Кеше Петропавлдағы әлеуметтік желілердің қолданушылары интернационалист-жауынгерлердің ескерткішіне қойылған гүл шоқтарын біреу шашып кеткен деп шулатқан болатын.
Кейбір белсенділер тіпті бұдан саяси астар іздеп, бұл қаскөйлердің қасақана әрекеті, Ауғанстан соғысына қатысушылардың рухын аяққа басу деген сияқты пікірлерін білдіріп жатты.
Петропавл қалалық полициясы жедел әрекет жасап, гүлдердің шашылуы мен жоғалуын тексерген. Сөйтсе, желмен шашылған гүлдерді сол жерді сыпырып, тазалап жүрген коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жинап алып, қоқысқа тастаған екен. Ескерткіш алаңының маңындағы камераның бейнежазбасында олардың жинаған гүлдер мен гүл шоқтарын қоқыс жәшіктеріне апарып тастағаны анық көрінген. Петропавл қаласы Полиция басқармасының басшылығы «Коммунхоз» ЖШС өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізу барысында, бұдан былай қала тұрғындарының көңілдеріне қаяу түсіретін іс-әрекет жасамай, ескерткішке қойылған гүл шоқтары мен гүлдерді қоқысқа лақтыруға жол бермеу туралы ескертті.
https://egemen.kz