«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚ БАСЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев Әдеп жөніндегі кеңестің өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады.

Былтыр кеңес мүшелері қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп, 21 мемлекеттік органға тексеру жүргізген. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, түзету шаралары белгіленген. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Оларды елемеу, салғырт қарау мемлекеттік қызметшілер арасында қалыпты жағдайға айналып бара жатқан секілді.
– Мемлекеттік органдардың басшылары тарапынан істелген жұмыстың немесе қызметтің сапалы атқарылғанын тексерместен актіге қол қоя салатын, мердігерлерге аударылатын қаражаттың дұрыс-бұрыстығына көңіл аудармайтын жайттар аз емес. Бұл – мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін қылық. Әдеп кодексі нормаларының бұлайша бұрмалануына төзбеуіміз қажет. Мекеме жетекшілерінің мемлекеттік сатып алуда жіберетін олқылықтары бюджеттен бөлінетін қаржы уақытында игерілмей қалуы мүмкін деген үрейден туып отыр дегендері еш иландырмайды. Толық бітпеген жұмысты немесе қызметті қабылдау жауапкершіліктен құтқармайды. Оның салдары ауыр зардаптарға соқтыратынын түсінетін мезгіл жетті, –дейді Жанат Жеңісұлы.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс істелетін шараларға тартылмауы да Әдеп жөніндегі кеңес тарапынан ұдайы бақыланады. Рұқсатты бақылау және басқару жүйесін сараптау мониторингі мемлекеттік қызметшілерді басы артық жұмыстарға жегу фактілерінің азайғанын айғақтайды. Облыс, қала әкімдігі, 13 басқарма, 11 аудан әкімдігі икемді жұмыс кестесіне көшкен.
Сәлима БАЗАРБЕКОВА,
мемлекеттік қызмет істері департаментінің
баспасөз хатшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp