«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫ ҚИМЫЛДАҒАННЫҢ АУЗЫ ҚИМЫЛДАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы “Бастау” жобасы аясында Есіл ауданының 37 тұрғыны кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Оның 8-і жеке кәсібін ашу мақсатында жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, 25-і қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Солардың бірі – Бейбіт Әбілмәжінов.

Явленка ауылының тұрғыны көп жылдар бойы түсті металдарды сату-сатып алу ісімен айналысқан. Өкініштісі, бұл кәсіпте көп табыс таба алмайсың әрі тұрақтылық жоқ. Сондықтан Бейбіт Сайлауұлы “Бастау” жобасына жазылып, өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысқан.
– Ауылда да жаңа кәсіп ашуға болатынын білдім. Бизнестің көкжиегі кең ғой. Ең бастысы ұмтылыс керек. Сонда ғана бағынбас асу болмайды. Алдымен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандарының көмегіне жүгіндім, – дейді кәсіпкер.
Бейбіт Әбілмәжінов өзі сияқты тыңдаушылармен бірге бір ай бойы бизнестің қыр-сырын меңгеріп, жұмысты тиімді жоспар­лауды, маркетинг жүргізуді үйренді. Қысқамерзімді оқу курсы тамамдалған соң, арнайы комис­сияның алдында өз бизнес-жобасын сәтті қорғады. Нәтижесінде 500 мың теңгенің грантына қол жеткізеді.


Бейбіт Сайлауұлының айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында ол Есіл ауданының орталығында аяқ киім жөндеу және кілт жасау шеберханасын ашқан.

– Мемлекеттің қолдауының арқасында материалдарды жонып, тегістейтін қондырғылар сатып алдым. “Crown” фирмасы шығаратын бұл құрылғылар Нұр-Сұлтан қаласында ғана болғандықтан, қажетті станоктар тапсырыс арқылы жеткізілді. Сондай-ақ, домофон кілтін жасайтын аппарат пен құлыптар алынды. Пандемияның салдарынан жоспарланған ісімді кешіктіріп, қаңтар айында ашуыма тура келді. Шеберханам Явленканың ортасында, адам көп жүретін жерде орналасқан. Бүгіндері қызметіме жүгінушілер бар. Қазір еңбегімнің жемісін көріп жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Болашақта аяқ киім жөндететіндер мен кілт жасататындардың қатары қалыңдай түсетініне сенімді. Алдымен жарнамаға көңіл бөліп, сапалы қызметімен көзге түспек. Болашақта сөмке тікпек ойы да бар.
Аталмыш ауданның тағы бір тұрғыны – Светлана Егорова да мемлекеттік қолдаудың игілігін көруде. Арнайы оқудан өткен жеке кәсіпкер жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен 6 млн. теңгенің несиесін ресімдеген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында келіншек өз наубайханасын ашқан. Бүгінгі таңда тұрғындарды тәтті нан-тоқаш өнімдерімен қуантып келеді.
– Явленкада бірнеше наубайхана бар. Яғни, бұл бағытта бәсекелестік жоғары. Алайда, мен өзіме жақын салада бағымды сынап көруге бел шештім. Әзірге бастамам жаман емес. Шағын ғана ғимаратта нан-тоқаштардың 20 түрін шығарамыз. 500 дана өнім “Плюшки-ватрушки” деп аталатын өз азық-түлік дүкенімізде саудаланады. Ашылғанымызға көп уақыт өтпесе де ауыл тұрғындары бізді жақсы біледі, – дейді Светлана Владимировна.
Жеке кәсіпкер ауылдың төрт тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қолға алған жоба­сының тиімділігіне көз жеткізген іскер әйелдің алдағы жоспары ауқымды. Қаржы институты алдындағы қарызын ерте жауып, кәсіпкерліктің аясын кеңейтпек.

Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: Жоғарыда – С.Егорова; төменде – Б.Әбілмәжінов. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp