«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛИМПИАДАДАҒЫ ОҒАШ ОҚИҒАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төрт жылда бір рет өтетін жазғы Олимпиада ойындарында түрлі оғаш оқиғалар орын ала­тынын көпшілік біле бермейді. Спортшылардың кейбірі допинг дауына ілігіп, жүлде­лерінен айырылса, төрешілерге наразылығын білдіремін деп дүйім жұрттың көзінше медалін жерге атып ұрғандар да бар. Жаһанның басты додасының ұмытылмас қызығы да осында.

Қызықты оқиғалардың бірі Ресей құрамасымен тікелей бай­ланысты. Ресей билігі спортшы­лар мен бапкерлерге және деле­гация құрамына 2012 жылғы Лон­дон Олимпиадасы кезінде алко­гольді ішімдік ішуге тыйым сал­ған болатын. Бірақ оның себебі түсіндірілген жоқ. Екі жыл бұрын Ванкуверде өткен қысқы Олим­пиадада осы елдің құрамасына жоспарланған 50 медальдың ор­нына бар болғаны 14 медаль бұ­йырған еді. Құраманың төмен нәтиже көрсетуіне кейбір спорт­шылардың сайыс барысында ішімдік ішуі себеп болған екен. Құрама өкілдері бензин құятын екі бөшкеге виски мен арақ құйып апарған. Осы жайттан кейін Ре­сей билігі спортшылардың жазғы Олимпиадада арақ ішуіне тыйым салуға мәжбүр болған.
Олимпиада ойындарының та­ри­хында басқа да оғаш оқиғалар жетерлік. Мәселен, 2004 жылғы Афина Олимпиадасында тамақ­қа тойымсыз ирандық дзюдошы Араш Миресмэйли артық салмақ қосып алғаны белгілі болды. Төрт жыл талмай жаттыққан оның жарыс алдында салмағы бір­не­ше килограмға ауырлап кеткен­дік­тен, додадан шеттетіледі. Ал Араш Миресмэйлидің өзі болса бұл әрекетін “қарсылық шарасы” ретінде бағалап, Израиль елінің дзюдошысымен кездеспеу үшін осылай жасағанын айтып ақ­талған.
1980 жылғы Мәскеу Олимпиа­да­сында сырықпен секіруден чем­пион атанған польшалық Вла­дислав Козакиевич стадионға жи­налған жанкүйерлердің наразы­лы­ғына ұшыраған. Ол кеңес спорт­шысы Константин Волков­ты қолдауға келген жанкүйер­лер­ге ортаңғы саусағын көрсет­кен. Кейін КСРО үкіметі ерсі қы­лық жасаған спортшының алтын ме­­далін тартып алуға әрекеттен­ген. Алайда, бұдан нәтиже шық­пады.
1976 жылғы Монреаль Олим­пиадасында әйгілі кеңес спорт­шысы Борис Онищенконың басы дауға қалады. Бессайыс спорты бойынша өнер көрсеткен ол “алаяқ” деп айыпталды. Жарыс бағ­дарламасына енетін семсер­лесуде ол барлық қарсылас­та­рын ұтып, соңғы кездесуде бри­тандық Джереми Фокспен сайыс­қан. Алайда, оның қолындағы семсері қарсыласының денесіне тимесе де белгі жанған. Ол соққы тиген кезде ғана жануы тиіс еді. Алайда, семсері басқасына ауыс­тырылғанымен, КСРО-ның үздік бессайысшысы қарсыла­сын айқын басымдықпен жеңеді. Кейін төрешілер кеңес спортшы­сының семсерінде белгіні жан­ды­ратын арнайы жасырын құ­рылғының барын анықтады. Бұл қылығы үшін КСРО-ның бес­сайыс құрамасы жарыстан шыға­рылады. Ал атақты спортшы бар­лық атақ-дәрежелерінен айы­рылып, үлкен спорттан шетте­тілді.
Кейбір олимпиадашылар до­пинг дауына ұшырап, жүлделері­нен айырылды. Мәселен, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, канадалық спринтер Бен Джонсон алтын жүлдесін қайтаруға мәжбүр болды. Оның қанынан рұқсат етілмеген дәрі табылады. 1998 жылғы Нагано Олимпиадасында сноубордтан Олимпиада чемпионы атанған канадалық Росс Ребэглиати де алтын медалінен айырылады. Спортшының жарысқа марихуа­на шегіп шыққаны анықталған. Алайда, кейін чемпион өз алты­нын қайтарып алды. Себебі, қол­дануға тыйым салынған допинг­тердің тізімінде марихуана бол­ма­ған. Бұл жағдайдан кейін ха­лықаралық допинг орталығы атал­мыш шөпті қолдануға бол­майтын препараттардың қатары­на қосты.
2008 жылғы Бейжің Олимпиа­да­сында қола жүлде алған шве­циялық балуан Ара Абрахамян марапаттау кезінде медалін лақ­тырып жіберіп, жүлдеден бас тар­тады. Ол осылайша жартылай фи­налда төрешілерді Италия өкі­лі Андреа Мигуцциге көмектес­ті деп айыптап, наразылығын біл­дір­ген. Кейін Халықаралық Олим­пиада комитеті спортшыны бұл қылығы үшін Олимпиада ойын­дарынан шеттетіп, жүлдесі­нен айырды.
Бұлар Олимпиада тарихында болған күтпеген оқиғалардың бір парасы ғана. Үстіміздегі жылы Токиода өтетін Олимпиадада қандай қызықтар болатынын әлі көре жатармыз.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp