«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕЛСІЗДІК — ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осыған орай облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті өңір қаламгерлері арасында әдебиеттің проза және поэзия жанрлары бойынша байқау жариялайды.

Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген атажұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін Тәуелсіздік күнінің алатын орны ерекше екені даусыз. Отыз жыл соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Қазақ деген халықтың өресі биік, өрісі кең екенін әлем жұрты білді. Байқаудың негізгі мақсаты да осыны – тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, құндылықтарын насихаттауды дәттейді. Байқауға тәуелсіздік алған кезден бергі жылдарда дүниеге келген, 30 жасқа дейінгі шығармашыл жастар қатысады. Қолына қалам ұстаған талантты жастар тәуелсіздікке деген жүрекжарды лебізін поэзия мен проза арқылы білдіре алады.

“Soltüstık Qazaqstan” облыстық газеті редакциясының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіздік – қастерлі құндылық” байқауының ЕРЕЖЕСІ
1. Байқауды ұйымдастырушы “Soltüstık Qazaqstan” газеті (бұдан әрі – ұйымдастырушы).
1.1.Орналасқан мекенжайы: Петропавл қаласы, Кәрім Сүтішев көшесі, 7-үй.
1.2. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқауға 14 жастан отыз жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады.
1.3. Әр қатысушы өлеңдері мен әңгімелерінде, эсселерінде отыз жыл ішінде елімізде жүзеге асқан нақты жобалар жемісі, осы жылдар ішіндегі өзгерістердің аймаққа, ауылға, ұжымға, жеке тұлғаға тигізген әсерін ашып көрсетеді. Бар сәулелі ғұмырын егемендік жолына арнаған Алаш арыстары, Тәуелсіздікті баянды ету бағытында қызмет атқарып жүрген қайраткерлердің өмір жолдары шығармаларының арқауына айналуы тиіс.
1.4. Жұмыстар 2021 жылғы 1 наурыздан қыркүйектің 15-іне дейін қабылданады.
1.5. Байқауға ұсынылған материалдар параметрі: 14 шрифтімен, 1,5 кегльмен жазылып, алты беттен аспауы тиіс.
1.6. 1.6. Шығармаларды “kyzylzhar_akparat@mail.ru ” электронды поштасына “Байқауға” деген белгімен жіберу керек. Хатта автордың аты-жөні, туған жылы, кәсібі және байланыс нөмірлері көрсетілуі тиіс.
Қатысушы мен ұйымдастырушының құқықтары мен міндеттері:
2.1. Қатысушы байқауға ұсынылған материалдың авторы өзі екендігіне, ешкімнің авторлық құқығын бұзбайтындығына және жіберіліп отырған материал мен суреттердің бұған дейін басқа БАҚ беттерінде жарияланбағандығына кепілдік береді.
2.2. Ұйымдастырушы байқауға ұсынылған материалдарды төмендегі жағдайда жарияламауға құқылы:
– мақала аталған тақырыпқа сай болмаған жағдайда;
– автордың толық аты-жөн деректері нақты берілмей лақап атпен берілген жағдайда.
Байқау қорытындысы:
3.1. Байқау жеңімпазын қазылар алқасы анықтайды.
3.2. Байқау жеңімпаздары ақшалай және заттай жүлдеге ие болады:
1-ші орын – біреу;
2-ші орын – екеу;
3-ші орын – үшеу.
Ынталандыру сыйлықтары – бесеу.
Ұйымдастыру комитеті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp