Облыс әкімі Құмар Ақсақалов онлайн форматта өткен есеп беру кездесуінде өңір тұрғындарын облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен жылғы қорытындыларымен және биыл атқарылатын негізгі іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Аудан, қала әкімдері, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, жұртшылық өкілдері қашықтан қатысқан кездесуде тұтастай экономиканың, сондай-ақ, жекелеген салалар бойынша табыстар сараланып, көкейкесті проблемаларды жеделдете шешу, баянды бастамалардың кеңінен қанат жаю жолдары назарға ұсынылды. Құмар Іргебайұлы жергілікті атқарушы органдардың қызметі халықты толғандыратын проблемаларды шешуге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып, нәтижесінде басты салалар бойынша оң өзгерістерге қол жеткенін, экономиканың өркендеуіне 2018 жылы қабылданған облысымызды дамытудың кешенді жоспары айрықша серпін бергенін атап көрсетті. Баяндамада айтылғандай, жоспарды іске асырудың 3 жылы ішінде ЖӨӨ көлемі – 34, инвестициялар – 50, өнеркәсіп өнімін өндіру – 14, ауыл шаруашылығы – 54,3 пайызға өсті. Барлық күш-жігер тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға жұмылдырылып, тұрмыс жағдайларының жақсаруына елеулі түрде ықпал етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің қолдауымен облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа жоспарының жобасы мақұлданды. Жан-жақты ойластырылған бағдарлама негізінде ауыл шаруашылығында 52 сүт фермасы, 8 бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы салынады. Өнеркәсіпте 10 жаңа кәсіпорын пайда болады. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35,3 пайызға дейін жетеді.
Облыс басшысы айтып өткендей, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар ауқымды. Коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шаралар мен шектеулерге қарамастан солтүстікқазақстандықтар үшін 2020 жыл толағай табыстарымен, биік белестерді бағындырумен есте қалмақ. Облыс жетекші өңірлер тобына кіріп қана қоймай, көрсеткіштер орташа республикалық мәннен асып түскенін айта кеткен жөн. Тұтастай алғанда, дамудың оң динамикасы қамтамасыз етіліп, ішкі, сыртқы әлеуеттің мол екеніне көз жетті, тұрғындардың билікке деген сенімі беки түсті. Ауыл шаруашылығында өсім – 1, өнеркәсіпте – 4,8, инвестиция тартуда – 20,5, құрылыста – 11,2 , тұрғын үйді пайдалануға беруде – 22,4 пайызды құрауы, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының құрылуы бүгінгідей күрделі кезеңде ауыз толтырып айтатын жетістіктер екені даусыз. Жергілікті бюджетке түсетін жеке кірістердің 22,3, зейнетақы қорына аударымдардың 44 пайызға молаюы есебінен облыстың нақтыланған бюджеті 32 пайызға (324 млрд. теңгеге дейін) көбейген.
Өңір басшысы экономиканың нақты секторы жұмысының нәтижелері мен алдағы перспективаларына жеке-жеке талдау жасап, тың міндеттерді айқындап берді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 779 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 167 млрд. теңгеге артық. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін арттыруға, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасымен бірге экспортын ұлғайтуға зор мүмкіндіктер берді. Астық өндірісін әртараптандыру, рентабельді дақылдарды көптеп егу қолға алынды. Салаға инвестиция тарту бойынша өңір көшбасшылар қатарынан көрінді. Бүгінде астықты өлке ішкі нарықта тұтынатын терең өңделген сүт өнімдерінің импортын қысқартумен, қайта өңдеуге екпін беруімен де алдыңғы лекте. “Биооперейшн” ЖШС-де астықты терең өңдеудің ірі жобасы қайта іске қосылды. Кәсіпорынды жаңғыртуға 12 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Крахмал, глютен және балуызбен бірге биоэтанол шығарылып, шетелге жөнелтіледі. Биыл жылдық қуаттылығы 100 мың тонналық “Байрек” құрамажем зауыты пайдалануға беріледі.
Құмар Іргебайұлы өз сөзінде былтырғы қорытынды есепті кездесуде 590 мың тонна сүт өндіру, ал ет жоспарының 5 пайыздық өсімін қамтамасыз ету жоспарланғанын айта келіп, бұл меженің толық орындалғанын дәйектейтін нақты цифрларды мысалға келтірді. Атап айтқанда, былтыр 598 мың тонна сүт өндірілді.
Ет – 104 мың тонна, өсімі – 7 пайыз. Осыдан төрт жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2017 жылы “Маслодел” ЖШС-нің швейцариялық “Тетра Пак” қондырғысымен жабдықталған сүт өңдеу зауыты таныстырылған еді. Өндіріс толық автоматтандырылғаннан кейін жоғары технологияға негізделген кәсіпорын күніне 300 тоннаға дейін дайын өнім шығаратын болған. Серіктестік өткен жылы ультрапастерленген сүтті өндіру және орау бойынша желіні іске қосып, нәтижесінде шикізатты қайта өңдеу көлемі 37 пайызға артты. Ірімшік және сүт өндірісі бойынша “Евразиан Милк” ЖШС-де жабдықтарды монтаждау жалғасуда. Жаңа желі жылына 2,5 мың тоннаға дейін ірімшік шығарады.
Былтырғы жылдың қорытындысында өнеркәсіпте дамудың оң серпіні сақталды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде шығарылған өнім көлемі 306 млрд. теңгеге жуықтады. Машина жасау зауыттарының тапсырыс портфелі 25 млрд. теңгеден 45 млрд. теңгеге дейін көбейді. Саланың жетекші кәсіпорындары өндіріс орындарын айтарлықтай кеңейтіп, жоғары сұранысқа ие электронды өндіріс секілді салаларға маманданды. Өткен жылы Киров атындағы зауыт 54 мың дана компьютерлік техника құрастырды. Облыс әкімі өнеркәсіп өндірісінің көлемін еселеп ұлғайту арқылы оның өңір экономикасындағы үлесін арттыру міндеті тұрғанын еске салды. Ол үшін жыл сайын өнім шығару мөлшерін 70-80 млрд. теңгеге арттыру қажет. Сонда ғана аграрлық-индустриялық экономикаға көшу қамтамасыз етілмек. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемін кемінде 5 пайыз өсіммен 350 млрд. теңгеге дейін жеткізу белгіленген.
Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал туғызу сырттан қомақты қаржы тартудың маңызды қадамы болып саналады. Бұл көрсеткіш жөнінен республикада көшбасшылар қатарындамыз. “Солтүстік фанера комбинаты” ЖШС-нің ламинатталған фанера өндірісі, “SMBGroup Family” ЖШС-нің полипропиленнен жасалған жұмсақ контейнерлер зауыты, сондай-ақ, “Радуга” ЖШС-нің көтерме-тарату орталығы өз жұмыстарын бастап кетті. Жыл қорытындысын зерделейтін болсақ, инвестициялар көлемі 281 млрд. теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 47,2 млрд. теңгеге артық. Жеке инвестициялардың үлесі – 75 пайыз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында стратегиялық маңызды өндірістерді анықтау қажеттігін атап өткені белгілі. Осы тапсырмаға орай 2024 жылға дейін құны 900 млрд. теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын өңірлік пул қалыптасып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Жасыратыны жоқ, құрылыс материалдарының дені әлі де көрші облыстардан, Ресейден жеткізіледі. Сондай қат дүниенің бірі – кірпіш. “Кірпіш СК” ЖШС-і биыл осы өнімді шығаратын өндіріс орнын іске қосуға бел байлап отыр. Тәуліктік қуаттылығы – 150 мың дана. Облыс қажеттілігінің үштен бірін өтейді деген үміт бар. “MIX UNIVER-SAL” ЖШС-і автоклавты газоблоктар мен плиталар өндіретін зауыт салмақшы. Кәсіпорын жылына 65 мың текше метр өнім шығарып, облыс сұранысының 60 пайызға жуығын қамтамасыз ете алады. “Радуга” ЖШС-і жылына 5 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын озық жобаны қаржыландырады. “Cool Infinity” ЖШС-і вагон өндіру көлемін жылына 1200-ге дейін жеткізбек. “SMBGroup Family” ЖШС-і крафтқағаз өндіру бойынша жаңа жобаны қолға алмақ. Бұл салаға жылдың соңына дейін 18 пайыз өсіммен кемінде 338 млрд. теңге инвестиция тарту міндеті тұр.
Тіршіліктің күретамыры – жолдардың сапасына баса көңіл аударылған. 2018 жылы – 675, 2019 жылы – 705, өткен жылы 954 шақырым жол жөнделді. Бұл 3 жылдың ішінде жол желісінің үштен бірі жақсарғанын білдіреді. Алайда, елді мекендер арасындағы жолдарды қалпына келтіру жайы әлі де төмен екені ескеріліп, қаражат 8 есе көп бөлініп, 772 млн. теңгеден 5,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 125 мыңнан астам тұрғыны бар 160 елді мекен арасындағы көлік қатынасы қалпына келтіріледі. 2020 жылы ауызсумен қамтамасыз етуге 6,5 млрд. теңге бағытталып, 76 ауыл қамтылды. 2,9 мың үй сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Осылайша, ауыл тұрғындарының 82,1 пайызы сапалы ауызсуға қол жеткізді. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 83,5 пайызды құрайды, бұл мақсатқа 10,7 млрд. теңге қарастырылған. Бір қуанышты жайт – құрылыс саласында да жалғасын тапқан жарқын істер аз емес. Бюджет есебінен 8 жалгерлік-коммуналдық тұрғын үй және 6 кредиттік көппәтерлі баспана тұрғызылды. Жеке құрылыс салушылар есебінен 10 көпқабатты үй бой көтерді. 2021 жылы 340 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3500-ден астам пәтер салу жопарланған. Жаңа тұрғын үй саясатында алға қойған міндеттердің өзектілігі мен ауқымдылығы жергілікті органдарға айрықша жауапкершілік жүктейді. Осыған орай бұрын қабылданған аумақтық бағдарламаларға түзетулер енгізіліп, әсіресе, құрылыс индустриясы, оның базасы нығайтылады. “Жаңа қала” инновациялық бағдарламасы – соның бір дәлелі.
Құмар Ақсақалов өз баяндамасында әлеуметтік саланың жай-жапсарына да тоқталып өтті. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі 9 млрд. теңгеге ұлғайып, 95,6 млрд. теңге болған. Соңғы екі жылда 249 нысан жөнделген. Бұл – өңір мектептерінің жартысына жуығы деген сөз. Тайынша ауданында 720 орындық екі мектептің құрылысы басталады. Петропавл қаласында 900 орындық білім ошағы бой көтереді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан 2, колледждер үшін 574 орындық үш жатақхананың құрылысы қолға алынды. Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 12,5 млрд. теңгеге жаңарды.
Облыстық ауруханада 11 жыл үзіліссіз жұмыс істеген қондырғы магнитті-резонансты томографпен алмастырылды. Кардиоорталықта инфаркт, инсульт диагностикасын жақсартатын сандық ангиограф орнатылып, оның көмегімен 1200-дей күрделі ота жасалды. Онкологиялық диспансерге, сондай-ақ, Ақжар, Жамбыл, Тимирязев және Уәлиханов аудандық ауруханаларына цифрлық маммографтар қойылды. Қысқа мерзімде 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. 38 жаңа реанимобиль сатып алу арқылы “Жедел жәрдем” мекемесі автомобильдермен толық қамтамасыз етілді. Онкология бойынша өлім-жітім – 13, инфаркт – 10, туберкулез – 37, қан тамырлары аурулары – 10, балалар өлімі – 13 пайызға азайды. Өңірде 11 жыл бойы бірдебір емхана салынбаса, енді “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында екі нысан тұрғызылады.
Құмар Іргебайұлы медицина қызметкерлеріне қатысты қуанышты жаңалықпен бөлісті. Соңғы үш жылда өңірімізге 262 жоғары білімді дәрігер келіп, орныққан екен. Олардың әрқайсысына 1,5 млн. теңге мөлшерінде біржолғы көтермеақы төленіп келсе, енді оның көлемі 2,5 млн. теңгеге дейін көбейтіледі. Мәдениет саласындағы өрелі өзгерістер де тілге тиек етілді. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры көрермендеріне есігін қайта ашты. Қала орталығында жаңа заманауи “Ботай” көркем галереясы пайда болады. Жазда “Қызылжар Арт орталығы” жаяу жүргіншілер арбаты жұмыс істей бастайды. ХІХ ғасырдағы ислам мәдениеті мұражайын қайта құру жұмыстары басталады. Облыстық филармония жаңа келбетке ие болады. 5,1 млрд. теңгеге 14 спорт нысанын салу жоспарланған.
Баяндама аяқталғаннан кейін есепті кездесуге қашықтан қатысқан тұрғындар бүгінге дейін шешімін таппай отырған мәселелерге байланысты сауалдар жолдап, оларға нақты жауаптар берілді. Баяндамашыға қойылған сұрақтар көп болды. Кейбіріне тоқтала кетейік. Петропавлдық тұрғындар балабақшалар жұмысының тоқтап тұрғанына алаңдаушылық білдірсе, №7 мектепте балалары оқитын ата-аналар асхана мәзірінің қымбаттылығын, оқушыға үйден өзімен бірге тамақ апаруға тыйым салынғанын қынжыла жеткізді.
– Бізге бәрінен баланың амандығы, денсаулығы қымбат. Бүгінде өңірде карантиндік талаптар жеңілдетілді. Балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді. Мектептерде тамақ мәзірінің бағасы қолжетімді, меніңше, 275 теңге қымбат емес. Оқушы асханада ерікті түрде тамақтана алады. Ата-аналар баяндағандай келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол берілмеуі тиіс, – деді әкім.
“Облыс орталығында қоғамдық көліктер паркінің жаңаратынын естіп, қуанып жатырмыз. Жаңа автобустар қашан қатынай бастайды?” – деген сұраққа былай жауап берілді: “Бұл мәселе қала әкімінің есепті кездесуінде де қозғалды. Салада қордаланған проблемаларды ретке келтірудің жолдарын қарастырдық. Заманауи талаптарға сай жабдықталған автобустарды лизинг арқылы сатып алу мақсатымен жергілікті қазынадан 750 млн. теңге бөлініп, жолаушылар тасымалы қызметі субсидияланады. Бір атап өтетінім, қоғамдық көлік бағасы көтерілмейді. Бұрынғы күйі қалады”.
Қызылжар ауданы Пеньково елді мекенінен Майра Әубәкірқызы мынадай сұрақ жолдапты: “Ауылымыз облыс орталығынан бар-жоғы 7 шақырым жерде орналасқан. Алайда, интернет жоқтығынан балаларымыз көп қиындық көріп жүр”. Әкімнің айтуынша, былтыр 115 елді мекен интернетке қосылыпты. Бүгінде 635 ауылдың 437-сінде ғаламтор істеп тұр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша кемінде 250 тұрғыны бар ауылдарға бірінші кезекте тартылатын көрінеді. Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов Пеньково тұрғындары жыл аяғына дейін интернеттің қызығын көретініне уәде берді.
Петропавл – Бескөл бағытына қатынайтын 101-ші автобустың кестеден кешеуілдейтіні, жолаушылар көп күтіп қалатыны жайлы сын көптен бері айтылып келеді. Бұл мәселе осы жиында да көтерілді. Сұраққа жауап берген Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков бағыттың ұзартылуына байланысты қолайсыздықтардың туындағанын, соған орай жүру жиілігі қысқартылғанын, тасымалдаушылар тарапынан қосымша көлік бөлінбей отырғанын жеткізді.
Сұрақтардың бірқатары тұрғын үй кезекке тұру мәселесіне қатысты қойылып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар үшін қандай да бір жеңілдіктердің бар-жоғы сұралды. Тимирязевтіктердің баспананың суықтығы туралы шағымына Құмар Іргебайұлы бейжай қарай алмады. Дереу, орынбасары Иван Турков пен Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесовке шұғыл түрде шара қолдануды тапсырды.
Абылайхан Жоламанов төрт ауданнның аумағын кесіп өтетін Петропавл – Сергеевка бағытындағы республикалық маңызы бар тасжол жөнделе ме деген сауал тастады. Тиісті министрлік айналысып жатқаны, жергілікті билік тарапынан барлық күш жұмылдырылатыны айтылды.
Өңір басшысы тұрғындардың басқа да сауалдарына толыққанды жауап беріп, бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.