«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерліктері мәңгі есімізде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық полиция департаментінің барлық бөлімдері үшін алғаш рет «Ерліктері мәңгі есімізде» тақырыбында бірыңғай ерлік сабағы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара ауған соғысына және тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік әрекеттерге қатысқан ішкі істер органдары ардагерлеріне арналды. Облыстық полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев интернационалист жауынгерлерді құттықтап, естелік медальдар табыс етті.

– Олардың ерліктері – жастарға үлгі, – деді облыстың бас полицейі. – Ауған соғысына қатысып келген соң облыстың ішкі істер органдарында қызмет еткен жиырма тоғыз сарбаздың екеуі «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Оның біреуі – Юрий Балашов қаңтар айында өмірден өтті. Полиция подполковнигі Михаил Баранов та дүние салды. Олардың ерлігі – мәңгі есімізде.
Облыстық полиция департаментінің музейінде жас қызметкерлердің қатысуымен өткен кездесуде ардагерлер естеліктерімен бөлісті. Отты күндер, қаза тапқан жолдастарының жарқын бейнелері олардың мәңгі естерінде. Меймандардың арасында ержүрек ұл тәрбиелеген Вера Азегова да болды. Оның бір ұлы ауған соғысына қатысса, екіншісі Чернобыльде болған, екеуі де елге аман-есен оралған. Ауған соғысына қатысқан үлкен ұлы Александр бүгінгі таңда «Саланг» патриоттық клубын басқарады.
Полиция департаменті мәдени орталығының әсерлі әндері іс-шараға ерекше рең берді. Белгілі сазгер Юрий Зайберт ардагерлерге ерекше сыйлық жасады. Ол есімі қала көшелерінің біріне берілген ауған соғысы батырларының бірі Валерий Ухабовқа арналған Владимир Шестериковтың «Вызываю огонь на себя» өлеңіне жазылған әнін орындады.
Жуырда жауынгер-интернационалистердің қатысуымен осындай кездесу Петропавл қалалық полиция басқармасында да өтті. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов барлық жеке құрамның атынан ардагерлерді құттықтап, олардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы мінсіз қызметі – жас құрам үшін нағыз үлгі екенін атап көрсетті.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp