«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ — АТАДАН ЖЕТКЕН АМАНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел ретінде Қазақстан жас мемлекет болғанымен, оның тарихы Еуразияның ұлы көшпелі өркениетінің үш мыңжылдық тарихынан ажырағысыз. Уақыт өте келе Еділ мен Ертістің, Атырау мен Алтайдың арасындағы далалық алқапта көшпелі империялардың ұрпақтары қазақ деген біртұтас халыққа бірікті. Алайда, тағдырдың жазуымен дербестігінен айырылып, бодандықта өмір сүруге мәжбүр болды.

Тәуелсіздікті қайтадан қалпына келтіремін деген ұлт жанашырларының, жүрегі “қазақ” деп соққан замандастарымыздың асқақ арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда ғана жүзеге асты. Осы күні Қазақстан мемлекеті Тәуелсіздігін қайта жариялап, “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заңы қабылданды. Заңның бірінші бабында: “Қазақстан Республикасы – Тәуелсіз мемлекет, ол өз жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқығы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды”, – деп көрсетілген. Міне, сол күннен бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы отыз жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында жан-жақты айтып берді. Онда Президент егемен ел болғаннан бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолымызға терең ой жүгіртіп, талдау жасап, Тәуелсіздіктің қазіргі тарихымыздағы орны мен ерекшеліктерін жан-жақты атап өткен.
Қазақстан жері – ұлан-байтақ. Оның әр тұтам жерінде, басынан өткен әрбір сәтте Тәуелсіздігіміздің телегей-теңіз тарихы бар. Еліміз үшін Тәуелсіздік – аса қымбат, қасиетті ұғым, баға жетпес асыл байлық, қымбат қазына. Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, ел алдында, елтұтқа ерлер алдында мемлекеттік тәуелсіздігімізді сақтап қалу мақсаты тұрды. Жылдар бойы көптеген ұлт өкілдері үшін Қазақстан туған Отанына, қазақ халқы туған бауырына айналды. Тәуелсіз өмір сүру үшін бейнет шегу, еңбек сіңіру қажет болса, өз тәуелсіздігі жолында қазақтан артық бейнет көрген, қара терін ағызып, қайрат қылған халықты кездестіру оңай емес. Тәуелсіз өмірге жету үшін асқан ақыл қажет болса, қазақта ол да жоқ емес. Тәуелсіздікке жету үшін төзім мен сабыр керек болса, дөңгеленген дүниеде қазақтан асқан төзімді, қазақтан асқан сабырлы халықты ұшырастыра қоюдың да өзі екіталай. Азаттық, егемендік жолында мың өліп, мың тірілген, мың жығылып, мың тұрған қайсар халқымыз сол Тәуелсіздігін көзімен көріп, жүрегінде тербеткен, алақанына салып, аялап қарап тұрған сәтте алдына ұлы мақсат, үлкен міндеттер қойды. Егенмендікке жету жолы сонша қиын, ауыр болғанда, сол Тәуелсіздікті сақтап қалу, нығайту еліміз үшін үлкен сын еді. Тіпті, қазірдің өзінде жерімізге көз алартып, тұтастығымызға қызғанышпен қарайтындар аз емес.
1991 жылы Тәуелсіздікті алған тұс әлі күнге дейін көз алдымда. Таңертең бұрынғы Қарағанды политехникалық институтының филиалын басқарған ғалым Қайырбек Оразов біздің үйге телефон шалып, сүйіншілеп, жақсы хабарды жеткізді. Жұбайым, ұлттық мәселелер төңірегіндегі тұшымды, өткір мақалаларымен танылған Мәлік Мұқанов екеуміз бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алып, бұдан кейінгі егемендігімізді нығайту жолындағы игі істерге ерекше шабытпен жұмыла кірістік. Ең әуелі туған тілімізді түлетуге атсалыстық. Бүгінде еліміздің 14 облысының барлығында ісқағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Қазақ халқының үлес салмағы артты. Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңы қабылданды. Алайда, бүгінгі ұрпақ осының өзін, яғни тіл, діл, салт-дәстүрімізді, тарихымыз сияқты ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандыру ісі Тәуелсіздік алған тұста оңайға соқпағанын көзбен көрмеген соң түсіне қоймас. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ұлы істерге жұмылған, ұлттық идеяны жүзеге асыруға ұмтылған азаматтардың күш біріктіріп, басқыншылық саясатының тамырына балта шабуға білек сыбана кіріскенін жастар білуі тиіс деп ойлаймын. Ұлтқа жанашыр жандар тоқырау кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамастан, өңіріміздегі тіл жағдайын жақсартуға барынша атсалысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтар туралы 2008 жылы Тәуелсіздіктің 17 жылдығына арналған салтанатты жиында былай деп ойын ашық айтқан еді: “90-шы жылдардың басында бізде өнеркәсіп құлдырауы 50 пайыз болып, ІЖӨ – 60 пайызға, ауыл шаруашылығы өндірісі 70 пайызға төмендеді. Еңбекақы екі есеге азайды. Күрделі жағдайға қарамастан, біз ол қиындықтарды қажырлылықпен және табандылықпен еңсердік”. Мұндай қиыншылықтар білім саласын да айналып өткен жоқ. Оның ішінде біздің облысымызда болды. Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайға және қаржы-экономикалық қиындықтарға байланысты 1992 жылдан бастап көптеген балабақшалар жабылуға айналды. Сол кезде мектептерді оқытушылармен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Тұрмыстың күрт нашарлауынан көптеген жоғары білімді тәжірибелі мұғалімдер мектепті тастап кетті. Біреулері саудамен айналысты, екіншілері басқа жаққа қоныс аударды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да төмен еді. Бірақ осындай қиыншылықтарға қарамастан, егемендік алғанымызды бар жан-тәнімізбен түсінген біз өз ортамызды қазақыландыруды бастап кеттік. Мен ол кезде облыстық тілдер басқармасының басшысы қызметінде жүріп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді мықтап қолға алдым. Әрине, бұл жұмысты атқару оңай болған жоқ. Өйткені, 70 жылдан астам уақыт бойы отаршылдық саясатымен өсіп-жетілген замандастарымның көбі “Қазақ тілі не үшін керек?” деген ой-пікірлерін ашықтан-ашық жеткізді. Енді біреулер: “Қазақ тілі” қоғамы да жеткілікті”, – деп жар салды.
Бұл ісіміздің анық нәтижесін үш жылдан соң 1996 жылы облысымызда екі бірдей қазақ мектебі ашылған кезде көрдік. Мұның өзі оңайлықпен жүзеге аспағанын айтып өткен жөн. Өйткені, ол кезде мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындары некен-саяқ еді. Қазақ балаларының көбі орыс тілінде оқыды. Ата-аналар қазақ мектептерінің болашағына сенімсіздік танытты. Бірақ біз барлық қиындықтарды еңсеріп, облыс орталығында қазақ тілінде білім беретін оқу нысандарының қатарын арттыру міндетін жүзеге асыру жөніндегі істерімізді табандылықпен жалғастырдық. Осы орайда бізге тіл жанашырлары Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Ақан Бағанов, Қошан Қали, Өмір Есқали сынды азаматтар қол ұшын созды. Олар қаракөз балаларды қазақ мектептеріне беру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, көптің қалауымен қаланың қақ ортасында екі бірдей білім ордасы ашылды. Қазақ тілінде білім берудің аса маңызды екенін түсіне бастаған облыс басшылығы да бірте-бірте мемлекеттік тілде оқытатын мектептерді көбейтуге күш сала бастады. Облыстық білім басқармасы нақты қай аудандарда қазақ мектебін ашуға сұраныс жоғары, қай аудандарда тұрғындар бұған бейжай қарайды, оның себебі неде деген мәселелерге көз жеткізу мақсатында ел ішінде түрлі сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер жүргізе бастады.
Тоқырау жылдарынан кейінгі уақытта өзге ұйымдармен бірге мектептер де қиын жағдайда болды. №6 мектеп директоры ретінде мен жан-жақтан мұғалім іздеп, балалар санын көбейтуді мақсат тұттым. Әлі есімде, әр білім ошағы өз мүмкіндігіне қарай қаржы табуға тырысты. Бірі мектеп ауласында автотұрақ орнатса, енді бірі дүкен ашып, табыс табуға талпынды. Біз алғашқы оқу жылы балаларды төбесі жартылай жабылмаған ғимаратта оқытуға мәжбүр болдық. Қаржының тапшылығынан бірнеше жылдар бойы мектепте жылыту жүйесі күрделі жөндеу көрмеді. Кейбір суық күндері сабақ жүрмеді.
Тек 90-шы жылдардың соңына қарай еліміздің экономикалық жағдайы түзеле бастаған соң ғана тұрмысымыз оңалды. Айсұлу Қасейінова, Райхан Сұрағанова, Қамиша Нұрмұқанова, Ботагөз Айтмағамбетова, Назымбек Оразымбетов, Балдырған Ілиясов сынды ұстаздар мен ұйымшыл ұжымның зор ынта-жігерімен мектебіміз түрлі қиындықтарға төтеп беріп, түлектеріміз жақсы жетістіктерімен қуантты. Олардың қатарында әлі күнге дейін сүйікті ісінен қол үзбеген азаматтар бар.
Ұстаздар қауымы мектеп ашылған жылдары тұрмыстық жеке мәселелерін ұмытып, бала тәрбиелеу жұмысына ерекше ынтамен атсалысты. Ол кезде облыс тұрғындарының көбінде жеке баспана да болмаған. Мұғалімдер бұл проблеманы да уақытша деп қабылдап, білім беру ісіне жанын сала араласты. Бірте-бірте еңбекақы көлемі артып, баспана алуға, тұрмыстық жағдайын жақсартуға қолдары жетті. Ал Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында білім ордамыз әсем де зәулім жаңа ғимаратқа көшіріліп, оқушылар саны 1 мыңнан асты. Қазір бұл ұжымда Айжан Қапезова, Қуаныш Мәжитұлы, Майра Сәрсенова және мектеп директоры Сайран Мұстафина сынды өз ісінің білгірлері жұмыс істейді. Олар да біздің ісімізді жалғап, ұлттық тәрбие беру жолында тер төгуде. Әсіресе, балаларға Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін, дербес мемлекет екенімізді жариялаған тұста көп қиындықтардан аман шыққанымызды тілге тиек етіп, егемендігіміз әркімге үлкен жауапкершілік жүктейтінін ұғындыруда.
Мемлекет басшысы өз мақаласында айтып өткендей, Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Ия, шынында да, жан-жақты дамыған, алға ұмтылған еліміздің жоғарыда айтылғандай, қиын кезеңнен өткенін, бүгінгі тыныштық пен берекелі заман оңайлықпен келмегенін әр азамат білуі тиіс. Бүгін қолыма қалам алуымның да себебі осы еді. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында Президентіміздің жастарға айтқан ақылына да құлақ түрген абзал. Бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесетін кез жетті.
Президентіміздің өз мақаласында қазақтың көкейінде жүрген өзге де мәселелерді қамтығаны өте орынды. Мемлекет басшысы келешекте көрші мемлекеттермен арадағы татулыққа іріткі салуға жол бермес үшін атқарылар игі істерге жол сілтеп, яғни “біздің ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін” баса айтты емес пе? Тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпақтың қолына аманаттау мынадай мың құбылған, алмағайып заманда оңай емес. Сондықтан да Президентіміздің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген сөзі мәңгілік ұранымызға айналуы керек.

Әдия АХМЕТОВА,
ардагер ұстаз.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp