Солтүстік Қазақстан облысында 11800 адам зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне ие. Олардың есепшоттарында 20 млрд. теңгеден астам қаржы жинақталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтылды.
“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ы облыстық филиалының бөлім басшысы Ғалия Мұқанованың айтуынша, зейнетақы жинақтарын азаматтар тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық несиелерін ішінара немесе толық өтеуге, үй салуға, жер учаскесін сатып алуға жұмсай алады.
– Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін тұрғындар, ең алдымен, өздерінің зейнетақы жинақтарын тексерулері қажет. Олар зейнетақы шотында алуға болатын соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс. Мерзімінен бұрын алу құқығын сайттағы “жеке кабинет” арқылы білуге болады. Бұл үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және құпия сөз қажет, – дейді бөлім басшысы.
Айта кету керек, күш құрылымындарынан зейнетке шыққан азаматтар қордағы соманың тек 50 пайызын пайдалана алады. Сондай-ақ, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар да осындай көмекке қолжеткізбек. Бұдан бөлек, біржолғы зейнетақы төлемдерін өз бетінше пайдалануға немесе жақын туыстары мен жұбайының атына аударуға болады.
Өтінімді “Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның онлайн платформасы арқылы беруге болады. Бұл бағыттағы жұмысты жүзеге асырып отырған қаржы институты маманының сөзінше, “ЖССБ24” мобильді қосымшасын жүктеп, арнайы шот ашу керек. Кейін порталға кіріп, өзіңіздің қалаған мақсатыңызды таңдап, өтінім бересіз.
– Алынған қаражат тек көрсетілген мақсат негізінде қолданылады. Басқа бір қарыздарыңызды жабуға, ұсақ-түйек несиелерді төлеуге рұқсат берілмейді. Жұбайыңыздан (зайыбыңыздан) немесе туған-туыстарыңыздан жылжымайтын мүлік сатып алуға болмайды, – дейді “Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның облыстық филиалының маманы Нияз Ниязбеков.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.