Тарих жылнамасынан өзінің қаралы жылдарымен орын алған зұлматтардың бірі – ауған соғысы. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, он жылға жуық соғыс жүргізді. Интернационалдық міндетін орындап, бөтен ел мүддесін қорғаған әскерилер құрамында 22269 қазақстандық жауынгер болды. Солардың бір жарым мыңы солтүстікқазақстандықтар еді. Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ардагермен онлайн кездесу өтті.
Сұрапыл соғыс жылдары Отан алдындағы борышын адал атқарған азаматтардың бірі – “Ауғанстан ардагерлері кеңесі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, интернационалист-жауынгер Құсман Бегалинов. Жиында Құсман Әбуұлы қан майданда қарсылас оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салғанын, соғыста кешкен қасіретке толы күндерді күрсініспен еске алды. Қаншама уақыт өтсе де, жүректегі жара жазылмас-ау, сірә?! Ол 1980 жылы Ауғанстанға кеңесші ретінде жіберіліп, Пәкістанмен шекаралас Нангархар провинциясында болған екен. Сол кезде жақын маңдағы Пешавар қаласында диверсия жүргізу мақсатында даярланған бандиттер мен дұшмандардың санын, орналасқан жерін, қозғалыс бағытын анықтап, кейін көздерін жою бойынша шаралар қабылдау міндетін атқарған.
– Ауғанстанда болғанда мен біраз сарбазбен кездесіп, сөйлестім. Әңгімелесу барысында бірі де қиындыққа шаршадым деп айтпады. Мен майдандас достарының қазасын көріп, ішқұса болып жүрген жігіттердің жауынгерлік рухын нығайтуға тырыстым, – деді ол.
Көзі тірі интернационалист-жауынгерлерге қолдау көрсету мақсатында өңірімізде “Ауғанстан ардагерлері кеңесі” қоғамдық бірлестігі құрылған. Бұл кеңес ардагерлерге санаторлық-курорттық жолдама әперу, протездеу және тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар майданда шейіт болған сарбаздардың құрметіне ескерткіштер орнатуға атсалысу да – осы ұжымның міндеті. Құсман Әбуұлы Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында ескерткіш орнату мәселесі қаншама жылдан бері шешілмей жатқанына қынжылыс білдірді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.