Облыстық мәслихаттың депутаттары өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары жайлы есебін тыңдап, ұсыныстарын ортаға салды.
Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,5 есе өсіп, астықтың орташа шығымдылығы 15 центнерді құрады. Биыл 2200 жаңа техника сатып алынып, машина-трактор паркі жаңартылады. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, сүт өңдеу саласы алға жылжуда. Былтыр 11 заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталып, бесеуі пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін он сауын фермасы іске қосылады. Екі жылда 21 нысан жұмыс істеп, жылына жарты мың жаңа жұмыс орнын ашуға, қосымша 50 мың тонна сүт саууға мүмкіндіктер туады.
– Президент халыққа арнаған Жолдауында жаңа экономикалық бағдардың жеті қағидатын негіздеп, бұл ретте барлық күш-жігер бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылықтарымызға аударылу қажеттігін атап көрсетті. Алдымызда қыруар істер күтіп тұр. Баршамыз жұмылып, халықтың әл-ауқатын көтеруге белсене атсалысуымыз керек,–деді Құмар Іргебайұлы. 900 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделіп, ірі жобалар одан әрі жүзеге асырылады. Қоғамдық көлік екі жүзге жуық жаңа автобуспен толығады.
Баяндамашы инфрақұрылымдық өзгерістерге, оның ішінде тұрғын үй құрылысына кеңінен тоқталды. Былтыр 3400-ден астам отбасы жайлы пәтерге ие болды. Ауылдық жердерде 609 баспана тұрғызылса, биыл 417 үй бой көтереді. Тұтастай алғанда, 340 мың шаршы метр немесе 3500-ден астам пәтер салу жоспары бар.
Өңір басшысы пәтер бағасының қымбаттылығына да тоқталды. «Облыс орталығында соңғы жылдарға дейін тұрғын үйлер аз салынып келгені жасырын емес. Тұрғындардың сұранысы негізінен ескі баспаналар есебінен өтелді. Құрылыс саласындағы қарқынды кемітпей, еселей түссек, нарықтағы баға тұрақтанып, қолжетімді боларына күмән жоқ, – деді.
Халық қалаулыларының жастарды саламатты өмір салтына бейімдеуге қатысты сауалдарына аудан орталықтарында бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынғаны, биыл жұртшылықты спортқа баулитын, төзімділікке үйрететін тағы төрт ғимарат бой көтеретіні айтылды. Депутаттардың кәсіби спортшылар үшін дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін салу туралы ұсынысы да назарға алынатын болды.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.