«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қар құрсауында қалғандарға көмек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазір үйдемін, ұзақ сапардан келдім. Солтүстіктегі жол поли­ция­сы­ның қызметкерлеріне ал­ғыс айтқым келеді, өздерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отыра, автокөлік легін түк көрін­бей­тін боранда, көктайғақта бір­неше сағат бойы алып жүруге ба­тыл жүрек қажет”, – деп “Fa­cebook”-те Диляра Есембекова есімді желі қолданушысы жазып­ты. Бұл өткен де­малыс күндері облыс по­лицейлерінің атына жол­даған ри­зашылықтың бірі ғана. Ауа ра­йы­ның қолайсыздығына бай­ла­ныс­ты жолдар жабылғанда тәр­тіп сақ­шылары 50-60 авто­көлік­тен ко­лонна жасап, оларды көк­тайғақта алып жүрді.

Мағжан Жұмабаев ауда­нын­дағы Конюхово ауылынан шық­қан ерлі-зайыптылардың көлігі көктайғақтың салдарынан тас жолдың жиегіне түсіп кеткен. “Тоқ­тап, көмек ұсынған жүргізу­шілерге көптен-көп рақмет, бірақ полиция қызметкерлері болма­ған­да біз шыға алмас едік. Арқан тросымыз үзіліп қалды, олардың бірі Покровкадан темірден жа­сал­ғанын әкелді. Маған полиция машинасында отырып, жылына тұру ұсынылды (далада -35 гра­дус суық болатын), ал полицей­лер мен жұбайым машинаны шығару үшін қарды тазалады”, – деп ауыл тұрғыны “Instagram”-да қарамағындағы қызметкерлердің әрекеті үшін департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа алғысын білдіріпті.
Сергеевка – Тимирязево тас жолының бұрылысына жетпей, әйелімен бірге Жарқын ауылы­нан шығып, кетіп бара жатқанда “Skoda” көлігінің жүргізушісі де шұңқырға түсіп кеткен. Көлікті қар басып қалады. Желідегі шамадан тыс жүктеме салдарынан жүргі­зуші “112” нөміріне хабарласа алмай, ол Тимирязев аудандық полиция бөлімінің бастығы, поли­ция подполковнигі Талғат Кенже­таевқа қоңырау шалады. Ол де­реу оқиға орнына ең жақын учас­келік инспектор Мәди Сұраға­нов­ты жібереді. Көлікті қазып шығар­ған кезде құтқарушылар да жеткен, оларды Талғат Кенже­таев қызметтік арналар арқылы хабардар еткен екен. Көлік қар құрсауынан шығарылғаннан ке­йін де Мәди Сұрағанов оны ау­данның шекарасына дейін шы­ғарып салған. “Кәсіби шеберлік­теріңіз, шұғыл әрекет еткенде­ріңіз және азаматтарға барынша көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет”, – деп жүргізуші “Instagram”-да алғыс жазған.
– Учаскелік инспекторлардың телефондары ведомстволық сайт­тарда және әлеуметтік желі­лерде жарияланған, – дейді об­лыстың бас полицейі Марат Тө­ле­баев. – Бөлім бас­шылары аза­маттарды онлайн ре­жімде қа­был­дап, әлеуметтік же­лілердегі тікелей эфирлерге қа­тысады. Тө­тенше жағдай кезінде басқа ау­дан тұрғынының поли­цейлердің нөмірлерін тез тауып алуы – ашық­тық саясатының өз жемісін беріп жатқанының айқын дәлелі.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp