«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әжелер ән салғанда…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген “Балқадиша мұрасы” әжелер ансамблі құрылғанынан бері ауданымыздың мақтанышына айналды. Ақ жаулықты аналарымыз өткен жылдар әндерін әуелетіп, қайта оралмас жастық шақтың сағымдай бұлдыраған күндерін еске салады.

“Балқадиша мұрасы” ансамблі 2005 жылы аудандық Мәдениет үйінде “Атамұра” орталығы жанынан құрылды. Ансамбльді құруға Гүлнәр Әбілқайырова ұйытқы болды. Оның бастамасын аудандық мәдениет бөлімі қолдап, ансамбльде алғашқы уақытта 6 адам өнер көрсетті. Ал бүгінде тамылжыған дауыстарымен өз орталарының сәнін кіргізіп жүрген оннан астам әже аудан тұрғын­дарының ілтипатына бөленіп жүр. Олар, негізінен, халық әндері мен Қазақстан композиторларының туындыларын орындайды. Алғашқы сахналық көйлектерін өздері тіксе, кейін оларға аудандық мәдениет бөлімі қаржылай қолдау көрсеткен. Әжелердің өнеріне жоға­ры бағасын берген кәсіпкерлер де оларды жан-жақты қолдап келеді. Жомарт жандардың бұл сыйына әжелеріміз дән риза.
Бүгіндері ансамбльге аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімі қамқорлық жасап отыр. Сахналық киімдерін де жаңартты. Ауданымыздағы игілікті шаралардан тыс қалдырмайды. Жылына бірнеше рет ауылдарды аралап, түрлі ұжымдарда концерт қойып, халықтың ұлттық өнерден сусындауына түрткі болуда. Бүгінде аудандық Мәдениет үйінде әжелердің арнайы дайындық бөлмесі бар. Онда олар концертке дайындалып, қолөнер шеберлерінің сыныбын ұйымдастырып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Қарлығаш Қабиева, Әлия Ермекова, Бибігүл Тас­мағамбетова, Күлзия Таскенова сынды әнші әжелеріміз қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауда алдына жан салмайды. Жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде, салт-дәстүрді насихаттауда көптеген жұмыстар атқарып келе жатқан өнер ұжымы тек аудан ғана емес, облыс көлемінде де көпке танылып үлгерді. 2017 жылдың ақпан айында ансамбль “Халықтық” атағын қорғады. Әжелер тек ән айтып қана қоймайды, сонымен қатар театрландырылған қойылымдарға қатысады.

Гүлжәмила ЖҰМАБЕКОВА,
аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Шал ақын ауданы.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp