М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім беру саласында жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне қатысты онлайн конференция өтіп, кешенді іс-қимыл жоспарларының орындалу барысы талқыланды.
Университет ректоры Ерлан Шуланов сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу мәселелерін тұрақты бақылауға алудың маңыздылығына, іске асырылатын шаралардың тиімділігіне тоқталды. Ол үшін арнайы жоспар құрылып, оның негізінде жұмыс істеу тәжірибесі қалыптасқан. Оқыту процесі барысында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері”, “Құқық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет”, тағы басқа лекциялар оқылады. “Таза сессия” акциясын өткізу дәстүрге айналған. “Өткен жылы тәртіптік комиссия этикалық норманы бұзған 8 маманның ісін қарады. Нәтижесінде жоғары оқу орнының үш оқытушысы мен бір маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс жарияланды. 24 студентінің емтихан нәтижесі жоққа шығарылды”,– деді ректор.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин жас ұрпақ бойында қоғамдық кеселге қарсы иммунитет қалыптастыру алғы мақсат саналатынын, әр тоқсан сайын өткізілетін әлеуметтік сауалнама барысында айтылатын ұсыныс-тілектерге назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
Облыстағы 465 мектепте “Адал ұрпақ” клубы жұмыс істейді. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде “Саналы ұрпақ” клубтары ашылып, 22 мың адам тартылған. Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер педагогикалық кеңестерде, сынып жетекшілерінің қатысуымен өтетін жиындарда жүйелі түрде талқыланатынын алға тартты. Оның айтуынша, “Саналы ұрпақ”, “Адал ұрпақ” клубтарының жұмыстары негізгі үш бағытқа топтастырылған. Оның ішінде шығармашылық және қоғамдық-мәдени шараларға жете көңіл бөлінеді.
Онлайн-конференцияға қатысушылар білім беру мекемелеріне ISO 37001 стандартын енгізудің артықшылықтарын талқылады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізілген ішкі талдауда, тақырыптар бойынша мониторинг жүргізуде, құқық бұзушылықтарға қарсы мүлдем төзбеушілік көзқарасын орнықтыруда өте тиімді әдіс болып табылады.
Екатерина СТАРОСТИНА,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
облыстық департаментінің
бас маманы.