қорғаншылық (қамқоршылық) бағыты бойынша – 15, патронаттық тәрбие бойынша 7 бала тәрбиеленуде.
Ғалия ІЛИЯСОВА,
облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету
департаменті басшысының орынбасары.