«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ІЗГІЛІК НЫШАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отбасы – алтын діңгек. Себебі, адам шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан бастап, өз ұясында өсіп, ержетеді. Ата-анасының тәрбиесін алып, үлкен өмірге аяқ басады.

Қазақтың халық ақыны Қасым Аманжо­лов зайыбына арнап жазған бір шығармасында: “Отбасы – шағын мемлекет! Мен – президент! Сен – премьер!” – деген екен. Қазақ отбасында әуелгі орында – әке, содан кейін ана тұрады. Отбасының ұйытқысы, берекесі, сәні әйел десе, ер-азаматтар өз шаңырағына қорған болатын асыл адамға баланған.
Шынында да, отбасының шаттығы, бірлігі мен ынтымағы отағасына, шаңырақ иесіне байланысты емес пе? Бала үлгі-өнегені алдымен отбасында өз ата-анасынан алады. Сондықтан әке мен ананың өзара татулығы, бір-біріне деген жанашырлығы, сыйластығы, ағайынмен қарым-қатынасы, көршімен татулығы – осылардың бәрі маңызды. Жақсы отбасында өмір сүрген жастар кейін өздері шаңырақтарын көтергенде ұяда көргенін істеуге ұмтылады.
Алайда, қазір отбасы мәселесі тым ақсап тұрған сияқты. Кейінгі кезде шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп, сәбилер әкесіз тәрбиеленуге мәжбүр болуда. Осындай келеңсіз көріністер қоғам үшін үйреншікті жағдайға айналған сыңайлы. Әсіресе, аға буын өкілдері жастарға ақыл айтып, дұрыс жолға салудың орнына немқұрайдылық танытатындай. Ең қорқыныштысы – осы. Жас отбасыларымыз ажырасып, шаңырақтары шайқалып жатса, сонда қазақ елінің болашағы қандай болмақ? Елін, жерін, халқын қорғайтын, тәуелсіздігін нық ұстайтын саналы да сапалы жас ұрпақ қалай қалыптасады? Осы жайт жанымды күйзелтіп, қолыма қалам алуыма түрткі болды.
Көп жыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып қызмет атқарған мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың әйелі орыс ұлтынан болған екен. Ерлі-зайыптылар сыйласып өмір сүрген. Сол кісі: “Ұлдарым Ескендір мен Геннадийді жоғалттым. Олар қазақи рухтан, ұлттық түсінік-түйсіктен, салт-дәстүрден, тәлім-тәрбиеден мақұрым қалды. Осы үшін халқымнан кешірім сұраймын”, – деп жазыпты бір естелігінде. Қайраткер бала тәрбиесіндегі кемшілік үшін өмірінің соңына дейін күрсінумен өтіпті. Бұл мысал отбасындағы тәрбиеден кеткен кемшілік, ұлт үшін, мемлекет үшін өте зиянды екенін аңғартады. Әрбір отбасының қос тіреуі – әке мен ана өздеріне тиісті әдеп-адамгершілік талаптарына мұқият болып, құқықтары мен міндеттерін адал атқарып, балаларын бірге тәрбиелесе, бәрі де өз орнына келері ақиқат. Менің көп арманымның бірі елім арам арақ сатылмайтын мұсылман елдерінің қатарынан көрінсе екен деймін. Өйткені, шаңырақтың шайқалуының бір себебі – маскүнемдікте.
Ал аналар өз баласының және қыздарының тәрбиесіне аса көңіл бөлсе, құба-құп. Қыз балаларға қонақ ретінде қарап, оларды болашақ келін ретінде тәрбиелеген жөн. Ең бастысы, ерін сыйлауды түсіндіру өте маңызды. Қыздардың тұрмыстық өмірге даяр болмауының бір себебі де осы жайттардың елеусіз қалып жатқанында деп білемін.

Қымбат ИСМАНОВА,
ардагер ұстаз.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp