Ұстаздар қауымына негізсіз артықшылықтар беріліп жатыр деген сөздер қоғамда жиі айтылмаса да, оқта-текте естіп қалатынымыз бар.
Осындай себепсіз кінәлаулардан кейін “Педагог мәртебесі туралы” заңды тағы бір мәрте парақтап шығуға тура келді. 19 баптан тұратын заңның бірінші бабы: “Педагог – тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және (немесе) кәсіптік білімі бар, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және (немесе) тәрбиелеу, оның ішінде қосымша білім беруді ұйымдастыру және (немесе) білім беру қызметін ұйымдастыру және (немесе) әдістемелік қамтамасыз ету бойынша кәсіби қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ кәсіптік стандартта көрсетілген біліктілік талаптарына сай келетін адам”, – деген жауапкершілігі өте жоғары сөздермен басталады. Демек, педагог мәртебесін иеленген адамдарға ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыру, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологиялар енгізу, білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын, әдістемелік материалдарды және білім беру қызметінің өзге де құрауыштарын, сондай-ақ оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысу секілді сан-салалы біліктілік шарттары қойылады. Ал педагогтың еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық жалақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар, ынталандырушы сипаттағы басқа да төлемдер заңнамаларда белгіленген тәртіппен айқындалатынын бәзбіреулер білмеуі мүмкін. Қоғам алдында үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған педагог мамандығының қиындығын бастан өткермей оның меһнатын сезіну мүмкін емес дегім келеді.
Иә, ұстаздар қауымының жалақысы 50 пайызға ұлғайғаны рас. “Еңбегіне қарай өнбегі” деп халқымыз бекер айтпаған. Бұл шаралардың бәрі ұстаздар қауымының күрт түсіп кеткен абыройы мен беделін орнықтырып, сын көтермейтін әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Мен ширек ғасырға жуық балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп келемін. 2015 жылы республикалық үздік педагог сайысының жеңімпазы болдым. Екі жыл бұрын педагог-шебер санатын иелендім. Еңбек өтілі жоқ жас мамандарға тәлімгерлік еттім. Жоғары біліктілік дәрежесіне жету үшін ұзақ еңбектендім, көп жылымды сарп еттім. Үздіксіз үйренуге, мол тәжірибе жинақтауға тура келді. Сондықтан еңбегіме лайықты ақы төленгенін қалайтыным рас.
Жаңа заң ұстаздарды үлкен күш-жігермен еңбек етуге ынталандырып отыр. Өңірдегі 16 мыңнан астам педагогтың қай-қайсысы болсын егемен еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп шығаруды басты мақсат етеді. Дәптер тексергендері және сыныпқа жетекшілік еткені үшін үстемеақының төленетіні де әбден қисынды. Үздік көрсеткіші бар жас ұстаздардың санаты мерзімінен бұрын жоғарылатылады. Бұрын мектеп әкімшілігі тарапынан жүктелетін қосалқы тапсырмалардан босатылып, күнтізбелік жоспар мен электронды журналды ғана уақтылы толтырып отыруға міндетті.
Меніңше, заңда қарастырылған жеңілдіктерге ұстаздар қауымы әбден лайық. Мемлекеттік қолдауларды артықшылық ретінде түсінетін жандарға айтарым осы!
Зухра АУҒАНБАЕВА,
жалпы білім беретін мектеп-лицейдің мұғалімі.