«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«Халықтық» атағы берілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстағы өнер ұжымының тоғызы жақында «халықтық» атағын алса, тағы 5 балалар ұжымы «үлгілі» атанды. Олардың біреуі – қалалық, қалғаны ауылдық көркемөнерпаздар ұжымдары.

«Халықтық» атағын алу үшін әртістердің жасы 18-ден асуы керек және басқа да бірнеше талабы бар. Ең біріншісі – ұжымның құрылғанына 5 жылдан кем болмауы керек. Осы аралықта олар үздіксіз өнер көрсетуі тиіс. Жоғары орындаушылық шеберлігі, ауқымды репертуары, әдемі костюмдері болуы керек. Материалдық-техникалық базасы ескеріледі. Атақты аларда олар 9 концерттік нөмір ұсынады. Құрамында Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы бар комиссия ұжымдардың өнерін сарапқа салады», – дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының бөлім жетекшісі Татьяна Зацаринина.
Бұл атаққа өтініш бергендердің бірі – Тимирязев ауданындағы Меркель отбасылық триосы. Ұжымның көркемдік жетекшісі Андрей Меркель Тимирязев аудандық Мәдениет үйін басқарады. Отбасылық триоға Андрейден басқа оның әкесі және анасы кіреді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған өнер ұжымы жақында «халықтық» атағын алды.
«Әкем Андрей 1972 жылы Тимирязев ауданына қоныс аударды. Осы жерде анаммен кездесіп, отбасын құрды. Олардың екеуі де өнерге жақын. Әкем музыка жазады, анам өлең шығарады. Мен олардың туындысын музыкалық жағынан өңдеймін. Әкем сондай-ақ, пернелі музыкалық аспаптарда, гитарада ойнайды. Мен есімді білгеннен фортепьяноны меңгердім. Аздап гитара мен баянда ойнаймын. Біз тек қана өзіміздің авторлық әндерімізді орындаймыз», – дейді Андрей Меркель. Ансамбльдің әндері негізінен Отан, махаббат, отбасы, туған жерге сүйіспеншілік туралы.
Меркель отбасылық триосынан басқа «халықтық» атағын алған көркемөнерпаздар ұжымдарының ішінде Айыртау ауданындағы «Саумалкөл толқындары» қазақ фольклорлық ансамблі, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Томирис» хореографиялық ұжымы мен «Рузаевские ложкари» ансамблі, Жамбыл ауданындағы «Достарым» ерлер вокалдық триосы, Қызылжар ауданындағы «Новоникольское» халық әндері хоры, Мамлют ауданындағы «Ивушки» вокалдық тобы, «Сударушка» фольклорлық қасықшылар ансамблі, «Зиябек» вокалдық отбасылық дуэті бар.
Ал «үлгілі» атағын Петропавлдағы №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің «Бұлақтар» би ансамблі, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Арфей» би ұжымы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Ханшайым» би ұжымы, Уәлиханов ауданындағы «Жұлдыздар» би ұжымы және «Қарлығаштар» би ансамблі алды.
Облысымызда ұзын саны 200-ден астам көркемөнерпаздар ұжымы болса, соның 88-інің «халықтық» және «үлгілі» деген атағы бар. Ұжымдардың 27-сі қалада болса, қалғаны ауылдық жерде.
Ақерке Дәуренбекқызы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp