«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АВТОБУСТЫҢ ІШІНЕН ДАЛА ЖЫЛЫ МА, ҚАЛАЙ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық көлік мəселесі қай кезде де қала тұрғындары үшін өзектілігін жойған емес. Тұрғындар автобустардың сарышұнақ аязда жылыту пешінсіз бағытқа шығатынына ашулы, көлік ішінде тазалықтың жоқтығына, арақашықтықтың сақталмауына, жүргізушінің темекі шегуі мен кондуктордың дөрекілігіне де шағымдар жиі түседі.

Солтүстіктің қысы алты айға созылады, бет қаритын аязды күндері де көп. Сол суықтарда автобустың ішінен дала жылы көрінетін кездер болады. Қала тұрғыны Қайыржан Құрманұлы автобус ішінде үсіп қала жаздағанын айтады. Жасы 80-ге жеткен зейнеткер қоғамдық көлікпен емхана мен дәріханаға қатынаймын деп ауруының үстіне ауру жамап алып жүр. Оған қыста діттеген жеріне жету мұң болып отыр.
– Қалалық қоғамдық көліктердің басым бөлігінде жолаушыларға жағдай жасалмаған. Қоғамдық көлік деп айтуға аузың бармайды. Іші сұп-суық, сәкісі аяқ қариды, асты шұрықтесік. Орындықтары қапталмаған, мұзға отырғандай боласың. Көбіне түрегеп тұруыма тура келеді. Автобус ішіндегі жылытқыштардан кей кезде суық жел соғады. Өкінішке қарай, бізде жолаушыларға қызмет көрсетудің сиқы осындай, – дейді ақсақал.
Облыс орталығында 26 бағыт бойынша қоғамдық көлік жүреді. Бұл жұмыспен он кәсіпкер айналысады. Олар – “Петропавл НОРД”, “Партнер Авто”, “Аврора Транссервис”, “ВЭЛТА” серіктестіктері мен “Сухов В.Н.”, “Рақымжанова Г.И.”, “Завьялов Е.И.”, “Құсайынов Б.С.”, “Копылова А.А.”, “Семенова Г.П.” сынды жеке кәсіпкерліктер. Аялдамадағы тақтайшаларда автобустардың қатынау жиілігі 5-10 минут деп жазылған. Алайда, жолаушыларға кейбір автобустарды жарты сағаттай күтуге тура келеді. Кешке қарай қоғамдық көліктердің саны күрт азаяды. Яғни, 22-00-ге дейін деп белгіленген жүру кестесі сақталмайды. Автобустар ерте тоқтаған соң, қала тұрғындары амалсыздан такси жалдайды.

Қаңтар-ақпандағы суық қытай­лық автобустардың жергілікті ауа райына мүлдем сай еместігін тағы көрсетті. Мәселен, қаңтар айының соңында “Аврора-Транссервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты №14 бағыттағы көліктер жолаушы тасымалдауға мүлдем шықпай қалған. Амалсыздан басқа бір кәсіпорынның автобустары жолға шықты.

– Аялдамада бір сағаттай тұрдым. Өтіп бара жатқан адамдар №14 бағыттағы автобустың жүрмейтінін айтты. Сұрастырсам, себебін ешкім білмейді. Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен қалалық әкімдікке хабарластым. Бірақ бөлім мамандары мердігермен хабарласып, мәселені шешіп жатырмыз деген сырғытпа жауап беріп құтылды. Бұл бірінші рет орын алып отырған жағдай емес. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады. Мәселе қанша көтерілсе де оның шешімі табылар емес, – дейді діттеген жеріне жете алмаған зейнеткер Қошан Қали.

Кейін қала әкімдігінің “Instag­ram” және “Facebook” әлеуметтік желі­леріндегі ресми парақшаларында №14 бағыт бойынша қызмет көрсететін мердігермен келісімшарттың тоқтатылғаны жазылды. Енді бұл бағыт “СҚО автокөлік одағы” тасымалдаушылар қоғамының төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Галина Семенова басқаратын “Семенова Г.П.” жеке кәсіпкерлігіне сеніп тапсырылды. Біз мердігерге хабарласып, тұрғындардың шағымын жеткіздік.

– Бұл бағытқа жауапты кәсіпкер көліктерді өзге кәсіпорыннан жал­ға алып отырған. Келісімшарт негізін­де пайдаланған. Өкінішке қарай, бұл құжаттың мерзімі аяқталды. Қос тарап әрі қарай әріптестікті жалғастырмау туралы шешім қабылдаған. Сол себепті аталмыш бағытта қатынайтын автобустар жолға шыққан жоқ. Бұған дейін қызмет көрсеткен компания жолға 4, ары кетсе 6 автобус шығарып отырған. Олар сына берген соң, жүру жиілігі сақталмады. Қазір біз бұл бағытқа күн сайын 8 автобус жібереміз, – деді Галина Петровна.

Автобус бағыттарына қатысты да көңіл толмаушылық бар. Мәселен, жолаушы аз жүретін, ал кәсіпкерге табыстан гөрі шығын әкелетін бірқатар бағыттарды қысқарту туралы шешім қабылданған. Бұған қоса, соңғы жылдары электронды билет жүйесін енгізу де тұрғындар арасында дау-дамай туғызуда. Алғашында қоғамдық көлік қызметін пайдаланушылар арнайы картамен жолақысын өтеген жағдайда билет 80 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқандарға 130 теңге болады делінген. Әрине, бұл шешіммен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері де, тұрғындар да келіспеді. Салдарынан сандық жүйені енгізуді шегере тұруға тура келген.

– Қазіргі уақытта қала әкімдігі электронды билет жүйесінің бірін таңдады. Ол – “АlemPay” бағдарламасы. Аталмыш жүйе Қостанайда кеңінен қолданылуда. Жолақысын төлеуге қолданылатын тың жоба наурыз айының басында іске қосылатын болады. Оған дейін арнайы база құрылып, карталар жасалады. Олардың бірқатары әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға және мектеп оқушыла­рына таратылады. Бүгіндері электронды есеп айырысу қондырғылары тестілеу негізінде №27, 16, 6 және 26М бағыттарында жүретін автобустарға орнатылған. Онда қала тұрғындары картамен жол­ақыларын төлей алады. Тұрғындар 400-ден астам карта сатып алды, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Қаладағы қоғамдық көліктер туралы әңгіме қозғаған кезде ұмыт қалдыруға болмайтын тағы бір мәселе бар. Бұл – Петропавл автопаркіндегі техниканың 60 пайызының тозығы жеткендігі. Мәселен, қала көшелерінде жиі кездесетін “Li Shan” және “Shaolin” маркалы шағынавтобустардың пайдалану мерзімінің аяқталғанына да біраз жыл болған. Десе де, олар әлі күнге дейін жолаушылар тасымалында пайдаланылады. Белгілі болғандай, бұл автобустарды шығаратын зауыт та біраз жыл бұрын өндірісті тоқтатқан екен.

Қалалықтар аңсап жүрген кең әрі жылы автобустар шаһар көшеле­ріне аздап болса да келе бастады. Қаңтар айында петропавлдық автобус паркі жеті су жаңа көлікпен толықты. Жаңа техникамен танысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы облыс ор­талығындағы 200 көліктің тең жартысы жаңасына ауыстырылатынын айтқан. “Yutong” маркалы автобустардың ұзын­дығы – 8,5 метр болса, кейбірінікі 10 метрге дейін жетеді. Іші кең автобустар өңіріміздің климатына да лайықталған сыңайлы. Яғни, қыстың қытымырында салонды алты радиатор жылытса, ал жаздың аптабында кондиционерлер қосылады. Бұдан бөлек, ауаны дезинфекциялауға арналған тазарту жүйесі мен ультрафиолет шамдары бар. Бүгінде жаңа автобустар №9 және №27 бағыттар бойынша қатынап жүр.

 

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Коллажды жасаған

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp