“Қазір үйдемін, ұзақ сапардан келдім. Солтүстіктегі жол полициясының қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді, өздерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отыра, автокөлік легін түк көрінбейтін боранда, көктайғақта бірнеше сағат бойы алып жүруге батыл жүрек қажет”, – деп “Facebook”-те Диляра Есембекова есімді желі қолданушысы жазыпты. Бұл өткен демалыс күндері облыс полицейлерінің атына жолдаған ризашылықтың бірі ғана. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылғанда тәртіп сақшылары 50-60 автокөліктен колонна жасап, оларды көктайғақта алып жүрді.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Конюхово ауылынан шыққан ерлі-зайыптылардың көлігі көктайғақтың салдарынан тас жолдың жиегіне түсіп кеткен. “Тоқтап, көмек ұсынған жүргізушілерге көптен-көп рақмет, бірақ полиция қызметкерлері болмағанда біз шыға алмас едік. Арқан тросымыз үзіліп қалды, олардың бірі Покровкадан темірден жасалғанын әкелді. Маған полиция машинасында отырып, жылына тұру ұсынылды (далада -35 градус суық болатын), ал полицейлер мен жұбайым машинаны шығару үшін қарды тазалады”, – деп ауыл тұрғыны “Instagram”-да қарамағындағы қызметкерлердің әрекеті үшін департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа алғысын білдіріпті.
Сергеевка – Тимирязево тас жолының бұрылысына жетпей, әйелімен бірге Жарқын ауылынан шығып, кетіп бара жатқанда “Skoda” көлігінің жүргізушісі де шұңқырға түсіп кеткен. Көлікті қар басып қалады. Желідегі шамадан тыс жүктеме салдарынан жүргізуші “112” нөміріне хабарласа алмай, ол Тимирязев аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Талғат Кенжетаевқа қоңырау шалады. Ол дереу оқиға орнына ең жақын учаскелік инспектор Мәди Сұрағановты жібереді. Көлікті қазып шығарған кезде құтқарушылар да жеткен, оларды Талғат Кенжетаев қызметтік арналар арқылы хабардар еткен екен. Көлік қар құрсауынан шығарылғаннан кейін де Мәди Сұрағанов оны ауданның шекарасына дейін шығарып салған. “Кәсіби шеберліктеріңіз, шұғыл әрекет еткендеріңіз және азаматтарға барынша көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет”, – деп жүргізуші “Instagram”-да алғыс жазған.
– Учаскелік инспекторлардың телефондары ведомстволық сайттарда және әлеуметтік желілерде жарияланған, – дейді облыстың бас полицейі Марат Төлебаев. – Бөлім басшылары азаматтарды онлайн режімде қабылдап, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерге қатысады. Төтенше жағдай кезінде басқа аудан тұрғынының полицейлердің нөмірлерін тез тауып алуы – ашықтық саясатының өз жемісін беріп жатқанының айқын дәлелі.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.