Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлік десек, шағын және орта бизнес субьектілерінің дамуын озық инновацияларсыз көзге елестетудің өзі қиын. Заман ағымына орай үнемі жаңарып отыруды қажет ететін саланың бәсекелестік қабілеттілігі біліммен тығыз сабақтас екенін жұртшылықтың ескере бермейтіні өкінішті. Бизнес – өзіндік қиындығы мен ерекшелігі мол процесс болғандықтан, оның әліппесін меңгерудің маңызы айтпаса да түсінікті. Күрделілігі сонда, білім мен тәжірибенің жетіспеушілігінен мемлекет, қаражат және адами капиталға негізделгеннің өзінде кәсібін нәсіпке айналдыра алмай, оның ақыры банкротқа ұшырап жататын сәттер аз кездеспейді. Мұның бір ұшы білікті кадрлар даярлау ісінің кенжелеп қалғанына келіп тіреледі. Жасыратыны жоқ, жергілікті жерлерде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын талантты жастардың белсенді қызметін өз дәрежесінде қамтамасыз ете алмай келеміз.
Проблемалардың ең үлкені түлектердің бизнеске араласақанда төмен дайындық деңгейінің, кейбірінің мүлдем қабілетсіздігінің білініп қалатыны ойландырмай қоймайды. Студенттерге есеп пәндерін оқыту жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Ол, біріншіден, бухгалтерлік есеп ғылымының әзірлемелеріне қатысты болса, екіншіден, оқу процесінде ғылыми-зерттеулер назарға алына бермейді. Үшіншіден, бизнес тапсырыстарды орындауға уақыт аз бөлінеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орындар тапшы. Жоғары экономика мектебі мамандарының пікірінше, толыққанды білім беру талаптарын кешенді ұйымдастыру жайы да ақсап тұр. Сондықтан білім берудегі инновацияның бастауы ретінде оқытудың, оның принциптерін жетілдірудің, толықтырудың, бүгінгі заман ағымымен, алға қойған мақсаттармен үйлестірудің мәні айрықша.
Студенттерді мамандығын жете білуге баулу, ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана білуге үйрету, ақпараттық және технологиялық дағдыларды ұйымдастырудың тиімді тәсілдеріне көшу – келелі міндеттердің бірі. Болашақ мамандар жұмысының оқу-зерттеу процесін ұйымдастыру, ақпараттық технологиялар деңгейін бақылау, қызмет нәтижелерін есепке алу және бағалау, кейін кәсіби қызметінде қолдануға ықпал ету, ақпараттық-техникалық қызметі мен оның жеке тәжірибесі арасындағы байланысты салыстыру, алған білімді тәжірибеде жарата білу бірден-бір дұрыс шешім қабылдаудың жолы саналары анық.
Жаһандану үдерісі жаңа пәндердің пайда болуына ықпал етіп, ғылыми-зерттеу бағыттарын түбегейлі өзгертті. Бүгінгі таңда қолданыстағы пәндер бойынша әдістемелік нұсқаулар әзірлеу, курстық және дипломдық жұмыстар, ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар өткізу үшін тақырыптар таңдау сипаты да басқаша. Күнделікті болып жатқан инновациялық құбылыстар мен негізгі білім беру жаңалықтарын, білім беру процесінің тиімділігін арттыруға арналған ұсыныстар мен жаңашылдықтарды ескермей және болмайды. Осындай өзекті де өткір мәселелерді шешу қоғам қойған талаптармен қоса білім берудегі озық технологиялар үрдісі ретінде түсіндірілуі тиіс.
Жоғары бәсекелі еңбек нарығында ілім-білімге деген қызығушылық ерен. Тіпті тұрақты жұмысқа орналасудың басты кілті дер едім. Дей тұрсақ та, еуропалық әдістерге еліктеуден әлі арылып болған жоқпыз. Бұл жайт кадрлар даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындарында жиі кездеседі. Білім берудің стандартты емес түрлерін жетілдірудің орнына, Президентіміз өткір сынға алғандай, оларда әйтеуір диплом берсек деген пиғыл басым. Сондықтан инновацияға сүйенетін оқу орындарының артықшылығын колледждерге де тәжірибе ретінде енгізу артықтық етпейді. Электронды оқулықтар, ғылыми интернет-ресурстар, әртүрлі интерактивті және іскер ойындар, тренингтер, дербес компьютерлермен жабдықталған зертханалар, механикалық зертханалық кешендер, механикалық кеңес беру жүйелері – кәсіби мамандар даярлаудың берік алғышарты.
Колледждерде білім берудің теориясы мен әдістемесіне түбегейлі өзгерістер енгізу – алдағы күннің еншісі. Бірақ шетел ғалымдары инновацияны инновация үшін ғана жасауға болмайтынын ескертеді. Шынында да, кез келген озық жобаларды жүзеге асыру барысында артық-кемін бағамдап, ой елегінен өткізу инновациялық технологияларды зерттеудің қарымдылығын арттыра түсері анық. Инновациялық даму жолына көшу адами капиталға ауқымды қаражат құюды көздейді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің болашақ өмірі адамдардың алған біліміне, сондай-ақ, олардың өзін-өзі жетілдіруге деген талпынысына көп байланысты. Қатал жаһандық бәсекелестік жағдайында ұлттық білім жүйесі басты өмірлік құндылық болып қала береді. Білім ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі арқауына айналғанда әлеуеті толық ашылады. Сонда ғана ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын талантты жастардың белсенді тобы пайда болады. Білікті маман ғана инновациялық технологияларды талапқа сай орнықтырып, елімізді өркениет көшіне ілестіре алады.
Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА,
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.