«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қамқорлық аясы кеңеймек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында “Nur Otan” партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында әзірленген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасын таныстырды. Бұл құжат жуық арада іске асып, өңірімізде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайы біршама жасқара түседі деген үміттеміз.

 Министр өз сөзінде аталмыш заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленгенін атап өтті. Құжат Парламент Мәжілісі мен Сенатының жұмыс топтары мүшелерінің, Үкімет жанындағы мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ, жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары негізінде жасалған. “Бұл жоба БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының заңнамадағы кемсітушілік терминдерді жою жөніндегі нормаларын бекіту, әлеуметтік қорғалуын жетілдіру, оларды жұмысқа орналасуға ынталандыру және экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер туғызу мақсатында жасалды. Сондай-ақ, әзірленген құжат іске асқан жағдайда, табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету және портал арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инватакси алуға құжаттар ресімдеу жұмысы айтарлықтай қолжетімді бола түсері сөзсіз. Ол “еңбек ардагері” санатын кеңейтуді және еңбек қызметін қайта бастаған, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің кепілді деңгейін белгілеуді көздейді”, – деді Серік Шәпкенов.
Бұдан басқа құжатта I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ұсыныс қабылданған жағдайда, мұндай жәрдемақы 24 мыңға жуық қазақстандыққа берілмек. 7 – 16 жас аралығындағы балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылып отыр. Оларға төленетін жәрдемақылардың мөлшері жасының ұлғаюына қарай қайта пысықталатын болады. Заң жобасында азаматтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру қарастырылған. Бұл асыраушысынан айырылған және 2 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
“Nur Otan” партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ, халықаралық тәжірибені ескере отырып мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. “Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға және әлеуетті жұмыс берушілерде мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақы төленетін тағылымдамаларын жүзеге асыруға бағытталатын болады”, – деді Серік Шәпкенов. Ал еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда оларға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылмақ. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Олар балалары кәмелеттік жасқа толған соң және I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығына ие болады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына кезекті сақтауға мүмкіндік береді. Тіпті, сәбиімен отырып, табысынан айырылған аналардың жағдайы да ұмыт қалмаған. Құжатта мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту жөніндегі мәселе де қарастырылған.

Азамат СЫЗДЫҚОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp