Ауданда білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. 4 нысаналы индикаторды, 25 көрсеткіш пен 31 іс-шараны орындау барысында толыққанды оқу үдерісінің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балалардың дағдыларын дамыту индикаторлары жүйесіне білім берудің тиімді нұсқалары таңдап алынып, қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттай білуде бірінші кезекте қалыптасқан тәжірибелерге арқа сүйейміз.
Орта білім беру ұйымдарында 700-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың арасында шебердің, зерттеушінің, педагог сарапшының және педагог-модераторлардың біліктілік деңгейі – 44,6 пайыз. 2025 жылға таман бұл көрсеткішті 83,8 пайызға жеткізу белгіленген. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жүз пайызды құрады. Қазір 2 жастан бастап тәрбиелеу тәсіліне көшу жолдарын қарастырып жатырмыз. 616 бала баратын 24 шағын орталықта шығармашылық әлеуетке, спортқа басымдық беріледі. “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту” мамандығы бойынша білімі бар педагогтардың үлесі – 93,8 пайыз.
Мемлекет тарапынан шалғайдағы мектептерге жасалып жатқан қамқорлық қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартумен қатар оқушылардың сауаттылығын арттыруға да оң әсерін тигізері сөзсіз. Өткен жылы қосымша білім берумен қамтылған оқушылардың үлесі 81 пайызға жетті. Бұл қатарға нәтижелілігі төмен білім беру ұйымдарын, білім алушылардың әлеуметтік осал санаттарын қосу бағдарламасы әзірленіп, нақты іс-шаралар топтамасы түзілген.
Биылғы оқу жылында ұшқын ой алаңы, оқушылардың дебаттық қозғалысы, балалар және театр, қоғамға қызмет, әлеуметтік волонтерлік акциясы, “Ашық жүрек” сияқты жобалардың кеңінен қанат жаюы балалардың ынта-жігеріне ерекше серпін берді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында 13 арнайы жоба жүзеге асырылды. Оларға 3 мыңнан астам оқушы мен педагог тартылып, 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар оқушыларымыз облыстық, республикалық конкурстарға белсене қатысып, отызға жуық жүлдемен оралды.
“Жетім көрсең жебей жүр” деп бабаларымыз текке айтпаған. 8 бала балалар үйінде тәрбиеленсе, 28 бала қамқоршылыққа алынған. 27 балаға жәрдемақы төленеді. Соңғы кездері инклюзивті білім беру үлесі біршама артқаны байқалады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны – 191. Оның ішінде орта біліммен қамтылғаны – 165, үйде оқытылатыны – 22, 54 мүмкіндігі шектеулі баланың 10-ы үйлерінде оқиды. 24 мектепте пандус орнатылған. Петровка орта мектебінің базасында инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Онда 22 мүмкіндігі шектеулі балаға барлық жағдай жасалған.
Оқушылардың оқу жетістіктеріне функционалдық сауаттылықты жетілдіруге арналған семинар-тренингтердің, TIMSS, PISA мониторингтік зерттеулерінің, тестілердің, шеберлік сағатарының пайдасы мол. 4, 9, 11-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалау жүргізілді. Білім беру мониторингінің қорытындысы көрсеткендей, қуантарлық нәтижелер аз емес. Оқытудың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету бойынша мектепалды жастағы балалардың дайындық деңгейінің көрсеткішін көтеру көзделген.
Білім алушыларды интеллектуалдық, рухани-адамгершілік, физикалық жағынан шыңдайтын “Жас қыран”, “Жас ұлан” қозғалысына қатысушылардың саны жыл санап өсіп келеді. Мектептен тыс ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде спорт секцияларымен қамтылған білім алушылардың үлесін көбейту – алғы мақсатымыз.
Жасыратыны жоқ, аудан мұғалімдері арасында жас педагогтардың үлесі әлі де төмен. Оның бір себебі, жоғары оқу орнын бітірген дипломды мамандар қалаларда, ірі елді мекендерде жұмыс істегенді тәуір көреді. Көбі ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымның төмендігін алға тартады. Үш жылдың ішінде жас мамандар санының төмендеп кеткені байқалады. 2017 жылы 89 болса, былтыр 69 ғана. Бірінші, жоғары санатты педагог-зерттеуші, сарапшы-педагогтардың саны – 339. Бұл көрсеткіш те бізді қанағаттандыра қоймайды. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсетін боламыз.
Гүлмира ДАУЫТБАЕВА,
оқу бөлімінің басшысы.
Есіл ауданы.