15 ақпанда кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толады. Өткен күндерге қайта үңілсек, бір ел ішінде орын алған саяси дағдарыстың ақыры үлкен қайғы-қасіретке айналғанын аңғару қиын емес.
КСРО басшылығы Ауғанстанда 1978 жылғы сәуірде билік басына келген халықтық-демократиялық үкіметті қолдағаны белгілі. Алайда, жаңа билікке қарсы өрбіген қарулы қақтығыстар салдарынан елде азамат соғысы өршіп, арадағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа және Ауғанстан үкіметінің өтінішіне орай 1979 жылғы 12 желтоқсанда “интернационалдық әскери көмек” беру туралы шешім қабылданды. 1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскерлері ауған жеріне енгізіліп, соғыс қимылдары 1989 жылдың 15 ақпанына дейін толастамады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі өз отырысында АҚШ дайындаған қарарды қолдап, КСРО-ға қарсы вето қабылдады. Босқындардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, елден барлық шетелдік әскерлерді шығаруға шақырғанымен, шешім орындалмай қалды.
Отқа оранған он жыл ішінде КСРО тарапынан 15 мыңнан астам әскери қызметші қаза тапты. 53 мыңнан астам адам жарақат алып, жауынгерлердің бестен бірі мүгедек болып қалды. 22 мың қазақстандық жат жерде соғысып, 761 отандасымыз майдан даласында мерт болды. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. 1015 жігіт мүгедектікке ұшырады.
Интернационалдық борыштарын өтеу кезінде ерен ерліктері мен жүрек жұтқан батырлықтары үшін 200 мыңнан астам жауынгер – мемлекеттік наградаларға, 71-і ең жоғары марапатқа ие болды. Қазақстаннан 6 адам Кеңес Одағының Батыры, бір жігіт Халық қаһарманы атанды.
Солтүстік өңірден 1500 бозбала жат жерге аттанып, 25-і хабар-ошарсыз кетті. 46 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Ауған соғысының ардагері Жайлау Шәріпов бүгінде Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің Петропавл қаласындағы филиалында еңбек етеді. Запастағы подполковник жарияланбаған соғыстың небір тауқыметін бастан өткерген. Ол 1961 жылы Шал ақын ауданының Жаңасу ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген бозбала 1979 жылы 27 маусымда азаматтық борышын өтеуге кеңес армиясы қатарына шақырылған. Қырғызстанның Ош қаласында қысқаша даярлық курсынан өткен соң құпия түрде мыңдаған сарбаздардың қатарында Ауғанстанға аттандырылған.
– Бізге әуежай орналасқан Файзабад қаласын бақылауға алу міндеті жүктелді. Тапсырма өте мұқият орындалды. Мұнда біз взвод командирі, аға лейтенант Шербининнен айырылғанда алдымызда қаншама қиын өткелдер тұрғанын бірінші рет сезіндік, – дейді Жайлау Қабылқайырұлы өткен күндерді күрсіне еске алып.
Жайлау Шәріпов интернационалистік борышын адал атқарып, 1981 жылы 4 маусымда туған жерге оралады. Қарағанды педагогикалық институтында оқып жүргенде болашақ жары – Аягөзді кездестіреді. Жас жұбайлар жолдамамен Шал ақын ауданы Ысқақ Ыбыраев ауылына келіп, еңбекке араласады. Ағамыз көп жылдар бойы алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі ретінде қалтқысыз қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарындағы әскери қызметін 2011 жылы Мағжан Жұмабаев аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы лауазымында аяқтады.
Жауынгер зейнетке шықса да, үйреніп қалған ісінен қол үзген жоқ. Қазіргі таңда Петропавл қаласындағы әскери-техникалық мектепте жастарды Отан қорғауға баулып жүр.
Андрей ВЕТЁЛКИН,
Шыңғыс ЕРЕКЕШЕВ,
әскери-техникалық мектептің тыңдаушылары.