Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай “Мудрый поэт из народа” атты әдеби кеш өтті. Кітапханашылар жас оқырмандарын танымал тұлғаның шығармашылығымен кеңірек таныстыру мақсатында “Жамбыл әлемі” кітап көрмесін ұйымдастырды.
Өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағында-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Жетісудың әйгілі ақыны Сүйінбайдан тағылым алады.
Кеш барысында жыршының өзге де қабілеттері туралы сөз сабақтаған кітапханашылар балаларды ақын жайлы тың мәліметтермен сусындатуға тырысты. Мысалы олар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің көмегімен облыс орталығындағы ең ұзын көшеге Жамбыл Жабаевтың есімін берудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ақын өлеңдерінің шығу тарихын баяндап, оның “Ленинградтық өренім” туындысы Ұлы Отан соғысы кезінде рухты көтеруші ұранға айналғанын атап өтті.
“Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ақын мұрасына арналған көрме ұйымдастырдық. Жамбылдың әр туындысы бүгінгі күні де мән-маңызын жойған жоқ. Сондықтан біз оларды тәрбие құралы ретінде пайдалана аламыз”, – дейді кітапхананың бөлім жетекшісі Шынар Жантаева. Көрмеде Жамбылдың революцияға дейінгі, соғыс кезіндегі өлеңдері, айтыстары көрініс тапқан.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.