Ресей тарихшылары үшін “Батыс Сібір шаруалар көтерілісі”, ал қазақтар үшін “Есіл көтерілісі” деген атпен тарихта қалған елеулі оқиғалардың бірі осыдан 100 жыл бұрын ақпан айында басталған еді. Кеңес дәуірінде “контрреволюция” деп айыпталған қарулы көтеріліс қазір көрші ел тарапынан ақталып, коммунистік кеңес билігіне қарсы шыққан “азаттық соғысы” деп бағалануда. Осы пікірді жақтаушылар Қазақстанда да бар. Оның мәні жалпы коммунист немесе совет атаулыны жөн-жобасыз теріске шығару дақпыртына, тарихи жағдайлардың ақиқатына жетпегендігіне келіп тіреледі. Шындық басқа болатын. Қазақстанның Тәуелсіздігі жағдайында осы бір қайшылықты оқиғаның ақиқатына жету қажет.
1921 жылдың тамызында жаңа құрылған Қазақ автономиялы республикасының Ақмола губерниясы Ресейдің Батыс Сібірінен заңды түрде бөлінген. Демек, “Сібір көтерілісінің” қазақ ауылдарына ешқандай қатысы болмаған. Сонда да, бір аймақта өмір сүріп жатқан соң солтүстіктегі көршіден шыққан көтерілісшілер және оларды басып-жаншыған жазалаушы жасақтардың тарапынан қазақтар жазықсыз жапа шекті. Әлбетте, бұл жерде біз “Есіл көтерілісінің” мән-жайын тәптіштеп баяндамақ емеспіз. Қазіргі ұрпаққа түсінікті болуы үшін Қызылжардың Ресей шекарасымен етене жақындығын әрі бұрын бір патшаның қарауында болғанын еске түсірейік. Көтеріліс Қызылжарда басталған жоқ, Ресейден келді. Омбы, Қорған және Түмен облыстарында пісіп-жетілген қарулы бүлік Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ емес ұлт өкілдері тарапынан қолдау табуы сол екен, біздің елдің шетіне жеткен бетте-ақ лаулай жанып, алапат өртке айналып сала берді. Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездеріндегі славян тектес диаспора үкіметке қарсы көтерілді. Бұл кеңес өкіметінің шаруалардан азық-түлікті берсе қолынан, бермесе жолынан алу туралы әйгілі “соғыс коммунизмі” саясатымен келіспеген бас көтеру-тұғын.
1920 жылы Батыс Сібір аумағында астық шықпай қалса да, кеңес өкіметінің басшысы В. Ленин бұл өлкеден бір миллион пұт астық алу жөнінде Сибревкомға тапсырма жүктеді. Омбы губерниясына – 35 миллион, Семей губерниясына – 18 миллион, Алтай губерниясына – 31 миллион және Том губерниясына 21 миллион пұт астық беру міндеттелді. Жоспарды орындау мақсатымен және бас көтерулерді басу үшін жақсы қаруланған, тиісті дайындықтан өткен 3 дивизия бөлу сұралды. Оның ішінде Көкшетау, Петропавл, Атбасар уездері мен Қостанай уезінің Омбы губерниясына қарайтын аумағынан 8-10 миллион пұт астық дайындау (тартып алу деп оқыңыз – З.Т.) үшін екі полк қажет екендігі айтылды. Әрине, мұнша астықты тартып алу оңайға түспейтіні белгілі. Сондықтан Петропавлда Ақмола губерниялық ерекше қызмет бөлімдері (ЧОН) құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкшетау уездерінде де осындай құрылымдар пайда болды.
Бұрыннан кеңес өкіметіне қарсы күштер астыртын ұйымдасып, қаруланып, 1921 жылғы қаңтарда біздің өлкеде де қанды қырғын басталып кетті. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, “Есіл көтерілісіне” қатысушы топтар мейлінше қаруланған, сапты әскердей саты-саты бағыныштылық тәртібімен жүйеленген. Омбыда құрылған “Сібір шаруаларының одағы” деген астыртын ұйымның өкілдері Қызылжарда да болған. Сақталған деректер көп, бірақ көтерілісшілердің атын атап, түсін түстеуді мақсат етпедік. Билікке қарсы көтерілгендер қашан да шектен тыс қатыгез болғаны тарихтан мәлім. “Есіл көтерілісі” – соның бір мысалы. Көтерілісшілер қызыл әскерлерді, төтенше комиссия, төңкеріс трибунал мүшелерін, милиция қызметкерлерін қырып-жойғаны туралы жантүршігерлік деректерді кездестіруге болады. Петропавлдан 1921 жылғы 11 ақпанда алынған жедел ақпаратта: “…Петропавлдың солтүстік жағындағы Новониколаевка маңында көтерілісшілермен қатты ұрыс жүріп жатыр. Олар басып алған деревняларға артиллериядан оқ атылды. Жау шегінді. Алайда, аз уақыттан кейін күш жинап, қайта қарсы шықты”, – деп хабарлаған. Әскери мәліметке қарағанда: “Жазалаушы отрядтағы 120 найза (қарулы әскердің саны – З.Т.) Новониколаевкаға шегінуге мәжбүр болды. Естуімізше, көтерілісшілердің саны мыңнан асады, винтовкасы барлары елу шақты. Оларды бұрынғы казак әскерлері бастап жүр. Петухов пен Мәуліт арасындағы жол жабық, телеграф байланысы қиылған”.
1921 жылғы 14 ақпан күні көтерілісшілер Қазақ АКСР Ақмола губерниясының орталығы – Петропавлды басып алады. Ертеңіне Омбыдан 21-дивизияның 249-полкі мен 85 артиллерия дивизионы, “Қызыл сібір” броньді пойызына қосылған жергілікті қызыләскерлер қарсы шабуылға шықты. Қала үш рет – қызылдарға, үш рет көтерілісшілер қолына өтіп, ақыры қару-жарағы мықты қызыл әскерлер жеңген. Келесі аптада көтерілісшілер Көкшетауды басып алып, қанға бөктірді де, күш қосып Ақмола мен Атбасарға аттанды. 1921 жылғы ақпан мен сәуір арасындағы ұрыстар ірі әскер құрамалардың соғысымен пара-пар екендігі сол кезде-ақ бағаланған. Көтеріліс жалыны бүкіл Сібір аймағын, оның ішінде Түмен, Омбы, Қорған, Челябі, тіпті, Екатеринбург губернияларының бірқатар уездерін шарпыды. Петропавл мен Көкшетау кескілескен соғыстың ошағына айналды. Зерттеушілердің есебі бойынша көтерілісшілердің саны 30 мың мен 150 мыңның арасында болған. Деревнялар мен казак-орыс мекендерінде ерікті жасақтар құрылған, кей жерлерде милиция қызметкерлерінің өзі көтерілісшілер жағына шыққан. Соғыстан қайтқандар, тұтқында болғандар, бұрынғы әскери қызметшілер мен мамандар қарсылық қолын бастап, соғыс тәсілдерін үйреткен. Көтерілістің ауқымы күн сайын кеңейіп, алғашқы үш аптада-ақ Трансібір темір жолының билігін қолына алады.
Көтерілісшілер жолда кездескен кеңестік, коммунистік билікті талқандай отырып, 14 ақпанда Петропавлды, 21 ақпанда Тобыл мен Көкшетау қалаларын, 10 наурызда Сургутты, 21 наурызда Березов пен Обдорскіні жаулап алды. Көтерілісшілер басып алған жерлерде өздерінің болыстық және селолық шаруалар кеңестерін құрып жатты. Көтерілістің негізгі бағыты да, мазмұны да коммунистерге қарсылық түрінде өрістеді.
Зерттеушілер кейін нақтылағандай, көтеріліс қарулы күшпен басып-жаншылып, облыс аймағы 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында тынышталды. Бірақ одан елдің жағдайы жақсарып кеткен жоқ, оның ақыры Солтүстік Қазақстандағы 1921-1922 жылғы алапат аштыққа әкеп соқты. Ақмола губерниясының құрылуы қиындады. Күшпен басылған қөтерілісшілердің қалдығы саптағы әскердей қаруланып, Қытайды бетке алып қашты. Олардың келе жатқаны туралы 5 сәуір күні Баянауылдан телеграф арқылы хабар алған Қарқаралыдағы белсенділер қаладағы “Халық үйіне” жиналып, жоспар құрып отырғанда, таңғы сағат 4-те бандылар тұтқиылдан басып кіріп, қыра бастаған. Түрмедегі тұтқындарды босатқан. Қиырда жатқан қорғансыз қалада екі күн ойран салып, 71 адамды өлтірген. Қарқаралыда басшы қызмет атқарып жүрген 5 орыс коммунисі соларға еріп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, олар өздерін “халық әскері” деп атаған, “Коммунистерсіз советтер жасасын!” деп ұрандаған.
“Есіл көтерілісінің” Қазақстан жерінде, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болғаны шындық. Қазіргі ұрпаққа осы оқиғаның жергілікті қазақтарға қалай әсер еткенін, қазақтардың бұл көтерілісті қалай қабылдағанын түсіндіру – міндет. Ол кезде губерния аумағында қазақтар мен басқа ұлттардың саны деңгейлес болған. 1920 жылдың 26 тамызында кеңес билігі Қазақ автономиялы кеңестік республикасын жариялады. Толық тәуелсіз болмаса да, қағаз жүзінде қазақ жұрты ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттілік туын көтерді. Патшалық Ресейдің бұғауынан құтылып, тынысы кеңейгендей шақ туды. Демек, “осындай жағдайда көрші орыс деревняларында болып жатқан саяси дүрбелең, атыс-шабыс, қырғын соғыстың солтүстіктің қазақтары үшін қандай пайдазияны болды?” деген сұраққа жауап беретін кез келді.
Кеңестік билік заманында “Есіл көтерілісі” кеңестік, социалистік билік тәртібіне қарсы, яғни, ұлтына қарамастан, еңбекшілер мүддесіне қарсы бағытталған қылмыстық бүліншілік, контрреволюция деп бағаланды. Ал соңғы отыз жылда кеңес өкіметі құлап, одақ ыдырағаннан кейін кейбір жекелеген авторлар “Есіл көтерілісінің” қанды қырғын зардаптарын ақтап алуға бейім. Бұл көтеріліс “тоталитарлық, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған, демократия, бостандық үшін күрес еді” деп баға беретіндер бар. Әр дәуірдің өз ерекшелігін сабырмен саралап, шындық бағасын беру керек деп ойлаймыз. Бұл арада, бәлкім, біздің пікіріміз біреулерге ұшқары көрінуі мүмкін. Ең дұрыс жауап сол кездегі қайраткерлердің, оқиғаны көзімен көріп, саяси тұрғыда терең пайымдай біледі-ау деген сауатты азаматтардың сөзі болмақ. Сондықтан “Есіл көтерілісі” туралы ақын Мағжан Жұмабаев жазып, “Бостандық туы” газетінің Омбыда, 1921 жылғы 19 наурызда шыққан 1-санында жарияланған “Еңбекші қазақтарға” деген бас мақаладан үзінді ұсынбақпыз. “Бұлар кімдер? Олар – орыс шаруасы мен қазақтың арқасында казак-орыстың қамшысын ойнатқан залым төрелер. Еңбекшілерді зар еңіреткен, көздерінен жас орнына қан тамызған патшашыл жауыздар. Қой терісін жамылып жүрген қасқырлар. Бұлардың мақсаты не? Бұлар бұрынғы патша заманын, Колчак заманын қайта орнатпақ. Қаншама қан төгіп алған жұмысшылардың фабрика-зауыттарын, крестьяндардың да, қазақтардың да жерлерін тартып алып, халықты бұрынғысынан жаман зарлатпақ…
…Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!..” (“Бостандық туы”, 1921, 19 наурыз, №1).
Кең-байтақ Қазақстан аумағының үштен біріне таралған газеттегі осы мақаланың ізін баса, 3 сәуір күнгі екінші санының бірінші бетінде Мағжанның талдау сипатты тағы бір мақаласы “Екіден-бір” деген тақырыппен басылды. Жоғарыдағы бас мақаламен сарындас, бірақ қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарын кең қамтыған көлемді мақалада: “…Біз, қазақ елі, төңкеріс жасаушы һәм төңкеріске өз бетімізбен жол салушы емеспіз. Бұл басқышқа жеткеміз жоқ. Сондықтан біздің алдымызда екі ғана жол бар: азаттық не құлдық. Не совет бостандығы, не Николай Колчактың құлдық қамыты!” – деген сөз бар. Халқының қамқоры, адал ұлы Мағжан Жұмабаев баспасөздің қуатты күшін пайдаланып, бар дауыспен шырқырайды. Халық арасында беделі зор, сүйікті ақынның баспасөз арқылы таралған осынау сөздері кезінде оқырмандарын бейжай қалдырмағаны анық.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым
академиясының академигі.