Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан консультативтік-кеңесші орган құрылып, жұмыс істей бастады.
Былтыр Президент Жарлығымен “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданып, ұстаздар қауымының құқықтары, әлеуметтік кепілдіктері, міндеттемелері мен жауапкершілгі нақты айқындалғаны белгілі. Онда педагогикалық әдеп кеңесі деген ұғым пайда болып, педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылуын қарап, нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар енгізу, сондай-ақ, заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды іскер асыру үшін білім беру ұйымдарында алқалы орган құру белгіленді. Мұның өзі мұғалімдердің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер береді. Артық жұмысқа, өзінің қызметіне кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексеруге тыйым салу арқылы жүктемені азайтатын жеке нормалармен бірге талаптарды күшейту жайы да қарастырылған. Әсіресе, әдеп мәселелеріне жете көңіл аударылып, әр мектепте әдеп бойынша кеңестер институты іске кірісті. Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибеден өткен қанатқақты жоба оң нәтижесін бергеннен кейін өңірлерде консультативтік-кеңесші органдар құруға шешім қабылданып отыр.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанында жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органға 11 адам мүше. Олардың қатарында облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, педагогика саласының ардагерлері, кәсіподақ ұйымының мүшелері бар. Бұл орган негізінен ұстаздардың педагогикалық әдеп нормаларын сақтауын қадағалаумен айналысады. Сондай-ақ, ұстаздар қауымының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғатын кәсіби қызметіне араласудан қорғау жайы да назардан тыс қалмайды.
Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берумен айналысатын педагогтар кез келген қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Мәселен, ұжым басшылығымен немесе ата-аналармен түсінбеушіліктер орын алды делік. Міне, осындай кезде әдеп кеңесіне жүгінуге құқылы. Педагогқа болмаса басқа тұлғаларға қатысты қызметтік талқылаулар, тәртіптік тергеп-тексерулер де, қабылданған шешімдер де жариялы түрде жүргізіліп, нақты жауаптылық шарасы бірлесе отырып қабылданады. Бұл орайда, барлық ұсынымдар жан-жақты ескеріледі.
Қарауға, талқылануға ұсынылған кез келген мәселе заңда және педагогикалық әдеп қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Марина БАНАРИНА,
білім саласында сапаны қамтамасыз ету
департаментінің бөлім жетекшісі.