«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТ ҚОЮДА АБАЙ БОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы балаға есім қою рәсіміне ерекше сақтықпен қараған. Он ойланып, мың толғанған. Әлбетте, бұрынғы заманның ата-әжелері кездей­соқ есім қоймайтын. Қазірде ол заңдылық өзгеріп отыр. Сәбидің есімін әулеттің қариясы ғана емес, жастар өздері қоя бастады. Кей кезде мағынасыз, тіпті, өзге ұлттан енген есімдерді естігенде амалсыз бұрынғының дәстүрі неге сақталмады екен деген ойға қаласың.

Бүгінде азан шақырылып қойыл­ған есімді ауыстыру сәнге айналды. Бірақ мұның ислам талаптары бойынша дұрыс еместігін, яғни, адамның пешенесіне жазылған тағдырын басқа арнаға бұру деп түсіну керек. Бұл қадамға тек дұрыс есім берілмеген жағдайда немесе бала тарапынан өз атына байланысты ұялу, қысылу туындаса ғана барған дұрыс. Алайда, бүгінде қазақи есімдерді жөнсіз, еш дәлелсіз өзгерту көбейіп кетті. Халық арасында адамның есімін арабшаға ауыстыру, шетелдің біздің тарихымызбен, ұлттық болмысымызбен үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын аттарымен атау белең алды.
Ертеректе ата-бабамыз балаға есім беруде екі жайтқа мән берген. Бірі сәбидің қай руға тиесілі екендігін білдірту үшін оның есімін соған жақындатып атаған. Мәселен, Жалайыр болса, Жалайыри немесе Наймани, Қыпшақи деген тіркестерді қосқан. Екіншіден, туған жерін көрсетуге тырысқан. Жаңа туған нәресте Түркістанды мекендесе Түркістани, Әл Фараби деген жер, ел атауларын атына қосқан. Азан шақырып, ат қояр кезде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, баланың ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салған.
Бүгінгі ұрпақ арасында Мұхаммед есімі танымал. Бірақ мұндай мағынасы жоғары есімді қою үшін де әр азамат лайықты өмір сүріп, айналасына құрметті болғанының өзі аз сияқты. Пайғамбардың өмірімен жақынырақ танысып, иманға келіп, білімге ұмтылып, ағайынмен тату, қоғамға сыйлы болуы керек деп түсінемін. Міне, сонда ғана бүгінгінің Ибраһимі, діндар Әбу Ханифасы, ғалым әл Фарабиі, ақын Ахмед Яссауиі, гуманист Абайы туып, балалардан үлкен ғұламалар көбірек қалыптасар еді.
Есімнің тағдырға әсер ететін ықпалы зор. Сол себепті баба­ларымыз ұлылардың жолына салу үшін кітапқа қарап пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап батырлар, жыраулар, ақындар есімдерін таңдаған. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі: “Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көр­кем есім беріңдер”, – деді ғой. Есім зерттейтін антропонимика ғылымы да осы ұлы сөзге сүйенеді. Адам есімі неғұрлым көркем болған сайын адамның өзі де көрікті, өмірі де көңілді болады делінген. Ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген де ұғым бар. Сондықтан ұлылардың есіміне қосымша ат қоюды дәстүрге айналдырған. Мәселен, Ибраһим есіміне Абайды тіркеген. Осындай әдемі есімге ие болған біздің данышпан Абай атамыз ақындығымен, даналығымен қазақты барша әлемге танытты емес пе?! Бұдан басқа, тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп өзгерткен.
Ал бүгінгінің адамдары Мұхаммед деген есімді бұрмалап, Муха деп, немесе Ибраһимді Ибо деп айтуды сәнге айналдырды. Мұның дұрыс еместігін отбасында ата-әжелеріміз балаларына айтып, дұрыс жолға салғаны жөн болар еді.

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы.
   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp