«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТҚА ОРАНҒАН ОН ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

15 ақпанда кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылға­нына 32 жыл толады. Өткен күндерге қайта үңілсек, бір ел ішінде орын алған саяси дағдарыстың ақыры үлкен қайғы-қасіретке айналғанын аңғару қиын емес.

КСРО басшылығы Ауғанстан­да 1978 жылғы сәуірде билік ба­сы­на келген халықтық-демократиялық үкіметті қолдағаны белгі­лі. Алайда, жаңа билікке қарсы өр­біген қарулы қақтығыстар сал­дарынан елде азамат соғысы өршіп, арадағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа жә­не Ауғанстан үкіметінің өтіні­ші­не орай 1979 жылғы 12 желтоқ­санда “интернационалдық әскери көмек” беру туралы шешім қа­былданды. 1979 жылы 25 жел­тоқ­санда кеңес әскерлері ауған жеріне енгізіліп, соғыс қимылда­ры 1989 жылдың 15 ақпанына де­йін толастамады. БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңесі өз отырысында АҚШ дайындаған қарарды қолдап, КСРО-ға қарсы вето қабылдады. Босқындардың жағдайына алаң­даушылық білдіріп, елден барлық шетелдік әскерлерді шығаруға шақырғанымен, шешім орын­дал­май қалды.
Отқа оранған он жыл ішінде КСРО тарапынан 15 мыңнан астам әскери қызметші қаза тапты. 53 мыңнан астам адам жарақат алып, жауынгерлердің бестен бірі мүгедек болып қалды. 22 мың қазақстандық жат жерде соғысып, 761 отандасымыз майдан да­ласында мерт болды. 21 адам ха­бар-ошарсыз кетті. 1015 жігіт мү­гедектікке ұшырады.
Интернационалдық борыш­та­рын өтеу кезінде ерен ерліктері мен жүрек жұтқан батырлықтары үшін 200 мыңнан астам жауынгер – мемлекеттік наградаларға, 71-і ең жоғары марапатқа ие болды. Қа­зақстаннан 6 адам Кеңес Одағының Батыры, бір жігіт Халық қаһарманы атанды.
Солтүстік өңірден 1500 бозба­ла жат жерге аттанып, 25-і хабар-ошарсыз кетті. 46 жауынгер ер­лік­пен қаза тапты. Ауған соғысы­ның ардагері Жайлау Шәріпов бү­гінде Қорғаныс министрлігіне қа­расты әскери-техникалық мек­теп­тің Петропавл қаласындағы филиалында еңбек етеді. Запас­тағы подполковник жарияланба­ған соғыстың небір тауқыметін бастан өткерген. Ол 1961 жылы Шал ақын ауданының Жаңасу ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген бозбала 1979 жылы 27 маусымда азаматтық борышын өтеуге кеңес армиясы қа­тарына шақырылған. Қырғыз­станның Ош қаласында қысқаша даярлық курсынан өткен соң құ­пия түрде мыңдаған сар­баз­дардың қатарында Ауғанстанға аттандырылған.
– Бізге әуежай орналасқан Файзабад қаласын бақылауға алу міндеті жүктелді. Тапсырма өте мұқият орындалды. Мұнда біз взвод командирі, аға лейте­нант Шербининнен айырылғанда ал­дымызда қаншама қиын өт­кел­дер тұрғанын бірінші рет сезіндік, – дейді Жайлау Қабылқайырұлы өткен күндерді күрсіне еске алып.
Жайлау Шәріпов интернацио­налистік борышын адал атқарып, 1981 жылы 4 маусымда туған жер­ге оралады. Қарағанды педа­гоги­калық институтында оқып жүр­ген­де болашақ жары – Аягөзді кездестіреді. Жас жұбайлар жол­дамамен Шал ақын ауданы Ыс­қақ Ыбыраев ауылына келіп, ең­бекке араласады. Ағамыз көп жыл­дар бойы алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі ретінде қалтқысыз қызмет атқарды. Қа­зақстан Республикасы Қарулы Күш­тері қатарындағы әскери қыз­метін 2011 жылы Мағжан Жұма­баев аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы лауа­зымында аяқтады.
Жауынгер зейнетке шықса да, үй­реніп қалған ісінен қол үзген жоқ. Қазіргі таңда Петропавл қа­ла­сындағы әскери-техникалық мек­тепте жас­тарды Отан қорғау­ға баулып жүр.

Андрей ВЕТЁЛКИН,
Шыңғыс ЕРЕКЕШЕВ,
әскери-техникалық мектептің тыңдаушылары. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp